Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күнімен тұспа-тұс келген бұл мереке ұлыстар достығын нығайта түседі.
2016 жылы 1 наурыз Елбасының Жарлығымен Алғыс айту күні болып бекітілді. Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күнімен тұспа-тұс келген бұл мереке ұлыстар достығын нығайта түсетіні анық.
Мереке туралы хабарды естігенде әркімнің әртүрлі күй кешкенін байқағанымыз бар. Зұлмат жылдардың зардабын шеккен көнекөз қарияның жүзі жадырай елең ете қалып, іле ауыр күрсініп, тұңғиық ойға батқанын көрдік. «Жөн екен» деді бар болғаны. Ашылып ештеңе айта қоймады – бәлкім сол жылдардан бойына сіңген әдеті болар.
Аға ұрпақтың ол заман туралы сараң әңгімесіне құлақ түре жүріп, кеңес дәуірінің оқулықтарындағы ел тарихы туралы ақпаратты өз ізденістерімен толықтырып өскен азаматтардың көңіл түкпірінде жүрген бір арманы орындалғандай, көздерінде жігер оты ойнап, айналасына еңсесін тіктей қараған бейнелері де көз алдымызда. Зиялы қауым Елбасы Жарлығын қуана қолдады. Өйткені ойлы, саналы азамат үшін бұл қажеттігі ешқандай дәлелдеуді талап етпейтін, барша қазақстандықтарға түсінікті мереке еді.
Қостанай қаласының тұрғыны көнкекөз қария Фазылхан Мауданов бізге аталмыш мереке жайында өз пікірін білдірді.
-Елімізді мекендеген этнос өкілдері, кешегі қуғын-сүргінді бастан кешкендердің ұрпақтары, әсіресе қазақ жеріне бала да болса, ес біліп, етек жапқан жаста келгендер, бастамаға бірауыздан қолдау білдіріп, өз пікірлерін бұқаралық ақпарат құралдарында жариялап жатты. «Алғыс айту» күні тарих ақтаңдақтарын ашу үшін аса қажет шара деп ойлаймын. Дегенмен мереке мәнін түсінбеген, оның пайда болуына іші тарыла пікір айтқандар да бар. Жалпы, іштарлықтарын жасыра алмай даурығатын, «қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақ» адамдар қай кезде де, қандай қоғамда да болған. Ондайларға байланысты да қазекем «ит үреді, керуен көшеді» деп кеңдік танытқан. Дегенмен тап осы жолы кеңдік танытудың жөні жоқ деген ойдамын,-дейді ақсақал.
«Сталиндік режім кезіндегі әр жылдарда бүтіндей бір халықтар – 800 мыңға жуық неміс, 102 мың поляк, 550 мың Солтүстік Кавказ халықтарының өкіл, 18,5 мың Қиыр Шығыстағы корей отбасы қоныс аударды. Оларды вагондардан ашық далаға әкеліп түсірді. Ол кезде мұнда қазақтар ғана тұратын, қабылдаған да солар болды. Өздері де мұқтаждықта өмір сүріп жатқан қазақ отбасылары оларды саман үйлерінде қабылдады. Біздің отбасымыз да үш баласы бар ерлі-зайыптыларды қабылдады», деп еске алды Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаев Ассамблеяның ХХІІ сессиясында сөйлеген сөзінде.
Бүкіл ғұмырын мемлекеттің өркендеуіне, ел ішіндегі ұйыған тірліктің сақталуына арнап келе жатқан Елбасымыз «…мейірімділіктің бүкіл қазақстандықтардың бір-біріне деген достығы мен махаббатының жарқын мерекесі бола алатын» шара туралы ойын жария етерде өткен ғасырдағы тарихымызға шолу жасап, Ұлы Далада болған зұлматтар салдарынан қазақ халқының қаншалықты зардап шеккенін, бірақ солай бола тұрғанымен қиналғандарға қолұшын беріп, бауырына басқанын тағы бір рет еске салып, жұртшылықтың тарихи жадысын тағы бір жаңғыртқаны, күнтізбеге қосылар мерекенің орынды екеніне көз жеткізе түсті.
–Тап солай, өткен тарихыңды білгенде ғана қазіргі күніңнің – мылтық кезелмейтін бейбіт күніңнің қадіріне жетесің. Мұндай күйді бастан кешкен, «аштықта жеген құйқаның дәмі ауыздан кетпейтінін» білетіндердің қатары сиреп бара жатыр, олардың етегіне жармасып келген балалардың өзі қазір ақсақал жасына жетті. Сондықтан «Барлық этностардың бір-біріне және мейірбандық танытып, ол адамдарды өз туғанындай қабылдаған қазақтарға алғыс айту күні ретінде атап өту әділетті болар еді. Ол күн бізді бұрынғыдан гөрі жақындастыра түспек» деген сөздерді – ұрпақтың өз тарихын білуін, сол қиындықта шыңдалған татулық пен бірлікті нығайта түсуін көксеуден туған сөз деп қабылдауымыз керек,-дейді Фазылхан Мауданов.
Қазақ халқы үшін – қиналғандарға қамқорлығын аямайтын, жасаған жақсылығын сатпайтын, құшағына алған қанша жұрт қайырымдылығын айтып, тәу етіп жатса масаттанбайтын халқымыз үшін – бұл басқа елдерде бар болғандықтан белгіленген мереке емес, бұл – қажеттілігін уақыттың өзі талап еткен, ХХ ғасырдың зұлматы қайталанбауы үшін оны бастан кешкен халықтар жадысын жаңғырту мақсатында пайда болған мереке.