“Салауатты өмір салтын қалыптастыру” жолында тынымсыз еңбек етіп жүрген спорт ардагері Мәлік Баймағанбетов 70 жасқа толды. Ол өзінің саналы ғұмырын пауэрлифтинг спортының дамуына арнады.
Көптеген шәкірттер тәрбиелеп, облыс, Республика жұртшылығына танытты. Греция мен Рим өркениеттерінің күш жаттығуларын дәріптеп жүрген қарт спортшы. 1968 — 1970 жылдары Харьков қаласында әскер қатарында жүріп, штангадан полк чемпионы атанған. Бүгінгі таңға дейін 2 спорт шеберлігіне үміткер, 20-ға жуық түрлі разрядты спортшыны дайындап шығарды. Ардагер спортшының үмітін ақтап, шәкірттері бедел биігіне шықты. Елдің де ұстаздың да мәртебесін көтерді. Мәселен, шәкірті Мұрагер Сейілханов “Туран академиясының” магистратурасын тәмамдаған. Қазіргі таңда Қостанай қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде дене шынықтыру пәнінен дәріс береді. Нұрлытаң Таңат ауыр атлетика мамандығы бойынша Арқалық педагогикалық колледжінің студенті. Қалай мақтасақта Мәлік Тоққожаұлы құрметке лайықты. Ауданымыздағы спорт саласының дамуына зор үлесін қосып жүрген спорт ардагері. Күні кеше дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Еренбол Алматов, спорт ардагері Ербатыр Рахатов, балалар – жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Қызылбай Әділбеков Көкалат ауылына барып, аудан әкімінің құттықтауын жеткізіп, “Алғыс хат” тапсырды. Иығына шапан жауып, аудан әкімдігінің атынан тілектестіктерін білдірді. Лайықты құрметке бөленген спорт ардагері елағаларына алғысын айтып, иігілікті істеріне табыс тіледі.
Байбатыр АХМЕТБЕК, Жангелдин ауданы