Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета, г.Костанай, ул.Тәуелсіздік 83, Офис 623, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Ет экспорты ұлғайды

Бүгінгі таңда Қостанай облысында мал бордақылайтын алаңдардың жалпы саны қырықтан асады. Жыл басынан бері Тобыл өңіріндегі мал сою және бордақылау алаңдарынан барлығы 356 тонна ет экспортталды.

Бордақылау алаңдарының ең ірісі Қарабалық ауданында орналасқан. Мұндағы «Терра» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде тоғыз мыңдай қара мал өсіріледі. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті екі есе арттыру көзделген.

Серіктестік бордақылауға салмағы 200 келіден кем тартпайтын бұқаларды қабылдайды. Құнарлы азықпен қоректендіріп, бұқалардың салмағын жарты тоннаға жеткізеді. Мұндағы мал тұқымдарының басым бөлігі – етті абердин-ангустар. Олармен бірге жеке және фермерлік шаруашылықтардың қара малы да семіртіліп жатыр.

– Малды Қостанай, Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан облыстарынан қабылдаймыз. Батысқазақстандықтар да белсенді, сол жақтан көптеп жеткізіледі. Қарағанды және Павлодар облысының шаруаларымен де тығыз байланыс орнаттық. Қазір экспортқа жол қайта ашық. Ресей малды тірідей сатып алады. Өзбекстанмен де келісім-шарт жасастық.
Алдағы уақытта Қытайға шықсақ деген ойымыз бар, – дейді «Терра» ЖШС директоры Арман Есмұрзин.

​Оның айтуынша, бордақылау алаңында жыл сайын 30 мыңдай ірі қара бағылады екен. Өнімнің 70 пайызы ішкі нарықты қамтамасыз етсе, қалғаны экспортқа жөнелтіледі. Жақын арада мұнда модульді мал сою бекеті ашылмақ. Жоба жүзеге асырылса, ауыл фермерлері малды қалаға тасымалдамайтын болады.