Еліміздегі химия ғылымында Мүбәрак ағаның өз орны бар. Салада қол жеткізген жетістіктері жетерлік. Қарапайым ғана ауыл баласының осындай биікке көтерілуі – кейінгі өсіп келе жатқан жеткіншектерге үлгі деуге болады. Біз осы орайда жерлес ғалым, химия ғылымдарының докторы, профессор, Алматы университетінің ректоры Мүбәрак Ермағанбетұлымен жүздесіп, өмірі мен ғылым жолынан сыр тартқан едік.
– Мүбәрак аға, алғашқы сөзді аяулы ата-анаңыздан, мектепте тәлім алған ұстаздарыңыздан өрбітсек…
– Аманкелді ауданындағы оймақтай ғана Алакөл деген ауылда өмірге келдім. Әкем Ермағанбет совхозда қарапайым жұмысшы, анам Бибіжар әйелдер бригадасының жетекшісі болып істеді. Менің алдымда Балапан деген апайым болды. Әкем мен бес жасқа толғанда дүние салды, содан кейін біз әкемнің інісінің баласы Далабай ағаның отбасымен бірге тұрдық.
1958 жылы Алакөлдегі сегіз жылдық мектептің табалдырығын аттадым. Бізді Райысов Сейдазым ағай оқытты. Ол кісі ұзын бойлы, түрі сұстылау, ептеп қаталдау адам еді. Қолынан сызғышы түспейді, егер сабақта тәртіп бұзсаң немесе білмей қалсаң сонымен тартып жібереді. Сондықтан сызғыш маған да тиіп қалар ма екен деп сескеніп отырамын.
Ол кездегі елдегі жағдай ауыр еді. Дүкенде қазіргідей кітап салатын сөмке сатылмайды. Содан анам маған қарапайым матадан әдемілеп дорба тігіп берді. Бірінші сыныпты бітірген жазда ауылға автодүкен келді. Содан Далабай аға маған былғарыдан жасалған қоңыр сөмке сатып әперді. Сонда қатты қуанғаным-ай! Сол сөмкені бесінші сыныпқа дейін ұстадым.
1962 жылы бастауыш сыныпты ойдағыдай аяқтап, бесінші сыныпқа көштім. Енді анам мені үлкен апайыма жақынырақ жүрсін деп ойлады ма, аудан орталығы – Аманкелдіден оқытуды жөн көрді. Балапан апайым менің бала күнімде Аманкелдіде тұратын Балғабай деген жігітке тұрмысқа шыққан еді. Жездем милицияда істеді, мінезі орнықты, сабырлы кісі болатын.
Сөйтіп, мен аудан орталығындағы батыр атындағы мектепке бардым. Мектебіміз үлкен саябақтың қасында орналасқан. Бірден сыныптастарыммен танысып, араласып кеттім. Ешкім мені шеттеткен жоқ. Сабақты да жақсы оқуға күш салдым. Оның үстіне жездем: «Біздің үйде сен істейтін жұмыс жоқ, сен мұнда білім алу үшін келдің, сондықтан сабағыңды жақсы оқы қарағым», — деп ақылын айтып отырды.
Мектепте химия, физика, математика және қазақ тілі мен әдебиетін жақсы көрдім. Әсіресе, химия мен математика пәндерінен түрлі деңгейдегі олимпиадаларға қатысып, жүлделі орындарды иелендім. Осы оқу ордасында бізге физикадан Ыбышев Сейдуали, химиядан Сыдықова Жаңылдық, қазақ тілінен Ержанов Ғалымжан, әдебиеттен Бегалиева Гүлбатира, математикадан Маденов Шамшиден ағай сабақ берді. Осы кісілердің бәрі де өз ісінің шеберлері еді. Мені осындай ұлағатты ұстаздардың өнегесі үлкен жолға жетеледі. Оларға деген алғысым шексіз. 1968 жылы Аманкелді орта мектебі заманауи талапқа сай салынған үш қабатты жаңа ғимаратқа көшті. Менің аудан орталығында оқығаным – сапалы білім алуыма мүмкіндік туғызды. Оны мен тағдырымның ғажайып сыйы деп санаймын. Оған апам мен жездемнің де себі тиді. Өйткені олар болмаса мен ауданға келмес едім. Орта мектепті үздік тәмамдағаныммен, отбасылық жағдайға байланысты жоғары оқу орнына бара алмай, еңбек жолымды туған ауылымдағы жаңадан ашылған Н.Крупская атындағы орта мектептің дене тәрбиесі мұғалімі қызметінен бастадым.
