Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Жас отбасыларға көмек көрсетпек

25 февраля 2021 11:22 • 720 просмотров

Қостанайда өңірлік жеке сот орындаушылар палатасының бастамасымен «Отбасы help» фронт-кеңсесі жұмыс істей бастады. Орталықтың мақсаты – ерлі-зайыптыларды татуластыру, жас отбасыларға психологиялық көмек көрсету және отбасы құндылықтарын жандандыру.

Қазір отбасы мәселелерін реттеудің баламалы әдістеріне басымдық беріліп отырғандықтан, сот орындарының өкілдері отбасылық терапия аясында жұмыс істейтін мұндай орталықтардың әр шаңырақтағы татулықтың сақталып қалуына тигізетін ықпалы мол деп біледі.

Қостанай қалалық сотының төрағасы Қанат Шақаровтың айтуынша, соңғы жылдары жергілікті сот органдарының жұмысында ажырасқан отбасыларға қатысты сот отырыстары жиілеп кеткен. Мәселен, қалалық сотқа 2019 жылы неке шартын бұзу туралы – 1400, ал 2020 жылы 1100 арыз келіп түскен. Сот төрағасы «Отбасы help» фронт-кеңсесінің іске қосылуы мұндай арыздарды азайтады деген сенім білдірді.

– Біз қиын жағдайға душар болған отбасыларға психологиялық көмек көрсетеміз. Ерлі-зайыптылардың арасындағы өзара сүйіспеншілік пен сыйластықты қалпына келтіруге тырысамыз. Мұндай отбасы мүшелері көбіне күйзеліс үстінде жүреді. Сондықтан оларға психотерапевт мамандардың, дәрігер-наркологтардың, заңгерлердің көмегін ұсынамыз. Жас отбасыларға, жас әкелерге, келіндерге арналған түрлі тренингтер ұйымдастырып, олардың жұмысқа орналасуына да көмектесеміз, – деді фронт-офис жетекшісі Несібелі Бикенова. «Отбасы help» фронт-кеңсесі өзара әріптестік туралы меморандум аясында қазір Қостанай қалалық сотымен тізе қосып жұмыс істеп жатыр. Фронт-кеңсе жетекшісінің сөзіне қарағанда, «Отбасы help» келешекте отбасылық мәселелерге қатысы бар өзге де мемлекеттік органдармен және қоғамдық бірлестіктермен ынтымақтастық орнатпақ