Арқалық қаласындағы «Ауылым – алтын бесігім» жобасын жүзеге асырушы «Жас — Ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымының өлкетану саласындағы ұзақ жылғы еңбегі жеке кітап болып жарыққа шықты.
Кітапта Торғай өңірінің киелі жерлері, тарихи нысандары, табиғаты көрікті орындар, геоглифтер толық қамтылған. Нысандардың пайда болу тарихы, ел аузындағы аңыз-әпсаналар, қызықты деректер жазылып, аталған орындарға апарар жол, оның сапасы, жолдағы ұялы байланыс қызметі, ауыз су мәселелері, сапар барысындағы қызмет көрсету орындары (сауда нүктелері, жанармай құю бекеті т.б.) айқындалып жазылған.
Бұл ұрпаққа өңір тарихын танытумен бірге, сырттан келген туристердің қалаған орынын оңай табуына таптырмас жол нұсқар құрал бола алады. «Осынша жылда олар ұланғайыр алқапты алып жатқан Торғай мен Ұлытау аймағына саяхат жасап, сырын ішіне жасырған небір орындарға, терең тарихымен өзіне баурайтын ғажайып ескерткіштерге, көркем табиғи орындарымызға көзайым болды. Он екі жылда экспедицияны алғаш бастаған жасұландықтар ат жалын тартып мінер жасқа жетіп, өз өмір жолдарымен жөнелсе, олардың орынын жаңа жас өрендер толықтырып, ізбасарлары да тарихымызды тану жолында үлкен іс атқарды. Жас зерттеушілердің сан жылдық еңбегінің жемісі – осы кітап осылай өмірге келген еді.
Сондай-ақ, бұл жоба Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасымен үндесіп, ел Президенті Қ.Тоқаевтың мектеп оқушыларын экологияны сақтау саласында сауаттандыру бастамасын қуаттап тұр»,- дейді қала әкімі Қайрат Әбішев. Айта кетейік, жоба жетекшісі – Елена Цвентух, кеңесшісі – белгілі өлкетанушы Шөптібай Байділдин. Кітап мәтінін Арыстан Айтмағамбетов есімді азамат орыс тілінде жазған. Оны қазақ тіліне аударған – жергілікті журналист Дархан Амантайұлы. Жинаққа енгізілген нысандар бағытын құраушы – Әсел Оразалина. Суретші әрі көркемдік режиссер – Игорь Роговой, техникалық дизайнері – Ханпатша Бектұрсынова.