– Жетпісінші жылдардың басында алыстағы ауыл баласына арман саналған Алматыға келіп, қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университететінің химия факультетіне оқуға түстіңіз. Химияны таңдауыңызға не себеп болды?
– Ауылда екі жыл жұмыс істеп, аздап қаражат жинап алғаннан кейін, арман қала Алматыға аттандым. Сонымен Алатаудың етегіндегі әсем шаһарға келген соң, аталған университетінің химия факультетіне құжатымды тапсырдым.
Өйткені мектептен химия пәнін ерекше көрдім. Жаңылдық апайдың сабағы мазмұнды болатын. Әсіресе, лабораториялық жұмысты қызықты өткізетін. Сол уақытта Кеңес одағының бірінші хатшысы Н.Хрущевтің «Коммунизм дегеніміз – бүкіл елді электрлендіру және химияландыру» деген қанатты сөзі көп айтылды. Бір жағынан, маған осы сөз қамшы болды ма, әйтеуір, химияны таңдадым. Бұл –1971 жыл. Конкурс өте жоғары болды, бір орынға бес талапкерден таласты. Алайда, менің бағым жанып, оқуға түстім. Сөйтіп, қызығы мен шыжығы қатар жүретін студенттік күндер басталды.
– Аталған іргелі оқу ордасында қандай білікті ұстаздардың алдынан өттіңіз, олардың ішінде кімдерді ерекшелеп айтар едіңіз, ғылымға келуіңізге кім бағыт-бағдар берді?
– Алғашқы күннен бастап оқу үрдісіне де үйрене бастадық. Мектептегі лаборатория дегеніміз, университеттің зертханасымен салыстырғанда ойыншық үй секілді әсер қалдырды. Жоғары оқу орнының қабырғасында есімдері елімізге ғана емес, бұрынғы одақ көлеміне танымал ғалым-ұстаздар: Б.Бірімжанов, А.Козловский, М.Усанович, Е.Әзербаев, Т.Чумбалов, О.Сонгина, А.Шәріпханов, Б.Жұбанов, Е.Шәйхұтдінов, Е.Ерғожин секілді майталман ғалымдардан дәріс алдым.
Факультет деканы химия ғылымдарының докторы, профессор Қазақстан Ғылым академиясының корреспондент мүшесі Батырбек Ахметұлы Бірімжанов болды. Өте сауатты, тәжірибесі мол, қазақ жастарына ерекше көңіл бөлетін, керемет адам еді. Көрегенділігі соншалық, мен сияқты алыс ауылдан келген, орыс тіліне шорқақтау қазақ балаларын екі жылдай ана тілімізде оқытып, тек үшінші курсқа келгенде орыс тобына қосып жіберетін. Асыл ағаның осындай қамқорлығын көрдік. Соның арқасында ауылдың келген балалар қазақ тілімен шектеліп қалмай, бір адамдай орыс тіліне де жетік болып шықты.
Факультетте «Органикалық заттар синтезі» мамандығы бойынша мамандандырудан өттім. Дипломдық жұмысымды көрнекті химик органик-ғалым, Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының корреспондент мүшесі Ахметжан Шәріпхановтың жетекшілігімен қорғадым. Дипломдық жоба барысында винилгетероциклді қосылыстар негізінде жаңа 8 затты синтездеп алып, оларға толық сипаттама бердім.
1976 жылы соңғы курста оқып жүргенімде менің ғылымға деген бейімділігімді байқаған профессор Батырбек Ахметұлы және химия ғылымдарының кандидаты, жас та болса, көзге іліне бастаған доцент Ораз Құрманәлиев екеуі маған химия факультетінде жаңадан ашылған «Жоғары молекулалық қосылыстар химиясы» кафедрасына қалуға кеңес берді. Сөйтіп, мен сол жылы арнайы жолдамамен аталмыш кафедраға стажер-ізденуші болып, болашақтағы ғылыми жетекшім, химия ғылымдарының докторы, профессор Еренғайып Шәйқұтдіновтың ғылыми тобына қосылдым.
