Қызмет барысында қаза тапқан полицейлерді еске алу жиыны өтті. Қостанай аудандық полиция бөлімінде қызметтік борышын өтеу барысында қаза тапқан қызметкерлерге арналған «Ерлік бұрышы» ашылды.
Еске алу рәсіміне қоғамдық тәртіп күзетінде жүріп мерт болған полицейлердің отбасы мен туыстары, полиция департаментінің басшылығы және ішкі істер органдарының ардагерлері қатысты. Іс-шара барысында санитарлық талаптар қатаң сақталды. Жиналғандар қаза тапқан қызметкерлерді бір минут үнсіздікпен еске алды.
Полиция сержанты Дархан Базарбаев былтыр қаңтар айында қаскөйдің қолынан мерт болған еді. Отбасылық жанжалдың нәтижесінде өз туыстарына қауіп төндірген 28 жастағы Тобыл қаласының тұрғыны шақырту бойынша барған Дарханға пышақ сілтеген. Қапыда жүрек тұсынан жарақат алған қайсар азамат санаулы минут ғұмыры қалғанына қарамастан, қаскөйді байлап-матап, қауіптің алдын кеседі. Оқиға орнына келген жедел жәрдем полиция сержантының өміріне араша тұра алмады.
Еске алу шарасы барысында Қостанай облысы ПД бастығының міндетін атқарушы Қайрат Дүйсембеков сөз сөйледі.
— Дарханның арамыздан кеткеніне бір жыл болды. Біз қаһарман әріптесімізді әрдайым есте сақтап, құрметтейміз. Оның ерлік ісі — батылдық пен қайсарлықтың үлгісі, — деді полиция полковнигі.
Аудандық полиция бөлімінің үшінші қабатында Дархан Базарбаев пен 2011 жылы қоғам тынштығы үшін өз өмірін құрбан еткен Ғазиз Байтасовқа арналған Ерлік бұрышы қойылған.
Жиында сөз алған аудандық полиция бөлімінің бастығы Мұхтар Жайлаубеков те тебірене сөйледі.
— Өткен жылы Дархан Базарбаевпен бірге жұмыс істедік, мен оны жақсы білетінмін. Шынында да, ол өзінің мінезімен басқалардан ерекшеленіп тұратын. Қызметтік міндетіне қашан да аса жауапкершілікпен қарады. Өте қайсар жігіт еді. Ал Ғазиз Байтасовпен Жамбыл облысы Меркі аудандық полиция бөлімінде жұмыс істеген кезде таныстым, — деді Мұхтар Жайлаубеков.
Дарханның ата-анасы ұлының есімін қадірлеп, кейінгіге үлгі-өнеге еткен полиция ұжымына алғыс айтты.
— Ұлым өз борышын адал өтеді. Ол әрқашан жүрегімізде қалады. Әріптестеріне, полиция департаментінің басшылығына көрсеткен көмектері үшін үлкен рахмет, — деді Д.Базарбаевтың анасы Зәмзәгүл Қалиева.