Мұғалімдер бес оқу жылы бойы «Күнделік» автоматтандырылған ақпараттық жүйесінде белсенді жұмыс істеп келеді. Жүйеге өңірден 240 мыңға жуық қолданушы тіркелген.
Оның ішінде ата-аналар, мұғалімдер, оқушылар электронды журналды толтыру немесе қарау, сабаққа материалдарды тіркеу, сабақтың қалыптастырушы бағасын немесе жиынтық жұмыс үшін ұпайларды көру үшін порталға күн сайын кіреді.
2020-2021 оқу жылының бірінші жартысында мұғалімдердің үйлесімді және уақтылы жұмысының арқасында Қостанай облысы «Күнделік» автоматтандырылған ақпараттық жүйесін толтыру бойынша республикалық маңызы бар Шымкент қаласымен бірге 1-орынды бөлісті.
Бұл көрсеткішті жетістік ретінде бағалаған «Күнделік» ЖШС компаниясының өкілі Марат Ищанов облыстық Білім басқармасының басшысы Зәуре Байменоваға «Kundelik.kz Алтын белгісін» табыстады. «Бұл жетістікте әр мұғалімнің үлесі бар», — деп жазды Білім басқармасының баспасөз қызметі.