Ғылымға деген ерекше қызығушылығым академик Еренғайып Мәлікұлының тікелей ықпалымен қалыптасты. Сол жылдары ол кісі химия факультетінде тыңнан жаңа бағытты – стереоизомерлік винилгетероциклді қосылыстарды радикалдық полимерлеу жұмыстарын бастады. Органикалық синтездің қыры мен сырын біршама меңгерген маған бұл топтағы ұжыммен етене араласу онша қиын соқпады. Екі жыл ішінде ғылымға төселіп, винилдік спирттердің әртүрлі ортада радикалдық полимерлену заңдылықтарын зерттедім.
– Біраз жылдар Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінде де қызмет істедіңіз, сол жайында да аз-кем айтасыз ба?
– 1978 жылы ғылыми жетекшім профессор Еренғайып Шәйқұтдінов Қазақ мемлекеттік университетінен сол кездегі Қазақ политехникалық институтының оқу-ісі жөніндегі проректоры болып ауысына байланысты, мен «Жалпы химия» кафедрасына инженерлік қызметке орналасып, ғылыми жұмысымды одан әрі жалғастырдым. 1979 жылдың қараша айында аспирантураға түстім. Енді университеттің химия факультетінде жасаған жұмыстарымды індетіп, екіншілік және үшіншілік ароматты гетероциклді спирттер негізінде әр түрлі қасиетке ие, суда ерігіш полимерлер мен сополимерлерді синтездеп, олардың макромолекула түзу заңдылықтарын егжей-тегжейлі зерттедім.
Химия ғылымын дамыту жолындағы қиындығы мен қызығы мол ізденістерімнің нәтижесіндегі кандидаттық диссертациямды аспирантурадағы оқу мерзімін бітіре сала, 1983 жылдың қазан айында А.Б. Бектұров атындағы химия ғылымдары институтының диссертациялық кеңесінде қорғадым. Диссертациялық жұмыстың жетекші ұйымы Мәскеу мемлекеттік университеті химия факультетінің «Жоғары молекулалық қосылыстар химиясы» кафедрасы болатын. Кафедра профессоры Кеңес одағы көлеміндегі ірі маман, белгілі ғалым В.П.Зубов өзінің ресми пікірінде ғылыми жұмысыма жоғары баға берді.
1984 жылы «Жоғары молекулалық қосылыстар химиясы» мамандығы бойынша химия ғылымдарының кандидаты болғаннан кейін ғылыми жұмыспен қатар ұстаздықпен де белсенді айналыса бастадым. Аталған жоғары оқу орнының металлургия және химиялық технология институттарында аға оқытушы және доцент қызметін атқардым.
1993 жылдың мамыр айында Қытай Халық Республикасының бірнеше қалаларында (Пекин, Үрімші, Цзян-су, Шанхай) орналасқан ірі мұнай өңдеу зауыттары мен жоғары оқу орындарында бір айлық тағылымнамадан өтіп, білімімді жетілдірдім. Ұлы ғалымның есімін иеленген Қазақ ұлттық техникалық университетінде 1995 жылы «Химиялық технология» факультетінің құрамында «Жоғары молекулалық қосылыстардың химиялық технологиясы» кафедрасының ашылуына ұстазым Еренғайып Мәлікұлымен бірге мұрындық болып, сол жылы жаңа кафедраның алғашқы меңгерушісіне тағайындалдым.
Жаңа кафедраны аяғынан тік тұрғызу оңайға түспеді. Дегенмен университет көлеміндегі іс-шараларға белсенді араласып, өзім басқарған кафедра оқытушыларының кәсіби біліктіліктерін арттыруға, студенттердің білім сапасын жоғарлатуға, оқу үрдісіне жаңа технологияларды енгізуге күш салдым. 1999 жылы жоғары оқу орнының 65 жылдық мерейтойы аясында өткен байқауда кафедрамыз 54 шығарушы кафедралар арасында бірінші орынды жеңіп алды. Сол жылы кафедраның аты «Мұнай, газ және полимерлерді қайта өңдеудің химиялық технологиясы» болып өзгертіліп, кафедра меңгерушілігіне қайта сайландым.
Бірнеше жыл бойы жеке өзім және шәкірттеріммен бірге жүргізген ғылыми ізденістерімнің нәтижесінде 2001 жылы наурыз айында аталған университеттің докторлық кеңесінде докторлық диссертациямды ойдағыдай қорғадым. Сөйтіп, киелі Батпаққара топырағынан шыққан Ерік Асанбаев пен Тоқтар Әбілжанұлынан кейінгі үшінші ғылым докторы атандым. 2002 жылы ҚР Жоғары аттестациялық комиссиясының шешімімен профессор атағына ие болдым. Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық университетінде отыз жылға жуық еңбек еттім. Жоғары оқу орны саласында бай тәжірибе жинап, шетелдік әріптестеріммен бірге халықаралық жобаға қатысып, ғылымға аз да болса өз үлесімді қостым.
– Органикалық синтез және жоғары молекулалық қосылыстар химиясы саласындағы санаулы ғалымдардың бірісіз. Еліміз бен алыс-жақын шет мемлекеттерде біраз еңбектеріңіз жарық көрді. Жалпы, осы жұмыстарыңызға тоқталып өтсеңіз?
– Иә, химия саласындағы біраз жылғы зерттеулерімнің нәтижесінде 200-ге жуық ғылым жұмысым жарияланды. Оның ішінде 2 монография, 3 оқулық, 5 оқу құралы, 30-ға жуық оқу-әдістемелік нұсқаулар, 24 өнертапқыштық куәліктер, патенттер, алдын ала патенттер және елімізде, алыс-жақын шет мемлекеттерде жарық көрген таза ғылыми мақалаларым бар. Менің жалпы ғылыми бағытым: классикалық түсінік шегінде сипаттауға келе бермейтің гетероциклдық стереоизомерлердің әртүрлі ортада радикалдық полимерлену мен сополимерлену заңдылықтарын зерттеу және соның нәтижесінда жаңа суда ерігіш жоғары молекулалық қосылықтарды синтездеп, қолдану мүмкіншіліктерін анықтау.
Винилгетероциклді қосылыстар негізінде синтезделген жаңа полимерлер мен сополимерлер бруцеллез және оба ауруларына қарсы химиялық вакциналар алуға негіз болатындығы анықталды. Сонымен қатар, йод метилаты негізіндегі гомополимерлер күкіртті сутегі коррозиясынан сақтау реагенттері ретінде ұсынылды.
Қазіргі уақытта мыс шығаратын барлық зауыттарда электролиз барысында катодтық мыстың сапасын жақсарту мақсатында электролитке беттік белсенді зат есебінде желатин және де басқа қоспалар қолданылады. Желатин тағам өндірісінде қолданылатын зат. Осы мәселені шешу үшін мысты электрорафинирлеу үдірісінде желатин орнына N-метилолакриламидпен этиленгликолдің моновинилэфирі негіздегі сополимерлерін қолдану тиімді екені анықталды. Бұл тұжырым тек лабораториялық сынақтардың негізінде ғана емес, «Балқашмыс» АҚ қарасты ірі мыс зауыттарында жартылай өндірістік және өндірістік сынақтар арқылы дәлелденіп, өндіріске енгізілді. Алынған патенттер, авторлық куәліктер осыларға негізделген. Сонымен бірге, білікті жас мамандарды даярлауға көңіл бөлдім. Ғылыми жетекшілігіммен үш ғылым кандидаты, бір ғылым докторы дайындалды.
– Отандық ғылымның дамуына көңіліңіз тола ма? Әсіресе, сізді химия ғылымының қандай өзекті мәселелері алаңдатады?
– Шынымды айтсам, бүгінгі отандық ғылымның дамуына көңілім онша толмайды. Себебі ғылыми жұмыстарға бөлінетін қаржының тапшылығы, соның салдарынан ғалымдардың, әсіресе, жас ғалымдардың ғылыммен айналысуға толық мүмкіндігі жоқ.
