Алты оқитын жылым еді. Шыбынсыз жаздың бір күні, бескі шәйдің үстіне Мағзұм нағашым келді. Мақаң — орта бойлыдан жоғары, иықты, келбетті, қызыл шырайлы, үнемі күліп жүретін, маңайын әзілімен күлдіріп жүретін жігіт. Ол кезде ұзаса 35-36 жаста шығар. Бірақ, маған үлкен адам сияқты көрінетін. Өйткені, сөзі, ісі ірі еді.
Нағашымның мені қолқалай келіпті. Міржақып Дулатовтың 100 жылдық тойына ат жаратпақ екен. «Үш ат қосам, соның біреуіне шабатын бала керек. Соған осы жиенімді лайық көріп отырмын» — деді мені нұсқап. Апам шыр-шыр боп «аттан құлап өліп қалар» деп қорғаштап, әдеттегідей қарсы шықты. Көкем «қойын түгендеп, бұзауын қамап, сабағына үлгірсе…» деген шаруа қамын айтты. Мен жаным шығып қылпылдап барамын. «Жібермей қояма» деген қаупім бар. Ақыры, Мақаң әке-шешемді көндіріп, ат жаратуға баратын болдым. Ауыл баласына бәйге атына шабудан асқан арман бар ма, сол сәтте Мағзұм нағашымды жанымдай жақсы көріп кеткен едім.
Ат жаратын күн де келді-ау. Ол кезде нағашым үйі ауылдың шетінде, аэропорт жақта, бұрынғы Мәриям әжем үйінде тұратын. Албардан үш ат алып шықты. Бірінші тұрқы аса ірі емес, бірақ мінезді, басы қатты (негізгі фоворит) көк атқа Бақытбек құрдасым мінді. Таудай күреңнің тізгінін Капош нағашымның ұлы Қасымбек (бізден екі жас кіші) ұстады. Маған Тұрғанбек тәтемнің қасқасы бар қанкүреңі «бұйырды».
Біздің міндет жабуланған аттармен бірқалыпты шоқытып отыру. Тұрғанбек тәтем, Мәлік ағам, тағы да ауылдың шалдары бар қарап отырады. Тәртіп қатаң, бірінші көк ат, екінші күрең ат, үшінші қанкүрең жұбын жазбай, ретті бұзбай лекітіп отыруы керек. Осылайша тер алады. Бірнеше күн бойы бір қалыпты шоқыта беру жалықтырды ма, бір күні үшеуміз шындап жарысып кеттік. Елеріп алған үш жүйрік бір-бірінен қалыспай сілтейді. Тұсынан зу етіп өткен сайын атбегі айқайлап, боқтап, ақырады. «Тоқтаңдар» дейді. Оған қарар біз емес. Жарысып жүрміз. Мен мінген күрең қасқа тіпті тізгін тартқаныңды елейтін емес. Басын тарта берген қос атты артқа тастап, құстай самғады. Көзіңнен жас ағызып тұрып сілтейді. «Тоқтата алмайтын шығармын» деп қорықтым. Бір жақсысы, үйренген жануар айналымнан шықпайды. Ақыры аттарды болдырып барып, аяңға көшіп, кездіріп, қас қарайған шақта мойнымыз салбырап албардың қасына келдік. «Біттік, — деп ойладым, — енді Мағзұм ағам ұрсады, қанкүреңге қайтіп жолатпайтын шығар…
Бірақ нағашым қанша ашуланса да қатты сөз айтқан жоқ. «Аттарды ақсатып алсаңдар қайтесіңдер? Енді бұлай істемеңдер. Көсіле шабатын күндерің алда» деп бізді, үш шабандозды көтеріп түсіріп алып, үйіне шақырып, шөліміз қанғанша шайға берді. Бұл оның мінезіндегі кеңдік еді. Сол жолғы бәйгеде Мақаң баптаған Тұрғанбек тәтемнің қасқа аты екінші келді. Осы бір ат жаратқан аз уақыт санамда мәңгі сақталып қалыпты. (2003 жылы «Тұлпар-тағдыр» деп поэма жазғанда оның көп көмегі тиіп еді. Айтқандай, поэмадағы милиция Тоққожа — кейіпкерімнің әкесі)
Атбегілік оның бір қыры ғана. Жыл сайын Көкалатта өтетін жарыста ол қосқан қылқұйрықтың жүлдесіз қалғаны жоқ. Бертін келе бәйге де бизнеске айналды. Жыл он екі ай күтімде тұратын таза қанды ағылшын тұлпарлары, қысы-жазы үстінен ер түспейтін шаруашылықтағы қазақы жылқыны жарыстан ығыстырды. Сөйтіп, жүрегі жылқы деп соққан мыңдаған ауыл азаматтары ат баптау өнерінен алшақтай бастады. Өкінішті-ақ әрине. Мағзұм нағашым да тіршіліктің басқа қамына ауысты. 2003 жылы Нұрхан ақынның тойына «ат қоспадың» деп көкем балдызына базынасын маған өлең арқылы жаздыртып еді. Ол әзіл шумақ қазір ойымда тұрса да, көпшілік алдында жариялауды жөн көрмедім.
2007 жылы Көкалат туралы фильм түсірмек ниетпен елге бардым. Сол жолы нағашым ауыл азаматтарын ұйымдастырып, жөн-жоба сілтеп, жүгімді біраз жеңілдеткен еді. Сол фильммен республикада топ жарып, жүлделі болғаным бар. Қазір де ауылға барсақ арқадан қағып қарсы алатын орны бөлек аға. Кейде елге барсақ еркелеп кетеміз ғой. Әйтсе де, нағашым бетімді қақпай, түбі қажетіңе жарар дегендей ескілікті әңгімені көп айтады. Өңірдің арғы-бергі шежіресін жатқа білетін кұймақұлақтығы – әзірге жұрт назар аудара қоймаған бір сипаты. Сондай-ақ, ол табиғаттың шын жанашыры. Аңшы жездем Құрманбек айтады: «Мақаң аң-құсты ысырап еткенге жаны қас. Орынсыз оқ шығартпайды. Егер, үйрек, қазды атып, алмай тастап кетсең біткенің. Мейлі көк мұз қатып жатса да, кештіртіп, алдыртып шығарады» деп. Қоршаған ортаға деген мұндай жанашырлық екінің бірінің қолынан келе бермес-ау.
Жасынан ат баптап, жүйрік жүгірткен нағашым қашанда ойын-тойдың көркі. Ұлттық өнерді, айтысты, ақындарды ерекше жақсы көреді. Бір жылы наурыз тойда 32 келілік кір тасын 40 рет көтеріп, таңғалдырған еді. Ауылда ұйымдастырылған іс-шараның ортасында жүреді, білек сыбанып кірісіп кетеді. Там қоршау, бөгет, жол жөндеу сынды үлкен істердің де басы-қасында. Өмірі арақты татып алмаса да, ішкендермен таңды таңға ұрып, «қызара бөртіп» бірге жүре беретіні бар. Ал оның билегені бүгінгі тілмен айтқанда нағыз — шоу. Ауылдағы тойларда «Мағзұм билеп жатыр» дегенді естіген елдің бәрі тамашалау үшін сол жаққа ентелейді әлі күнге. «Мақаң айтқан екен» деген тапқыштығы, тілді, беттілігі өз алдына. «Біз Балбике (жұбайы) екеуміз түнде екеу боп жатып, таңертең үшеу боп тұра береміз» дейтін сонау ауылда жарық жоқ жылдары. (Бір жылы жеңгеміз түнде босанғанын меңзегені ғой) «Екеу боп жатып, үшеу боп оянатын» отбасы жеті баланы өмірге әкелді, бүгінде немере-жиен сүйіп отыр.
Еркөңілді, өжет, баламен бала, данамен дана болып сөйлесіп жүре беретін нағашым жақында алпысқа толды. Бұған апамнан бастап бәріміз айран асыр болдық. Сөйлесе сөздің майын шығаратын, билесе жердің шаңын шығаратын, қылшылдап тұрған азаматты алпыс түгілі елу жаста десе сенбес едіңіз.
Ауылға сөзін өткізе білетін нағашымның достықта беріктігі де үлгі. Замандастары Қоныс, Бүтінбай, Бөлтірік ағалармен сыйластығын сыртынан көріп сүйсінесің. Төртеуі де Көкалаттан табан аудармаған, ауылдың тірегі дерлік, нардың жүгін көтерер азаматтар. Олар барда ел іргесі сетінемейтініне сенесің. Іні боп жүре тұрғың келеді…
Бүгін нағашыммен желіде әңгімелескен едім. Құрдасы Қоныспен өзара сырымен бөлісті. Шыны керек, сол диалог маған ой салып, компьютер алдына сүйреді. Қатарының алды боп, қос қоғамға еңбек еткен құрдастар, Алланың берген бар нығметіне шүкір деп, алпыс жасты мойындап, тақия киіп, жез құманды қолға алмаққа ден қойыпты.
Ниет қабыл болсын дейміз, нағашы!
Абылай Мауданов, журналист.