Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Өңірдегі оң бетбұрыс

1 февраля 2021 10:00 • 773 просмотров

«Transparency Kazakhstan» халықаралық үкіметтік емес ұйымы жүргізген әлеуметтік сараптама қорытындысы бойынша Қазақстандағы сыбайлас жемқорлық деңгейі төмен өңірлердің басында тұрған алғашқы бестікке Қостанай облысы да еніп отыр. Аталған ұйымның ұйғарымынша, жергілікті азаматтардың 97,6%-ы жеке мәселелері бойынша мемлекеттік мекемелерге жүгіну барысында сыбайлас жемқорлыққа итермелейтін бірде-бір заңсыз ишара-әрекетті кездестірмеген.

Қостанайдағы «Antikor Ortalygy» алаңын­да өткен жылдың жұмыс нәтижелерін қоры­тындылаған сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметінің басшысы Қуаныш Бекбасов облыс тұрғындарының басым көпшілігі бү­гінде өздерінің кез келген жеке мәселесін еш­­бір тамыр-таныссыз немесе алыс-беріссіз, заң жолымен шешуге болатынын жақсы біле­тінін айтты.

Қоғамдық індетті жоюдың ең тиімді жолы – оған қарсы ымырасыз күрес жүргізу. Жең ұшынан жалғасқан сыбайлас жемқорлық әдетте тамырын тереңге жасырып, аса құ­пия түрде жасалатындықтан, мұндай қыл­мыстарды ашу аса қиынға соғып жататыны белгілі. Бұл жолда сыбайлас жем­қорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі қыз­меткерлерінің түрлі шым-шытырыққа бой­лап, күн-түн демей қажыр-қуаты мен білік-білімін сарқып тынымсыз тер төгуіне тура келеді. 

Мәселен, былтыр олар табанды түрде жүргізген күрес шараларының нәтижесінде облыста 62 шенеунікке қатысты 90 қылмыстық іс тіркелген. Оның 68-і – жемқорлық қылмыстың ауыр, ал біреуі аса ауыр түріне жатады. Аталған қылмыстарды тергеу нәтижесінде жемқорлардың мемлекет қазынасына 716,7 млн теңге шығын келтіргені әшкереленіп, оның 93%-ы, яғни 663,9 млн теңге өндіріліп алынған.

Қуаныш Бекбасовтың айтуынша, бүгінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті жазалау тәжірибесінен гөрі қылмыстың алдын алу шараларын күшейтіп, жемқорлықтың себептерімен күресуге ден қойып отыр.

– Аймақта бас бостандығынан айыру жазасы өткен жылдармен салыстырғанда екі есе азайды. Сонымен қатар сыбайлас жемқорлық деңгейі де екі есе кеміді, – деді департамент басшысы.

Сыбайлас жемқорлықты тек қана заң күші­мен жазалау арқылы ғана түбегейлі жою мүмкін емес. Көпшілік ортаны қауіпті ін­дет­тен аршып, құлан-таза айықтыру үшін жал­пыға қозғау салып, сыбайлас жем­қор­­лықты қабылдай алмайтын қоғамдық сана қалыптастыру маңызды. Қостанай облысында бұл бағытта да айтарлықтай ілгерілеу бар. Мысалы, 2020 жылы жергілікті қоғамдық ұйымдардың күшімен сыбайлас жемқорлыққа қарсы 27 талдау, мониторинг шаралары жүр­гізіліп, нәтижесінде мемлекеттік қызмет са­ла­сында жемқорлық тәуекелін туындататын 250-ден астам жағдай анықталды. Қоғам­дық ұйымдардың облыстағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты жүзеге асыруға атсалысу белсенділігі жылдан-жыл­ға артып келе жатқанын атап өту керек. Мә­селен, облыс­та жүзеге асырылып жатқан жал­пы құны 360 млрд теңгелік 47 инвест-жо­баны мемлекеттік органдар тарапынан болуы мүмкін заңсыз ықпалды әрекеттерден қорғау шараларына департамент қоғамдық ұйымдарды да қатыстырып отыр.

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыру аясында бүгінде Қостанай облысының қалалық, аудандық әкімдіктері толық ашық қызмет көрсету моделіне көшкен. Бұл үлгі облыс тұрғындарының мемлекеттік қызметтерді «бір терезе» қағидаты бойынша жедел әрі ешбір кедергісіз алуын қамтамасыз ететін әрі жемқорлық тәуекеліне орын бермейтін тиімді тетіктердің бірі саналады. 

Сонымен қатар мемлекеттік органдар қыз­метінің ашықтығын қамтамасыз ету және мемлекеттік мекемелерге деген тұрғындар сенімін арттыру мақсатында облыстағы 64 мекеме мемлекеттік қызмет көрсетудің «OpenSpace» форматына көшірілді. Аймақта 600-ге жуық өзіне-өзі қызмет көрсету бұрыш­тары ашылып, оның 130-ы ауылдық округтерге орналастырылды. Мемлекеттік қызмет көр­сетудің сервистік моделіне көшу үдерісі биыл да жалғасатын болады.

Тағы бір тоқтала кететін жайт, аймақта ашық бюджеттердің интерактивті картасы жобасын енгізу мәселесі табысты жүзеге асырыла бастады. Мысалы, 2020 жылы облыстағы 984 мемлекеттік орган интерактивті карта порталына тіркелген. Бұл порталда былтыр жергілікті меморгандар мен мекемелердің жалпы көлемі 420 млрд теңге болатын 4192 бюджеттік бағдарламасы жарияланған.

Қ.Бекбасовтың айтуынша, сыбайлас жемқорлық деңгейінің төмендеуіне облыста осы бағытта тиімді жүзеге асырылып жатқан кешенді шаралар мен өңір тұрғындарының құқықтық сауатының жетіле түскендігі және сыбайлас жемқорлыққа бейжай қарай алмайтын ізгі қоғамның қалыптаса бастауы тікелей ықпал етіп отыр.