Мемлекеттің ғылымға деген көзқарасы, оның жалпы ішкі өнімнің ғылымды дамытуға бөлінетін қаражатының пайыздық деңгейімен өлшенеді. Бұл мақсатқа Израил – 4,6%, Швеция – 4,0%, Жапония – 3,4%, АҚШ – 2,7%, Германия – 2,5%, Ресей – 1,25% бөледі. Ал соңғы статистикалық мәліметте ғылым саласына Қазақстан бар болғаны 0,2% қаржы бөледі деп көрсетілген. Сондай-ақ, еліміздегі күнделікті тұрмыстық қалдықтардың өңделмеуі де мені алаңдатады. Алматыда заманауи талапқа сай қала тұрғындарының тұрмыстық қалдықтарын сапалы өңдеуге жаңа зауыт саламыз деп, биліктегілердің уәде еткеніне 20 жылдан асты, бірақ осы мәселе бүгінге дейін шешімін тапқан жоқ.
– Бір жылдары Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің бірінші проректоры болдыңыз, қазір Алматы университетінің ректорысыз. Өзіңіз басқарып отырған оқу орны уақыт талабына сай қандай жұмыстарды атқаруда?
– Мен жоғары білім саласына барлық саналы өмірімді арнап, түрлі лауазымдық баспалдықтан абыройлы өткен, тәжірибесі мол менеджермін десем артық айтқандық емес. Былтыр кейбір жоғары оқу орындарының басына қара бұлт үйірілді. Оның себептері де бар. Білім және ғылым министрлігіне жаңашыл жас Асхат Аймағамбетов келгеннен кейін жоғары оқу орындарының жұмыс сапасын тез арада жетілдіру үшін меншік иелігіне қарамастан университеттерді арнайы кестеге сай профилактикалық тексерістен өткізе бастады. Жайбарақаттыққа үйренген кейбір жоғары оқу орындарының ішінен квалификациялық талапқа сай келмейтіндері анықталды. Осындай тексерісті жүйелі жүзеге асыру аталған министрліктің Білім және ғылым саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің құзырына жатады. Бірінші профилактикалық тексерістен кейін ЖОО-ға анықталған кемшіліктерін жоюға алты ай уақыт беріледі, сол уақыттың ішінде кемшілік толығымен жойылмаса, аталған комитет тексерілген білім ордасына әкімшілік шара қолданады. Меніңше, министрліктің талабы орынды, талапқа сай болмаған оқу орыны білімгерлерді оқытуға құқығы жоқ.
Жоғарыдағы тексерістен Алматы университеті ойдағыдай өтті. Комитеттің талабына сай келу үшін біраз тер төгуге де тура келді. Біз жаңа форматтағы заманауи көп бейінді жоғары оқу орнымыз. Осы ретте педагогикалық, құқық, экономика, дизайн, өнер және технология бағыттарында бәсекелістікке қабілетті кәсіби мамандарды даярлаймыз.
Соңғы жылдардағы жаңа талап бойынша университет түлектеріне сұраныс, олардың қанша пайызы жұмысқа орналасқандығымен өлшенеді. Былтырғы мәлімет бойынша 987 бакалаврдың 66 пайызы жалақысы жоғары жұмысқа орналасты. Биыл бұл көрсеткішті 75-80 пайызға дейін көтермекшіміз.
– Елге ат ізін сирек саласыз, туған ауылыңызды сағынасыз ба?
– Ии, елге жолым сирек түседі. Өйткені жоғары оқу орнында қызмет істегендіктен жазда қолым тие бермейді. 2017 жылы маусым айында елге келіп, Арқалық қаласында әке-шешеме, апайыма арнап ас бердім. Сонда біраз ауылдастарымды көріп марқайып қалдым. «Әркімнің туған жері – Мысыр шаһары» дейді ғой, сондықтан мен үшін кіндік қаным тамған, бақытты балалық шағым өткен туған жерімнен ыстық мекен жоқ. Елдегі жағымдық жаңалыққа елеңдеп отырамын. Туған елімнің бүгіні мен келешегі жарқын болса екен деп тілеймін!
– Әсерлі әңгімеңізге рақмет, аға!
Сұқбаттасқан Азамат ЕСЕНЖОЛ