Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Көнеден қалған қолөнер

11 января 2021 12:12 • 1 101 просмотров

Тоқсаныншы жылдардың бас кезінде елге ең алғаш ат тізгінін бұрған – моңғолиялық қандастар. Сол алғашқы келген лекпен ағаштан түйін түйген шебер Туысхан Қабдидың отбасы көшіп келген еді. Содан бері отыз жылға жуық уақыт өтіпті. Туысхан Қабдиұлының еңбегін Қарабатыр елі ұмыта қойған жоқ. Оның айғағы – ол кісі жасаған мүсіндер әлі күнге ауылдың сәнін келтіріп тұр.

Шебердің қолынан шыққан дүниелермен еліміз ғана емес, алыс-жақын шетелдер де таныс.  Ал ол кісінің зайыбы Дінислам Ахметқызы да тоқсан түрлі оюдың нағыз шебері. Сырмақ басу, тұскиіз, басқұр іліп, алаша тоқу, безендіріп кесте салу секілді қазіргі кезде мүлдем ұмыт болған ұлттық өнерімізді жалғастырды. Бүгінде Туысқан ағаның өзі өмірден озғанымен, оның ісін балалары лайықты жалғастырып келеді.

«Әке көрген оқ жонар» демекші, Туысхан ағаның ісмерлігі ұлы Байкалға дарыпты. Қазір ол отбасымен Қарабалық ауданы, Научный ауылында тұрып жатыр.«Бала кезімнен әкемнің қасында жүріп, қазақы өнерімізді үйрене бастадым. Біздің аталарымыздың арасында да ағаштан түйін түйген нағыз шеберлері болған. Демек, бұл өнер менің әкеме, одан тікелей маған дарыған десек те болады. Әрине, бөтен елде жүрсек те, бояуы ескірмеген осы құндылығымызды Атамекенге әкелеміз деген ой болмапты. Сонау тоқсаныншы жылдардың басында алғашқыда сол кездегі Талдықорған облысына, кейін Қостанай жеріне келіп орналастық. Сегіз жыл Қарабатыр ауылында тұрып, кейін әке-шешемнің денсаулықтарына байланысты қала маңына көшіп келдік. Әкем дүниеден озғанға дейін ол кісінің басы-қасында жүрдім. Ал 2003 жылдан бері осы кәсіппен өзім айналысып келемін», — дейді шебер.

Байкал осы өнерді ала жүріп, марапаттан да құр қол қалмапты. 2008 жылы Түркістан қаласында өткен оралмандардың халықаралық фестиваліне облыс атынан қатысып, үшінші орынды иеленіп қайтқан. Сондағы апарған киіз үйдің шағын макетіне қызыққандар өте көп болыпты. Тіпті, оны сол жерде қалаған бағасына сат дегендер де табыла кеткен. Алайда осындай дүбірлі додада жүлде алып берген әлгі өнер туындысын ырымдап, үйіне қайтадан алып келген.

Өнер иесі  заманға сай жұмсақ жиһаздар мен тұрмысқа қажет бұйымдарды да жасайды. Бүгінде ол ұлы Алтынбекті де атадан жалғасқан жолға баулып келеді. Ол ағашты сүргілеу-бұрғылау, шабу-қағу жұмыстарына бейім. Байкалдың өзі тапсырыспен бесік, домбыра, ағаш табақ істейді. Ол осыдан бес-алты жыл бұрын Қазақстанның ауыл шаруашылығын қолдау қорынан 400 мың теңге несие алды. Ондағы ойы жеке кәсібін кеңейте түсу еді. Шебердің арнайы жұмыс орны жоқ. Үйінің бір бөлмесін жеке шеберхана қылған. Бар жұмысы сонда. 

«Айтпақшы, қазір астауға сұраныс көп. Жергілікті тұрғындардан тапсырыстар көп түседі. Алайда, астауға лайық ағаш жоқтың қасы. Осыдан екі жыл бұрын қазақы ер жасадым. «Іздегенге – сұраған» дегендей, осындағы бір ингуш ағайын келіп, «елімізден сыйлы қонақ келеді, соған ат мінгізіп жіберейік пе деген ойымыз бар, ер-тұрман жасап берсең» деді. Сөйтіп, қазақы ер Кавказ асып кетті. Бұл да қазақ өнері мен мәдениетінің шет елдерге танылып жатқандығының бір көрінісі деп білемін. Кейде, тіпті, домбыра, сандық іздеп келетін бөтен ұлт өкілдерін көресің. Ал Алтынсарин атындағы қалалық мұражайдың қажетті көрме заттарын жасадым»,-дейді Байкал Туысхан.