Қостанай облысында аудан әкімдері азық-түлік бағасын қымбаттатпау үшін тауар өндірушілермен келіссөздер жүргізеді. Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен аппарат жиынында Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Тимур Бисимбаев айтты.
Қостанай облысында тамақ өнеркәсібі өнімдері 250-ден астам қайта өңдеу кәсіпорындарында шығарылады. Облыс елімізде ұн өндіруден бірінші, сүт өндіруден екінші, сары май, жарма, макарон өнімдерін өндіруден үшінші орын алады, бұл агроөнеркәсіптік кешеннің экспорттық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді дейді мамандар.
«2020 жылдыңң 11 айында азық-түлік өнімдерінің жекелеген түрлерінің өндірісі артты. Атап айтқанда консерві өнімдері 2,1 есе, ірімшік және сүзбе 49,4%-ға, сүт және қоюландырылған кілегей 45,5%-ға, сары май 31%-ға артты. Тұрақтандыру қорында 7 мың тонна азық-түлік бар. Бұл мақсатта 931,1 млн теңге жұмсалды. 87 тонна картоп, 418 тонна сәбіз, 121,2 тонна қант, 3 тонна күнбағыс майының қоры дайындалды. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасын тұрақтандыру туралы 1059 меморандум жасалды. Аудандар мен қалалардың әкімдіктері азық-түлік бағасын тұрақты бақылауда ұстауы қажет», — дейді Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Тимур Бисимбаев.
Қазір облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес аудан-қала басшылары ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерімен кездесіп, ішкі нарық мұқтажы үшін өнім бағасын төмендету мәселесін қарастыруда.