Аязды күні аялдамаларға тоқтап, халықты тегін тасыған қостанайлық журналист алғысқа бөленді. Бұл туралы тұрғындар әлеуметтік желіде жазған.
Осы күндері Қостанай облысында ауа температурасы күндіз -35, -38 градусқа дейін төмендеп кетті. Салдарынан көшеде көліктер оталмай, автобустар жүрмей қалды. Далада бүрсең қаққан тұрғындар үйлеріне жете алмай әлек. Бірақ, кейбір көлік жүргізушілер көшеде тоңып тұрған қариялар мен қыз-келіншектерді үйлеріне тегін жеткізуде. Солардың бірі – Жұматай Кәкімжанов туралы тұрғындар әлеуметтік желілерде жарыса жазып, алғыстарын білдіруде.
«Бүгін таңғы 8-дер шамасында автобус күтіп тұрғанмын. Қоғамдық көліктер 15-20 минут кешігіп жүреді ғой. Бір кезде аялдамаға «КИА» автокөлігі тоқтап, орталыққа дейін тегін апарып тастайтынын айтты. Ұсынысын қабылдап, көлікке міндік. Менімен бірге тағы 3 келіншек отырды. Жолда Жұматайдың жергілікті газетте жұмыс істейтінін білдік. Бізді қажет жерге дейін жеткізіп тастады. Осындай ұлды тәрбиелеген ата-анасына мың алғыс», — дейді қала тұрғыны Бауыржан Абулов.
Жұматай Кәкімжанов облыстық «Қостанай таңы» газеті директорының орынбасары қызметін атқарады. Ол көлік жүргізушілерін аязды күні көшеде тұрған адамдарды тоңдырмай, қажетті жеріне жеткізіп тастауға шақырды.
«Негізі бұл аса қатты жарнамалайтын іс емес еді. Кез келген көлік мінген адам көшеде тоңып тұрған жолаушыларды көрсе, жайбарақат өтіп кете алмайды. Бүгін де осындай жағдай болды. Аялдамаға тоқтап, бірнеше адамды орталыққа дейін жеткізіп салайын деген тілек білдірдім. Көлікке мінген келіншектердің бірі келесі аялдамада қызының тоңып тұрғанын айтты. Сосын жолай оны да тоқтап ала кеткен едік. Осылайша, үш жолаушымды айтқан жеріне дейін апардым. Алайда, жұмысымнан сәл кешігіп қалдым. Жалпы суыққа шыдамағандар жол бойына шығып, қол бұлғауға мәжбүр. Сол кезде көлік жүргізушілері оларды тоңдырмай, ала кетсе деген тілек бар», — дейді Жұматай Кәкімжанов.