Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссияның отырысын өткізді. Жиын барысында облыстың жергілікті атқарушы органдарында мемлекеттік қызметтер көрсету сапасы мәселесі қарастырылды. Аймақ басшысы бұл туралы «Инстаграм» желісіндегі парақшасында жазды.
Мәселен, өткен жылы облыстың жергілікті атқарушы органдары 8 миллионнан астам мемлекеттік қызмет көрсеткен. Оның ішінде мемлекеттік корпорация арқылы 71 мың, мемлекеттік органдардан 590 мыңнан астам азамат қызмет алған.
«Елде төтенше жағдай енгізу және одан кейінгі карантиндік шаралар электрондық қызметтерге сұраныстың жоғарылауына ықпал етті. Мемлекеттік қызметтер тізіліміне сәйкес, жергілікті атқарушы органдар 172 түрлі қызмет көрсетеді, оның 14-і қағаз түрінде ғана ұсынылады. Қалған 158 қызметті электрондық үкімет порталы арқылы алуға мүмкіндік бар», — дейді аймақ басшысы Архимед Мұхамбетов.
Бұдан әрі «ашық бюджеттердің интерактивті картасы» веб-порталын әзірлеу мәселесi тақыланды. «Веб-порталды Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі әзірлеген. Ол сыртқы ресурста бөлінетін бюджет қаражатын көрсету және бақылау, шағымдар, пікірлер жинау және ақпаратты талдау үшін жалпыға қолжетімді сервис ұсынады. Карта Жергілікті деңгейде бюджет процесінің ашықтығын қамтамасыз етуге, сондай-ақ жұртшылықтың бюджет туралы ақпаратқа қол жеткізуін арттыруға мүмкіндік береді», — деп жазды облыс әкімі Арихмед Бегежанұлы.
Аймақ басшысы отырыс қорытындысында халықты «Электронды үкімет» порталының мүмкіндіктері туралы хабардар ету, сондай-ақ мемлекеттік қызметтерді электронды түрде алуға ынталандыруды күшейту үшін тиісті шаралар қабылдауды тапсырды.
Одан әрі Қостанай облысы әкімдігі жанындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті.
Отырыс барысында 2020-2022 жылдарға арналған құқық бұзушылықтың алдын алудың кешенді жоспарын іске асыру шеңберінде 2020 жылы нысаналы индикаторларға қол жеткізу бойынша атқарылған жұмыстар және 2021 жылға қабылданып жатқан шаралар туралы мәселесі қарастырылды.
Жалпы облыс бойынша қылмыс деңгейі төмендеді, мас күйінде қылмыс саны 20,0%-ға төмендеді, отбасы-тұрмыстық қатынастар саласындағы қылмыс 27,9%-ға төмендеді, алынбаған және өтелмеген соттылығы бар адамдар жасаған қылмыстар 35,9%-ға төмендеді, ЖКО-да қаза болғандар саны азайды.
Мәселен, жалпы алғанда, құқық қорғау органдары құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша кешенді жұмыс жүргізуде, ол Қазақстан Республикасында құқық бұзушылықтың алдын алудың 2020-2022 жылдарға арналған Кешенді жоспарында көзделген іс-шараларды іске асыру жолымен қамтамасыз етіледі.
Отырыс қорытындысы бойынша Архимед Мұахмбетов құқық бұзушылықтың алдын алу және қылмыс деңгейін төмендету бойынша жұмысты жалғастыруды тапсырды.