Қостанайда 1921-1922 жылдардағы нәубетке қатысты дөңгелек үстел отырысы өтті. Қостанайдағы Л.Толстой атындағы облыстық кітапханада «Қ.Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласы: 1921-1922 жылдардағы нәубетке 100 жыл» деген тақырыпта республикалық дөңгелек үстел отырысы өтті.
Zoom бағдарламасы арқылы онлайн-режімде ұйымдастырылған жиынға еліміздің әр өңірінен ашаршылық мәселесін зерттеп жүрген белгілі ғалымдар мен магистранттар, ЖОО-ның студенттері қатысты.
Кіріспе сөз сөйлеген кітапхана директоры Дариға Дүйсебаева ғылыми-танымдық мәні бар аталмыш жиынды ұйымдастырған А.Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің Қазақстан тарихы кафедрасының ұжымына алғысын айтып, отырыс жұмысына сәттілік тіледі.
Жиында Ш. Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының бас ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының докторы Айжамал Құдайбергенованың «1930-шы жылдары босқындарды қайтару мәселесінің көтерілуі», Торайғыров Университеті КЕАҚ Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Сәуле Мамытованың «Қазақстанның Солтүстік-Шығысындағы аштық қасіретінің тарихнамасы мен деректемесі», А.Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университеті Қазақстан тарихы кафедрасының профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты Өтеген Исеновтің «1921-1922 жылғы аштық: тарихи таным», Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты қауымдастырылған профессор Алтын Уалтаеваның «1937 жылғы халық санағы қорытындысы бойынша аштық нәтижесі», Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының ғалым хатшысы, PhD докторы Махаббат Қозыбаева «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі комиссияның жұмысы туралы» тақырыбындағы баяндамалары тыңдалды.
Дөңгелек үстел отырысын қорытындылаған Қостанай өңірлік университеті қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі, PhD докторы Рауан Байдалы өзінің аштық құрбандары туралы ғылыми жоба
«Бүгінгі тақырыпқа қатысты кезінде елімізде арнайы мемлекеттік комиссия жұмыс жасады. Көптеген құжаттар көтерілді. Бұл комиссия 1930 жылдардағы ашаршылыққа «Қазақ халқына жасалған геноцид» деп баға берген. Оны дәлелдейтін том-том құжаттар бар. Бірақ бұл мәселенің әлі күнге дейін соңғы нүктесі қойылған жоқ. Бұл мәселені шетелдік ғалымдар да зерттеп жатыр. 1928 жылғы байларды кәмпескелеу, отызыншы жылдардағы ұжымдастыру, ұжымдастыруға қарсы бас көтерулер, қазақтардың шетелге қоныс аударуы, міне, осының бәрі аштықпен байланысып жатыр. Таяуда «Егемен Қазақстан» газетінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласы жарияланды. Осы мақаласында Президент 1921-22 жылғы аштыққа байланысты кесек мәселе көтеріп, тарихшыларымызға көптеген жауапты міндеттер жүктеді. Биыл ХХ ғасырдың басында қазақтың тең жартысын қынадай қырып кеткен нәубет жылдардың қасіреті ғылыми түрде жан-жақты зерттеліп, оған түбегейлі саяси баға берілетін жыл болады деп үміттенеміз», деді.