ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров депутаттарға «Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде ауыл шаруашылығы жануарларымен селекциялық-асыл тұқымдық жұмыс жүргізуді біріздендіруге бағытталған шаралар туралы келісімді ратификациялау туралы» Заң жобасын таныстырды.
«Келісім мүше мемлекеттер арасындағы ауыл шаруашылығы жануарларына селекциялық-асыл тұқымдық жұмыс жүргізу тәртібін реттейді және Еуразиялық экономикалық одақ аясында асыл тұқымды мал шаруашылығы нарығын дамытуға және өзара саудадағы кедергілерді жоюға бағытталған. Келісімді әзірлеу жұмысы 2014 жылдан бастап Еуразиялық экономикалық комиссияның жұмысы аясында жүргізілді, жұмыс тобының ескертулері пысықталды. Келісім асыл тұқымды мал шаруашылығы мен агроөнеркәсіп кешені саласындағы ұлттық заңнаманың мақсаттарына және міндеттеріне сәйкес келеді», — деді Министр Сапархан Омаров.
Айта кетейік, Келісімде «асыл тұқымды өнім», «асыл тұқым құндылығы», «асыл тұқымды жануар», «селекциялық және асылдандыру жұмысы», «ауыл шаруашылығы жануары» сияқты терминдер біріздендіріліп, нақтыланды. Сондай-ақ, селекциялық-асылдандыру жұмысын жүргізгенде асыл тұқымды өнім өндірудің бірыңғай талаптарын іске асыру үшін Келісімде бірқатар мәселені біріздендіру көзделіп отыр. Атап айтқанда:
— ауыл шаруашылығы жануарларының жаңа тұқымдарын, желілерін немесе кростарын анықтау тәртібі;
— асыл тұқымды материалдың сапасын молекулярлық-генетикалық сараптама жүргізу арқылы айқындау тәртібі;
— тұқымдас жануарлардан шыққан асыл тұқымды төлдің нәсілін айқындау тәртібі;
— асыл тұқымды жануардың құндылығын бағалау әдістемелері.
«Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерде асыл тұқымды мал шаруашылығы, геномдық селекция саласындағы инновациялық технологияларды әзірлеу және енгізу мақсатында Келісімде асыл тұқымды мал шаруашылығы саласындағы селекциялық-асылдандыру жұмысын үйлестіру және талдамалық қамтамасыз ету жөніндегі бірыңғай тәртіпті белгілеу көзделген. Бұл жұмысты Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің уәкілетті органдары атқарады және талдамалық қамтамасыз ету ғылыми-зерттеу ұйымдарына бекітілетін болады», — деді министр.
Сондай-ақ, Келісімде Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер асыл тұқымды жануарлар туралы және селекциялық жетістіктерге қатысты мәліметтермен алмасып отыратын болады. Келісімді ратификациялау Еуразиялық экономикалық одақ аясында селекциялық-асылдандыру жұмыстарын жүргізуді оңтайландыруға, мал шаруашылығында селекциялық-асылдандыру ісін дамытуды қамтамасыз етуге және отандық асыл тұқымды өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді.