Былтыр күрделі жөндеуден өтіп, жыл аяғында ғана жұмысын қайта бастаған Арқалықтағы Дала өлкесі тарихы музейінде «Тобыл-Торғай әуені» атты антологиялық жинақтың тұсаукесері өтті. Алғысөзін белгілі жырау, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алмас Алматов жазған жаңа кітаптың таныстырылымына індетке байланысты шектеу талаптарына сәйкес санаулы ғана адам қатысты.
Жиынды қала әкімінің орынбасары Түбекбай Ғапсалықұлы ашып, антология авторлары мен музей ұжымын құттықтады. Қостанайдан осы шараға арнайы келген облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов жинақтың Елбасы Н.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласының негізінде қолға алынған жұмыстардың нәтижесінде жарық көріп отырғанын атап өтті.
– Аталған мақалада Тұңғыш Президент қазақ әдебиетінің ата қоры, асыл қазынасы – дала фольклоры мен халқымыздың рухани өмірінің өзегі, жан азығы болған дәстүрлі ән мен күйіміз жайлы құнды пікірлер айтқан еді. Елбасы мақаласы жарық көргеннен бері Арқалық қаласындағы Дала өлкесі тарихы мұражайы ұлтымыздың фольклоры мен дәстүрлі музыка өнеріне байланысты бірқатар жұмысты қолға алып, игі істерді атқарып келеді. Оның бір мысалы – 2019 жылы жарық көрген «Ескі сөз – ел мұрасы» атты фольклор жинағы. Міне, бүгін сол жұмысымыз жалғасын тауып, ертеде осы өңірде өткен әнші-күйшілердің мұрасы жинақталып, «Тобыл-Торғай әуені» деген атпен баспа бетін көріп отыр. Бұл кейінгі жылдары қолға алынған «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясындағы «Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы» арнайы жобасының үдесінен де шығып тұрған музейдегі салмақты еңбектеріміздің бірі, – деді басқарма басшысы.
Жоба авторы Батырлан Сағынтаевтың сөзінше, Тобыл-Торғай өңіріндегі ән мен күй, жыршылар мақамы мен бақсы сарындары секілді музыка үлгілері ең алғаш ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында жазылып алына бастаған.
«Бұл ретте белгілі этнограф С.Рыбаковтың еңбегі ескерілуі тиіс. Этнограф ғалым ретінде бірнеше экспедицияға қатысқан Рыбаков 1902-1908 жылдары Торғай облысында әкімшілік қызметте жүріп, жүзден аса музыка туындысын нотаға түсіреді. Бірақ, өкінішке қарай, Рыбаков нотаға түсірген ән-күйлер әлі күнге табылмай отыр. Есесіне
А.Затаевичтің еңбектерінде Тобыл-Торғай өңірінің музыкалық мұрасы біршама жақсы қамтылған. Мәселен, Затаевич еңбегінің «Кустанайская губерния» бөлімінде 130, «Тургайский уезд» бөлімінде 63 ән-күй берілген. Қазақ зерттеушілерінен Т.Бекхожинаның «Қазақтың 200 әні» кітабында Тобыл-Торғай аймағынан жазылып алынған оннан аса музыкалық шығарма басылып шықты. Н.Наушабаев, Қ.Қанжығалин секілді өнерпаздардың әуендері жеке жинақтарда жарық көрді. Музыка антологиясындағы шығармалар негізінен осы жинақтардан алынды. Мұның сыртында, музыка мамандарының, кітапқа енген өнерпаздарымыздың ұрпақтарының қолындағы аудиожазбаларды да пайдаға асырдық. Кітапқа 90 нота енгізілді. Бұлардың барлығы авторлық шығармалар», деді жоба авторы Батырлан Сағынтаев.
Жаңа жинақта ХІХ-ХХ ғасырларда өмір сүрген, өңірге белгілі дәстүрлі ән-күй өнері өкілдерінің, олардың ішінде бүгінде есімдері ел жадынан өше бастаған Қапақ сал, Сәт Есенбайұлы, Құтжан Қанжығалин сынды өнерпаздар да бар, 90-нан астам туындысы мәтінімен қоса әуені нота тіліне түсіріліп, әрқайсысына жеке арнайы ғылыми түсініктеме берілген.
Сонымен қатар Тілеп Аспантайұлы, Баубек Есіргепұлы, Арық бақсы, Зәкәрия Кәрібаев, Хамидолла Шәткенов, Қазбек Әбенов сынды есімдері Торғай өңіріне мәшһүр дәстүрлі қылқобыз орындаушылары туралы кең мағлұмат алуға болады. Мысалы, атақты Қойлыбай бақсының батасын алған Тілеп бақсының өмірі мен қобызшылық өнері туралы тың деректер оқырман санасына сәуле түсірері хақ. Құрастырушы Тілептің «Алламжар» деген күйі болғандығы туралы дерек бар екенін тілге тиек ете келіп, оның бақсылық, қобызшылық өнерін жалғастырған ұрпақтары жайында:
«Тілептен кейін оның қобызын ұстаған баласы Байтөлес Тобыл бойындағы Бағыланды жәрмеңкесінде күй тартысқа түсіп, осы «Алламжар» күйін орындап байрақты бәйгесін жеңіп алған. Байтөлестен кейін қобызды Тілептің інісі Байғабылдан тараған Райымбек бақсы ұстаған. Райымбек өмірден өткен соң ағасы Халық қобызды жасырып тастаған. Кейін қобызды осы әулеттің жиеншары Жұбатқан алған. Қазір Тілептен қалған қобыз Жұбатқан әулетінде сақтаулы тұр», деп тарқатады. Ел ішінде Баубек бақсы аталып кеткен Баубек Есіргепұлы туралы деректердің де ғылыми маңызы салмақты. Жинақта Баубектен қалған «Сарын», «Аққу», «Қоңыржай» сынды қобыз күйлері, Баубектің күйлерін жеткізуші Қазбек Әбенов туралы да сөз болады.
Б. Сағынтаев: «Қазбектің бел баласы, өзі де музыка маманы Бораш ағамызбен сөйлескенімізде, Баубектің сарынын Қазбектің дамытып тартып, толық күй формасына жеткізгенін айтқан еді. Бораш ағамыз әкесінің Баубек күйі деп «Қоңыржайды» ғана орындап, кей ретте Баубектің күйі деп орындалып жүрген «Аққу» күйін Қазбек мұрасының қатарында атаған болатын. Бір қызығы осы «Қоңыржай» мен «Аққу» күйлерінің орындалу машығы ұқсас келеді», деп топшылай келіп, «…Біздің білеріміз Баубек атына телініп орындалатын бұл күйлер Тобыл-Торғай топырағында ғана емес, жалпы қазақ даласында туған қобыз күйлерінің көрнектілерінің санатынан екені анық», деген тоқтамға келеді. Жалпы, құрастырушы өз түсініктемелерінде көптеген еңбекке сілтеме жасап, әр ойын ғылыми тұрғыдан негіздеп отырады.
Антологиядағы Ахмет Байтұрсынұлы Семей өңірінде жүргенде жаздырып алып, кейін Затаевичке тапсырған «Кәмшат бөрік» әнінің тарихы да таңғаларлық. Құрастырушы «Қазақтың 1000 әні» жинағына халық әні ретінде енген «Кәмшат бөріктің» авторы – Байқадам Қаралдин деген пайымдау жасап, оған негіз болатын деректерді келтіреді.
Тұсаукесер рәсімінде жинаққа енген Қапақ салдың «Кекілік» күйі орындалды. Бұл күй бұрын-соңды еш жерде жарық көрмеген. Көнеден жеткен күмбірлі сазды орындаған Әділ Ахан алдымен жиналғандарға «Кекіліктің» шығу тарихын баяндап берді.
– Қапақ салдың шыққан тегі Арғынның Мерген деп аталатын руы. Қапекеңе туыс Мырзағали Өтегенов деген білікті азамат Қостанайдың Меңдіғара ауданындағы «Заря» атты колхозды басқарып тұрған шағында 1937 жылдың зұлматына ілігіп, халық жауы деген жаламен атылып кетеді. Мырзағали ұсталғаннан кейін оның Халық атты ұлын Қостанайдағы балалар үйіне тапсырған. Мырзағалидің жары Ұлыш Торғайға барып, туыстарын паналап, арада біршама уақыт өткізіп Қостанайға қайта келгенінде баласын таба алмай қалады. Кейін 1970 жылдардың шамасында Бидаш Қонарбаев есімді азамат осы балаға іздеу салып, Қарағанды облысында тұрып жатқан жерінен тауып алған. Халық Ұлыштың өз анасы екендігіне сеніңкіремей: «Менің анам күй тартушы еді, сіз күй тарта аласыз ба?» деп сұрақ қояды. Ұлыш күй тартқан кезде, Халық еңіреп жылап келіп: «Осы күйдің әуені үнемі менің құлағымда тұрды. Радиода күй тартылып жатса, тұра қалып тыңдаушы едім. Өйткені сәби шағымда әкем мен анам үйде отырған кезінде күй тартатыны есімде. Сонда осы күйді тартушы еді, сіздің менің анам екендігіңіз рас екен», деп анасын құшақтапты. Осылайша, бір күйдің арқасында тар заман талқысында ажырап кеткен ана мен бала қайта қауышып, Мырзағалидің ұлы Халық өз туыстарын тапқан екен. Сондағы Ұлыш тартқан күй Қапақ салдың «Кекілік» күйі деп айтылады, – деді күйші.
Жиын соңында музей басшысы Асхат Аманжолұлы меймандарға жаңа жинақтың бір-бір данасын ұстатты.
Тұсаукесерден кейін музейдің ұлттық саз аспаптары бөлімінде «Ғасырлар пернесі» атты көрменің таныстырылымы болды. Көрмеге мұражай қорындағы домбыра, шертер, қобыз, сыбызғы, сазсырнай, шаңқобыз, дабыл, шыңдауыл, асатаяқ, жетіген, т.б. ұлттық саз аспаптары қойылған. Мұның ішінде халық ақыны Нұрхан Ахметбековтің домбырасы, айтыскер, жыршы Бақытжамал Оспанованың домбырасы, белгілі қобызшы, күйші Қазбек Әбеновтің қобызы және еліміздегі ең алғашқы этнографиялық-фольклорлық «Шертер» көне ұлт-аспаптар ансамбліне тиесілі саз аспаптары бар.
Нұрқанат ҚҰЛАБАЕВ