Қостанай облысының мектептерінде ата-аналардың келісімімен оқушылар үшін қосымша сабақтар өткізілуі мүмкін. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар алаңында өткен брифингте Қостанай облысы әкімдігі білім басқармасының басшысы Зәуре Байменова айтты.
Басқарма басшысы айтқандай, 3-тоқсандағы оқыту форматында бірқатар өзгерістер бар. 9, 11 сынып оқушыларының аралас оқыту форматына көшуі қорытынды аттестаттау және ұлттық бірыңғай тестілеу дайындығына негізделген. Қазір бұл сыныптар ата-аналардың келісімінсіз аралас форматта жұмысқа кірісті.
«Қашықтан оқытуды 114 мектеп жүзеге асырады. Мұнда 38,5 мыңға жуық оқушы білім алады. 3-тоқсанда 6 мектептің жанындағы интернаттың жұмысы қайта жалғасады. Сондай-ақ, облыстық дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттары да білім берудің қалыпты жүйесіне көшті. Осы тоқсанда ата-аналар және педагогтардың келісімімен саны 5 балаға дейінгі топтарда қосымша сабақтар өткізілуі мүмкін. Бұдан бөлек сабақтан тыс уақытта жеке консультациялар ұйымдастырылады. Мұның бәрі осы уақытқа дейін жіберілген олқылықтардың орнын толтыру үшін жасалып отыр», — дейді Зәуре Байменова.
Облыс колледждерінің студенттері үшін де оқыту форматы өзгерді. Екінші семестрде колледждердің бірінші курс студенттері штаттық форматта оқуға көшті. Өйткені олар үшін оқытушылар корпусымен тікелей жұмыс істеу маңызды.
«Мектепке дейінгі балалар ұйымдары жұмысын кезекші топтар форматында жалғастыруда. Қаулыға сәйкес топтарда шұғылданатындар саны 15 адамнан аспайды, жұмыс режимі сағат 9:00-ден 20:00-ге дейін белгіленді. Балалар секцияларының, үйірмелердің, факультативтердің жұмысына демалыс және мереке күндері рұқсат берілмейді», — деді басқарма басшысы Зәуре Байменова.