Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Қалыпты өмірге оралу қадамы

7 марта 2021 16:00 • 1 136 просмотров

Коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия 1 наурыз күні Қазақстан аймақтарындағы эпидемиялық жағдайды бағалау матрицасын жариялады. Соған сәйкес бүгінде еліміздің бірде-бір өңірі «қызыл аймақтың» қатарында емес. Одан бір күн бұрын «қызарған» Нұр-Сұлтан қаласы қайтадан «сары аймаққа» өтті. Бұған қоса бұл санатта Ақмола, Батыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар облыстары бар. Ал өзге өңірлер «жасыл аймақта».

Елімізде эпидемиялық ахуал тұрақ­та­лып, індет жұқтырғандардың қатары кеміп келеді. Соңғы дерек бойынша бір тәулікте ПТР арқылы 622 адамның Covid-19-бен ауырғаны расталды. Сон­дай-ақ 547 адам індеттен айыққан. Ден­саулық сақтау министрлігі қазіргі уақытта 20 140 адамның коро­­навирус инфекциясынан емделіп жат­қанын хабарлады. Оның ішінде 4 472 науқас стационарда, 15 668 науқас амбу­ла­торлық деңгейде ем қабыл­дау­да. Індетке шалдыққандардың арасында 248 адамның жағдайы ауыр, 50 науқастың жағдайы өте ауыр, 44 науқас ӨЖЖ аппа­ратында жатыр. Ал коронавирус инфек­ция­сының белгілері бар пневмония 10 адамнан анықталды, 3 адам осы індеттің салдарынан дем жетпей бақилық болды.

Індеттің таралу қарқыны бәсеңдеп, жағ­дай айтарлықтай оңалып қалған елі­міз қазір «жасыл аймақта» тұр. «Жау жоқ деме, жар астында» дегендей, қан­ша жерден қауіптің беті қайт­қан­мен, сақтық шараларын қатаң ұста­ну­ды әсте қаперден шығармаған жөн. Дегенмен «Самарқанның көк тасын жібі­тетін күннің» жақындауымен қатаң шара­лар да біраз босаңситын түрі бар. COVID-19 індетінің таралуына жол бер­меу жөніндегі ведомствоаралық комис­сия отырысының қорытындысы бо­йынша 1 наурыздан бастап 7 күн бойы «жасыл аймақта» тұрған өңірлерде цирктердің, бильярд клубтарының, балалар ойын-сауық орталықтарының жұ­мыс істеуіне (толымдылығы 30%-ға дейін), спорттық іс-шараларды өткізуге (30%-ға дейін), жұма намазын оқуға (30%-ға дейін) және ас беру рәсімін өткізуге (30%-ға дейін, 50 адамнан артық емес) рұқсат етіледі. Бұған қоса бір апта «сары аймақтағы» өңірлерде жабық базарлардың (азық-түлік, азық-түлік емес), сауда және ойын-сауық орталықтарының, сауда үйлерінің, сауда желілерінің жексенбі күндері жұмыс істеуіне тыйым салынбайды.

Сонымен қатар мониторингтік тексеру қорытындысы бойынша білім беру ұйымдарында санитарлық-эпиде­ми­я­­лық талаптардың бұзы­лу фа­к­­ті­­лері көп тіркелген Маң­­ғыстау, Қостанай және Жамбыл облыс­тарын қоспағанда, барлық облыста 1 наурыздан бастап 1-5 сынып­тар­дың, халықаралық мектептерде 1-7 сы­ныптардың оқушыларын аралас оқы­туға рұқсат етіледі.

Сондай-ақ Индустрия және инфра­құры­лымдық даму министрлігінің Түр­киямен (қосымша 4 рейс), Өзбекстанмен (+4 рейс), Қырғызстанмен (+2 рейс) және Украинамен (+1 рейс) халықаралық әуе рейстерінің санын арттыру туралы ұсынысы комиссияның қолдауына ие болды.

Жалпы, жаман індеттің құрсауынан біржола құтқаратын, қалыпты өмірге ора­лу­ға септігін тигізетін амал – вакциналау екені түсінікті. Елімізде ақпан айынан бастап ақ желеңді абзал жандардың өзі бастап, біраз азамат коронавирусқа қарсы екпе алды. Жоспар бойынша жыл соңына дейін 6 млн-нан аса қазақстандық вакциналанбақ. Бұл ретте өңірлер иммунопрофилактика бойынша халыққа ақ­па­рат­тық-түсіндіру жұмыстарын кү­шей­туі қажет. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында ведомство басшысы Алексей Цой айтты.

Оның айтуынша, Е-gov mobile «Вак­ци­налау» және «Цифрлы құжат­тар» қызметіндегі коронавирусқа қарсы вакциналау паспорты арқылы егілгендердің есебін жүргізу және иммундық жағдайды бақылау жоспарлануда. Бұл вакциналау көлемін және аурудың болжамын жоспарлауға көмектеседі. Вакци­на­лау­дың қолда бар нәтижелерін еске­ре оты­рып, осы жылдың екінші жарты­жыл­ды­ғы­на дейін эпидемиялық жағдайға болжам жасалды.

«Бүкіл әлем вакциналау ғана қа­лып­ты өмірге карантинсіз оралуға мүм­кіндік беретінін түсінді. Осыған бай­ла­нысты өңірлер иммунопрофилактика бо­йын­ша халыққа ақпараттық-түсін­ді­ру жұмыс­тарын күшейтуі қажет», деді А.Цой. Министр оптимистік және шынайы болжамға сәйкес, жаппай маска тағу режімі, сондай-ақ әлеуметтік арақа­шық­тықты сақтау нәти­же­сінде елдегі эпидемиялық жағдай тұрақ­та­ла­тынын және қатаң карантиндік шектеуге вакцина ғана балама болатынын атап өтті.

Наурыз айынан бастап вакциналаудың келе­сі кезеңі басталды. 1 наурыздан бас­тап Нұр-Сұлтан қаласында да КВИ-ға қарсы екпені мұғалімдер, бала­бақша тәрбиешілері, құқық қорғау орган­да­ры­ның қызметкерлері ала бастады.

Елорданың Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметі бо­йынша бұл топқа 15 мыңнан аса адам кіреді. Осы санаттағы адамдарды вакци­налау үшін Нұр-Сұлтандағы 36 алғаш­қы медициналық-санитарлық көмек ұйым­дарында екпе егу бөлмелері ұйым­дас­ты­рылды. Сондай-ақ екпе салдыртуда ведомствоаралық ұйымдар да қатысады. Мұғалімдер мен тәрбиешілерге вакциналау БМСК ұйымдарына білім беру ұйымы бекітілген жері бойынша жасалады. Вакцина алатындардың тізімдері жасалды, тиісті емханаларға жіберілді.

Ақпан айының басынан бері Нұр-Сұлтанда барлығы 2 126 адам коронавирус инфекциясына қарсы екпе алды. Өткен демалыс күндері басқарманың қой­маларына 7 мыңнан аса жаңа вакцина түсті.