Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов Алғыс айту күнін мерекелеу аясында «Х-фактор» тележобасының жеңімпаздары «BRO» дуэтімен кездесті.
Ағайынды Бекболат пен Айдар Жазықпаевтар биыл айды аспаннан шығарып, жобаның бас жүлдесін иеленген еді. Тобыл-Торғай өңірінің намысын абыроймен қорғай білген дарынды әншілерді өткен аптада қостанайлық жанкүйерлері пойыздан сән-салтанатымен күтіп алған болатын. Енді, міне, аймақ басшысы жеңімпаздармен жүздесіп, оларға 3 млн теңгенің сертификатын табыс етті.
«Ағайынды Бекболат пен Айдар Жазықбаевтар жас кезінен өнер саласында еңбек етіп келеді. 2017 жылы Бекболат Жазықпаев «Алтын микрофон» халықаралық ән байқауында Гран-приді жеңіп алғанда жүлдені мен тапсырған едім. Кездесу аясында жас таланттарды жеңістерімен құттықтадым. Барлық қостанайлықтың атынан ата-аналарға лайықты ұлдарды тәрбиелегені үшін алғыс білдірдім. «BRO» дуэтіне өнер жолында зор шығармашылық табыстар тілеймін!» — деп жазды облыс әкімі Архимед Мұхамбетов «Инстаграм» желісіндегі парақшасында.