Қостанайдағы «Баян сұлу» кондитерлік фабрикасында бүгінде 1 мыңнан астам қыз-келіншек еңбек етеді. Компанияның өндірістік бөлім бастығы Наталья Шаповалова – іргелі кәсіпорынның тоқсаныншы жылдардағы тоқырау кезеңіне де, кейін мемлекеттің қолдауымен келген фабриканың жаңару, жаңғыру, өркендеу дәуіріне де куә болған тәжірибелі маман.
Бүгінде алты бірдей өндірістік цехтың жұмысын басқаратын білікті маманның алғашқы еңбек жолы да осы кәсіпорында басталды. Тіпті, Наталья Николаевнаның бүкіл отбасының тағдыры «Баян сұлумен» тығыз байланысты десек болады. Өзі аталған кәсіпорында 35 жылдан бері еңбек етіп келеді. Жолдасы осындағы жылу қазандықтарының жұмысын бақылайды. Үлкен ұлы да еңбек жолын осы жерде бастады. Ал қызы бүгінде фабриканың білдей бір инженер-технологы.
– Мен бақытымды еңбектен тапқан әйелмін. 18 жасымда Алматы политехникалық институтын тәмамдаған соң, мені жолдамамен Қостанай кондитерлік фабрикасына жұмысқа жіберді. Содан бергі бүкіл саналы ғұмырым фабриканың өндірістік желілерінде өтті. 1986 жылдан 2013 жылға дейін ауысым шеберінің көмекшісі болып жұмыс істедім. Кейін ауысым шебері, цехтың аға технологы, сапа жөніндегі бас маман, бисквит цехының бастығы қызметтерін атқардым. Қазір өндірістік бөлімді басқарамын. Осы жерде еңбек ете жүріп, жолдасымды кездестірдім, шаңырақ құрып, өсіп-өндік. Үш немерем бар, – деді Наталья Шаповалова.
Кәсіпорында осыдан 2-3 жыл бұрын бес бірдей технологиялық желі орнатылған. Былтыр тағы біреуі іске қосылды. Жаңа желі карамель тәттілерінің жылдық өнімін 4 мың тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік беріп отыр. Әр цехта 300-ге дейін жұмысшы бар. Бөлім басшысы екі ауысымда жұмыс істейтін әрбір адамның тілін тауып, керек кезінде көмек қолын созып, үлкен ұжымды бір отбасындай ұйытып ұстап, еңбекке жұмылдырып отыр. Өндірістік мәселелерді шұғыл шешіп тастайтын қасиеті мен өзгелерге үлгі боларлық табандылығын, еңбекқорлығы мен ұйымдастырушылық шеберлігін былай қойғанда, Наталья Шаповалованы фабрика ұжымы әділ басшы, адамгершілігі зор әріптес ретінде құрметтейді.
– Наталья Николаевнаның жұмыстың барлық учаскесіне қалай үлгеретініне қайран қаламыз. Бір ауысым кетіп жатса, екінші ауысым келіп жатады, одан үшінші ауысым басталады. Жұмысшылар ауысқанымен жұмыс тоқтамайды. Бірақ бізде ауыспайтын бір-ақ маман бар, ол – өндірістік бөлімнің басшысы Наталья Николаевна. Күні-түні жұмыс басында жүрсе де шаршауды білмейтін ол үнемі ашық, жайдары мінезімен жан-жағына жігер беріп, ұжымды жұмысқа жұмылдырып жүреді. Өндірістік және басшылық жұмыста мол тәжірибесі бар, бәріне сыйлы. Біздің желілердің дайын өнімді шығару және технологиялық құрылғылардың өндірістік қуатын арттыру барысында жоғары көрсеткіштерге қол жеткізуі осы кісінің арқасы. Наталья Шаповалова басқаратын цехтарда өнім ассортименті үнемі кеңейтіліп, жаңартылып отырады. Мұның сыртында, өндіріске қаншама жаңа өнімдер шығарылып жатыр. «Баян сұлу» өнімдерінің нарықта жоғары сұранысқа ие болуына да осы кісі ерекше үлес қосып келеді, – дейді әріптестері.
Қостанайлық кәсіпорын кондитерлік өнімдердің 250-ден астам түрін шығарады. «Баян сұлу» былтыр тұтынушыларына тәттінің бадам, жаңғақ қосылған бірнеше жаңа түрін ұсынды. Бұл жобаның басы-қасында да Наталья Шаповалова жүрді.
– Былтыр бізде шоколад өнімдерін шығаратын екі бірдей жаңа цех пайдалануға берілді. Қазір Қазақстанның қай түпкіріне барсаң да, біздің тәттілерді кездестіре аласың. «Баян сұлу» тәттілері сыртқы нарықта да өтімді. Қостанай кәмпиттерін негізінен Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан сияқты ТМД мемлекеттері мен Германия тұтынады. Кейін олардың қатарына Қытай қосылды. Немістер бұрыннан келе жатқан классикалық шоколадтарымызды, ал қытайлар көбіне карамельдерімізді ұнатады. Ресейдің шекаралас аймақтары біздің карамельдеріміз бен вафли өнімдерін, шоколадтарымызды аттай қалап алып кетіп жатады. Қостанай өнімдерінің басты ерекшелігі, химиялық қоспасы аз. Табиғи және бағасы да қолжетімді. Біздің басты ұстанымымыз – нарықты сапалы өніммен жаулап, бәсекеде дес бермеу. Сол үшін де жыл сайын жаңа желілер пайдалануға беріліп, өнім түрленіп отырады, – дейді білікті маман.
Бөлім басшысының айтуынша, қостанайлық фабрика 2020 жылы 46 мың 300 тонна кондитер өнімін шығарған. Оның 30 пайыздан астамы шетелге саудаланыпты. «Баян сұлу» биыл өндіріс ауқымын кеңейтіп, 50 мың тонна өнім шығаруды көздеп отыр. Кәсіпорынның өндірісіне пандемия да кері әсер ете алған жоқ. Мұндағы өндірістік желілерде санитарлық қауіпсіздік талаптары қатаң сақталады және жұмысшылардың денсаулығын сақтау мәселесі ең бірінші кезекте тұрады. Кәсіпорындағы әрбір цехта санитарлық бақылау пункттері жұмыс істейді. Кіре-берістерге сапалы санитайзерлер орнатылған. Цехқа кірген-шыққан жұмысшылардың бәрі санитарлық тексеруден өтеді.
– Біздің ұжымның басым бөлігі – негізінен әйелдер. Тіпті, біздің тәттілердің атаулары да көбіне әйел табиғатымен байланысты болып келеді. Расында, «Баян сұлу» бүгінде менің өз отбасым сияқты болып кетті, бүкіл тағдырым осы кәсіпорынмен сабақтаса өріліп келеді. Жолдасыммен де, ұл-қызыммен де үйден гөрі жұмыс басында жиі кездесеміз. Әйелдің қолынан шыққан дәм қашан да берекелі болады. Біздің тәттілеріміз әр отбасының береке-ырыздығын асырып, қуаныш пен бақыттың шашуы бола берсін, – дейді Наталья Шаповалова.