Тобыл-Торғай өңірінде даңқты өнерпаздардың ізін абыройлы жалғап келе жатқан жас буын өкілдері аз емес. Өнер өлкесіне қадам басқан жұлдызды жастардың қатарын «БРО» дуэті толықтырды деп нық сеніммен айтуға болады. Ағайындылардан құралған топ қазіргі уақытта «X FACTOR Қазақстан» тележобасының ақтық сынында сәтті өнер көрсетуде. Олар байқаудың 15 кезеңін артқа тастады.
Қостанайлық ағалы-інілі Бекболат және Айдар Жазықбаевтардың таланты ерекше сүйсіндіреді. Ән әуесіне талпынған құстың қос қанатындай дерсіз. Жалынды жігіттердің жарқын өнері көпшілік көңілінен төр алып, көрермендер көзайымына айналып үлгерді. Олардың әрқайсысы әншілік қабілеттерін балдырған кездерінен-ақ танытып, дара дарын иелері екендерін ерте жастан дәлелдеген.
Мәселен, ағайындылардың үлкені, небары 21 жастағы Бекболат – сахна сындарында шыңдалып, тәжірибе жинақтап үлгерген әнші. Ол осы уақытқа дейін бірнеше байқауда топ жарып, биік белестерді бағындырған. Мәселен, Қостанай облысында дәстүрлі түрде өтетін «Алтын микрофон» Халықаралық ән байқауының Гран-Приін қанжығасына байлағанын айтсақ та жетіп жатыр. Сондай-ақ, кіл үздіктер бәсекеге түсетін «Super Qala Kz» тележобасында сәтті өнер көрсеткен. Ресейдің «ТНТ» телеарнасының көпке танымал «Песни» жобасына қатысу ғанибеті де бұйырыпты. Айта кету керек, Бекболат еліміздің ең басты вокалдық тележобасы «X FACTOR»-дың 2018 жылғы сынына қатысып көрген.
Ал Айдар Жазықбаев ағасынан 4 жас кіші – 17 жаста. Сөйте тұра оның да музыка өнерінде бағындырған жетістіктері олқы емес. Атап айтқанда, отандық «Балалар дауысы. Қазақстан» және басқа да халықаралық жобаларда бақ сынап, ерек қабілетінмен көзге түскен. Ағасының жеңісті жолын жалғастырып, бірнеше елдің үздіктері қатысатын «Алтын микрофон» байқауының финалына дейін жетіп, лауреат атанған. Мұнымен қоса, ол Белоруссия елінде өткен «Под крыльями Ориона» байқауында топ жарыпты. Ол да, ағасы Айдар секілді, 2019 жылы «X FACTOR ҚАЗАҚСТАН» жобасының сахнасына шыққан. Осынау дарынды жұптың жетістіктері жыл озған сайын толығыса беретініне күмән келтірмеуге болады.
Енді, міне, екеуі «БРО» атты топ құрып, «X FACTOR» жобасының биылғы бәсекесіне қатысып жатыр. Кезеңнен-кезеңге сүрінбей өтіп, әлі күнге мықтылықтарын дәлелдеп келеді. Шынын айту керек, бұл – үздіктердің үздігі ғана іріктеліп-сұрыпталатын, талабы қатал сынақ. Өз ісін жетік меңгерген білікті, «қара қылды қақ жарған» әділетті, турашыл төрешілер тезінен өту – оңай шаруа емес. Шалыс қадам бастың ба – ғажап дарыныңа қарамастан байқаудан шеттетілесің. Оған жобаның тұрақты көрермендері куә. Қазылар құрамында Қазақстанның халық әртісі, жобаның тұрақты төрешісі Нағима Есқалиева, продюсер әрі музыкалық сарапшы Нұрберген Махамбетов және танымал әнші, ресейлік «MBAND» тобының бұрынғы мүшесі Анатолий Цой бар. Олар қатысушыларға әуелі төрелік етіп, кейін топ-топқа бөліп тәлім беріп, қарамағындағы әншілерді өзара сайыстырып, үздіктерін ғана іріктеп алған. Бекболат пен Айдар «Топтар» санатымен жұмыс істеу міндеті бұйырған Анатолий Цойдың командасында бақ сынауда. Әр апта тағатсыз күтетін жанкүйерлерін ағатсыз өнер көрсетіп, байқау басталғалы жерлестерін қуантумен келеді. Қазір Цойдың командасында қалған екі топтың бірі осы «БРО» дуэті болып отыр. Таяуда финалдың 4-кезеңінен де сүрінбей өтті.
Ал, жалпы, жобада небары бес-ақ қатысушы қалды. Осы күнге дейін 15 айналымнан сүрінбей өткен олардың тағдыры телекөрермендер қолында, қайсысы көп дауыс жинаса, сол жеңіс ауылына бір табан жақындай түседі. Демек, жерлестеріміздің жеңімпаз атануы жанкүйерлер белсенділігімен тікелей байланысты. Олай болса, Бекболат пен Айдар Гран-Приге лайық деп танысаңыздар, дауыс беруді, олардың жеңісі ортақ мерейіміз екенін ұмытпаңыздар!
Айта кетейік, жеңіс тұғырынан көрініп, «X FACTOR» атанған қатысушы 7 млн теңге иеленеді, сондай-ақ оның алдынан ел эстрадасының елеулі мүшесіне айналуға даңғыл жол ашылмақ.