Мемлекетіміздің гүлденіп, дамуына жастар өз үлесімізді қосуымыз қажет. Біздің міндетіміз: отанды сүю, бабалардан мирас болған ұлы мұраны қадірлеу, оны көздің қарашығындай сақтау, өз үлесіңді қосып, дамыту және кейіңгі ұрпаққа аманат етіп табыстау. Өз өлкеміздің ұмытылып бара жатқан есімдерін жаңғыртуға басымдық берілуі тиіс деп ойлаймын. Атағы жер жарған жерлесіміз, әйгілі әулие Марал ишан – солардың бірі.
Марал ишан Құрманұлы – әлемге әйгілі әулие, қазақ халқының рухани көсемі. ислам дүниесіндегі аса көрнекті дінбасы, бүкіл өмірін ел-жұртына ізгі қызмет етуге сарп еткен біртуар тұлға болды. Көзі тірісінде-ақ ол кісінің аты аңызға айналды.
Егемендік алған еліміз, бодандықтан құтылған қазақ жұрты Марал бабамызбен қайта қауышып, бұрынғыдан да бетер қадірледі. Ұлы әулиенің кемеңгерлігіне бас иіп, киелі рухына тағзым еткен халқымыздың мерейі өсті.
Марал бабамыз 1780 жылы қазіргі Қостанай облысындағы Обаған өзенінің төңірегінде, Құсмұрын атырабында, кейін «Марал шілігі» аталған қоныста дүниеге келген. Бұл – бүгінгі Аманқарағай орманымен іргелес Қайранкөл жазығы. Кейіннен атақ-даңқы ел-жұртына жайылған ардақты Марал құрметіне су айдыны Әулиекөл деп аталып кеткен екен. Қазір осы мекен бұрын «Семиозер» деп аталып келген ауданның орталығы. Ишанның жерлестері әкімшілік-аумақтық бірлестігін Әулиекөл деп атау жөнінен бірнеше рет мәселе көтеріп еді. Тілек қабыл болып, арман орындалды.
Марал әкесінен тоғыз жасында жетім қалды. Шешесімен бірге он үш жасында білім іздеп, Ақмешіт жағына келді. Осы сапарында Құланбай ишанның үйіне түседі.
Құдайы қонақ болып, бірнеше күн түнейді. Ишан жолаушы баланың тегін емес екендігін сезіп, Маралды ауылда тұрақтап қалуына ақыл-кеңес береді. Құланбай қателеспеген екен. Марал өзінің әулиелік қасиеттері айғақтай түседі. Ишан киелі баланың дарынын дамытуды ойлайды. Оны қызы Меңдібикеге атастырады. Марал қамқоршы ишанның ақылымен Өзбекстандағы Қатта қорған қаласы төңіргенідегі Жам тауынын үңгіріндегі мешіт-медресенің ғұламасы Жалаңаяқ әулиені шәкірті болды. Ол мұнда өзінің зеректігімен, көріпкелдігімен, таңдай қақтырар кереметтерімен дараланады Жалаңаяқ ишанның ең сенімді, сүйікті халфесі мәртебесіне көтеріледі.
Жам тауында жеті жыл оқыған Марал ұстазы Жалаңаяқтан бата алып. Құланбай атасының ауылына оралады. Ишан күйеу баласын қуана қарсы алды. Осы киелі жерде Маралдың тұңғышы Қалқай дүннеге келді. Көп ұзамай пірәдар жігіт атасының рұқсатымен кіндік кес кен Арқаның Қайранкөл жазығына келді. Марал туған өлкесінде халқына орасан зор қызмет етті. Ауру-сырқауларды емдеді. Қаралғандардың бәріне шипа қонып лезде-ақ тәуірленіп кететін.
Марал ишан Қызылжар мен Қостанай өңірлерінде ислам қағидаларын кеңінен насихаттап, халық арасында тарату жөнінен қыруар жұмыс жүргізді. Діннен безгендердің әрекеттерін әшкерелеп, Құран тағылымдарын уағыздайды. Ел-жұртты шариғат жолымен өмір сүруге бастайды. Туған өлкесінде бірнеше мешіт салдыртып солардын бәрін рухани орталыққа, білім ұясына айналдырады.
Жазира Ильясова, Қостанай қ. Ғ.Қайырбеков атындағы орта мектептің мұғалімі