Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Музейдегі ескі жиһаздар

24 января 2021 12:04 • 1 142 просмотров

Арқалық қаласындағы «Дала өлкесі тарихы» облыстық мұражайында қазақтың ұлттық жиһаз түрлерінің бірнеше үлгісі сақтаулы тұр. Олардың ішіндегі ең құндысы – Амангелді батырдың қолбаласының үйіне тиесілі болған төсек ағаш пен асадал. Бұлар ХХ ғасырдың бас кезінде Қостанайдың Қарабалық өңірінен қыз жасауының бір бөлігі ретінде келген.

Аталмыш жиһаздардың мұражайға келуіне белгілі этнограф, мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібеков себепкер болған екен. Сол кезде Торғай облыстық партия комитетінің хатшысы қызметін атқарып тұрған қайраткер 1973 жылы мәдениет ошағының ашылуына тікелей ықпал етіп, музей мүліктерінің басын құрау үшін көп еңбек сіңіргені белгілі.

 Ал аталмыш асадал мен ағаш тө­сек­тің тарихы жайында кейінірек Өз­бек­­әлі ағамыз: «Бұларды музейге алғы­зу­дың өзі оңайға соққан жоқ еді. Олар Амангелді сарбаздарының аттарын бақ­қан, батырдың қолбаласының мүлкі болатын. Аупартком хатшысы Қ.Алматов арқылы сұратқанымда, оның жесірі «қараң қалғырлап» маңына жуытпапты. Жолым түсіп Торғай поселкесіне өзім келгенде, Алматов мені «жаман сөз айтып қалса, ұятқа қаласыз» деп ол әйелмен жолықтырғысы келмесе де, амалсыздан ертіп баруға мәжбүр болды. Мені машинаға қалдырып өзі үйге сүңгіп кетті. Бір екі минут өтпей-ақ, бір әйел далаға шығып маған қарады да, үндеместен қайтадан үйіне кіріп кетті. Мен де іле-шала үйіне енгенде әйел төсек ағаштың жанында көзіне жас алып тұр екен. – Сіз мені айыпқа бұйырмассыз, – деп бастады ол сөзін, осы төсекте шалым төрт жыл жатқан еді. Бұдан бес жыл бұрын дүние салды. Оның көзіндей болып қалған мүлкімді қалай қиып берейін. Әйтсе де қарағым «ел үшін» деген екенсің, ала ғой. Бірақ орнына жылтыратылған бір шкаф, бір төсек алып берсін. Мен болсам, ертеңге қалдырсақ айнып кетер деп, магазиннен сұрағанын дереу сатып алып келуді өтіндім. Оны әкелген машинаға үйдегілерді тиеп алып, рахметімді айтып, кете бердік», – деп жазады.

Шамамен ХIХ ғасырдың аяғына жататын, аты-жөні белгісіз ұстаның қолынан шыққан бұл асадал мен төсекағаш қазақ­тағы ағаш шекпесінің бұрын еш жерде кез­деспеген бірегей үлгісі болып саналады.

– Асадалдың қапсырма есігінде ою желісінен күн шұғыласына малынып, гүл шоғы шиыршық атып, көтеріліп келе жатқандай болып көрінеді. Мұ­ның мәні ұстаның шексіз қозғалыс, мәң­гілік өмірді ғана емес, әлемдегі өзара тепе-теңдік пен үйлесімнің реттелген тәртіпттегі шексіз өрнегі арқылы бей­нелегенінде. Сонымен қатар қазақ ою-өрнегінде сирек кезесетін, келер ұр­паққа бақыт пен жақсылық тілеудің көне белгісі, ежелден келе жат­қан ниет нышаны – қырғауылдың бей­несін пай­даланғанында жатыр. Асадал­дың суыр­маларында құпияға толы әлем ке­ңістігінің белгісі – шеңбер, алыс қа­шық­­тыққа меңзейтін ерсілі-қарсылы жол, әуе толқыны, бұлт, жаңбыр бейне­ленген. Кеңістік белгісі – шеңберге ке­ліп тірелетін мазмұндық тұтастықты құ­­райтын жапырақтар арқылы дүниенің құ­­рылымы, жер бетіндегі өмір келбеті көрсетілген, – дейді музейдің ғылыми қызметкері Терек Рауан.

Музей қызметкерінің түсіндіруінше, асадал – тамақ пен ыдыс аяқ сақтауға арналған кебеже тектес ыдыс. Ол мықты әрі жеңіл ағаштан жасалады. Алдыңғы бетінде топсамен бекітілген бір кейде екі жармалы есігі және суырмасы болады. Асадал сәнді болу үшін оның бетін әр түрлі бояулармен өрнектеп сырлайды немесе сүйекпен өрнектеп әшекелейді. Асадалдың үйдегі орны қазан-аяқ жақ. Ал төсекағаш – адамның жатып тынығуы үшін пайдаланылатын үй жиһазы. Ел арасында «төсекағаш», «төсағаш» , «кереует», ал кейбір көркемдік ерекшеліктеріне қарай «сырлы төсек», «күмістелген тө­сек», «сүйектелген төсек», «оюлы төсек» деп те атайды.