Бейімбет Майлин ауданына қарасты бес жүзден астам тұрғыны бар Валерьянов ауылы Лисаков қаласының іргесінде орналасқан. Ауыл сыртынан Тобыл өзені ағып жатыр. Соған қарамастан, жергілікті тұрғындар сонау кеңес дәуірінен бері ауыз суға зәру. Елді мекенде ішуге жарамды деген жалғыз құдық қана. Валерьянов тұрғындары суды қысы-жазы іргедегі қаладан тасып ішті. Ал көлігі жоқтары ауылдағы құдық суын тұтынуға мәжбүр болатын. Соңғы уақытта ауыл маңында бұрғылау жұмыстары жүргізілгендіктен, құдық қоры да азайып кеткен екен. Енді бұл мәселе оң шешіліп отыр.
Мұнда 2019-2020 жылдары су құбыры тартылды. Өткен желтоқсан айынан бастап тұрғындарға су берілді. Қазіргі кезде 144 түтіннің 117-сі суды үйлеріне өткізіп алды.
«Қазір бұл ауылды 144 үй түтін түтетіп отыр. 83 пайызы сумен қамтамасыз етілді. Су тарту жұмыстарын «Энергия» ЖШС жүргізді. 2019 жылы республикалық бюджеттен 450 миллион теңге қаржы бөлінді. Бұл қаражатқа ауылдың әр көшесіне заманауи технология бойынша автоматтандырылған құбырлар тартылып, тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандардың ішіне су кіргізілді. Айта кету керек, су құбыры құрылысының жобалық-сметалық құжатын жасатуға қоғам қайраткері, жерлесіміз Альберт Рау өз қалтасынан 6 миллион теңге бөлді. Осы игі шаралардың барлығына мұрындық болып отырған Альберт Павловичке айтар алғысымыз шексіз!» – дейді Валерьянов ауылының әкімі Мақаш Таймасов.
Ауыл әкімінің сөзіне қарағанда, Валерьяновтағы бұл науқан «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында іске асқан. Қазір үйіне су кіргізіп, қызығын көріп отырған ауыл тұрғындарының қуанышында шек жоқ.
«22 жыл бұрын осы ауылға көшіп келдік. Ауыз судың азабын ауылдықтар аз тартқан жоқ. Ал, қазір үйімізге дейін келіп тұрған тіршілік нәрі өте таза әрі дәмді. Ауылда мал ұстайтын, бақша егетін адамдар үшін қолайлы. Тіршілік нәрін үйдің ішіне дейін кіргізіп алдық. Үйіміздің ішінен жуынатын бөлме, тіпті, дәретханаға дейін қойдырдық. Қаланың адамдарынан еш кем өмір сүріп отырған жоқпыз»,-дейді ауыл тұрғыны Сергей Ичеткин.