Бір шаңырақ астында бірлік пен татулықты ту еткен Қазақстан ұлттары мен ұлыстарының ынтымағы өзге елдерге үлгі боларлық. Оның үстіне, соңғы жылдары өзге ұлт өкілдері арасында мемлекеттік тілді үйренуге деген қызығушылық артып келеді. Олар тілді меңгеру арқылы халқымыздың ауыз әдебиеті, салт-дәстүрі, әдет-ғұрпымен жақынырақ танысып келеді. Сол сияқты олардың күнделікті өмірі мен қызметіне қазақ тілін білуі көп көмегін тигізіп жүр. Бұл туралы ойымен Қостанай облысы Полиция депаратменті Жедел қимылдау арнайы жасағының инспекторы Виктор Холодков айтып берді.
Виктор Холодков – ішкі істер органдарында 2017 жылдан бастап жұмыс істейді. Ол алғашында Меңдіқара ауданы полиция бөлімінің учаскелік инспекторы болып бастаған. Биыл Қостанай облысы Полиция департаменті Жылдам қимылдау арнайы жасағына ауысты. Жастайынан спортқа әуес, шымыр денелі жігіттің мұндайы қызметті таңдауы әу бастан белгілі еді. Виктордың тағы бір ерекшілігі – қазақ тіліне деген қызығушылығында. Ол мемлекеттік тілде ауызекі әңгіме-дүкен құрып, ойын анық жеткізе алады. Ол түсінікті де. Өйткені, учаскелік инспектор қызмет көрсететін аумағындағы барлық тұрғынның тілін табуы тиіс.
– Мен мемлекеттік тілдің маңызылығын мектептен түсіндім. Себебі, болашақта қандай мамандық иесі болатынымды және халықпен тікелей жұмыс істейтінімді білген соң тіл білуім керек. Мектепте де бізді солай оқытып, тәрбиеледі. Әрине, толық үйренуге мүмкіншілік аз болды, тәжірибе де жетіспеді. Айналамда қазақ тілін еркін меңгергендер саусақпен санарлықтай болатын. Бірақ, жоғарғы оқу орнында жүргенде, кейін жұмыста білімімді жетілдіре бастадым,-дейді Виктор Холодков.
Виктор қазір қазақ тілін жетік меңгеруге талпынып, «Тілдарын» тілдерді оқыту орталығының курстарына жазылған, сонымен қатар ағылшын тілін де оқып жүр.
–Ауызекі тілде сөйлей аламын, бірақ бұл маған аздық етеді. Сондықтан, Қостанай облысы Полиция департаменті ішкі және сыртқы коммуникациялар бөлімінің көмегімен «Тілдарын» тілдерді оқыту орталығының тереңдетілген білім беру курсына жазылдым. Ағымдағы жылдың ақпан айынан бастап білім алып жатырмын. Бүгін, мысалы, Қазақстанның тарихи тұлғалары туралы әңгімелестік,-деп атап өтті полиция аға лейтенанты.
Бүгіндері Қостанай облысы әкімдігінің «Тілдарын» тілдерді оқыту орталығында және облыстың қалалық, аудандық әкімдіктерінің жанындағы оқыту орталықтарында бас-аяғы мыңнан астам полиция қызмектері оқиды. Полиция депаратменті аппараты бойынша 151 қызметкер білім алады, оның 98-і қазақ тілін, 53-і ағылшын курсына жазылған.
–Жерлестеріміздің мемлекеттік тілді меңгеруге деген ниеті қуантады. Мемлекет басшысының саясатын жүзеге асыру үшін тілді білу өте маңызды. Сонымен қатар, заман талабына сай үштілді қатар үйрену керек. Полиция қызметкерлері жыл сайын курстарға белсенді қатысып келеді. Бұған дейін бірнеше қызметкер біздің сертификаттарға ие болған,-дейді «Тілдарын» оқыту орталығының оқытушысы Айткүл Доспанова.
Жылдам қиымлдау арнайы жасағының 17 қызметкері қазақ тілін үйреніп жүрсе, 18 қызметкері ағылшын тілін меңгеруде. Бұл сандар келер жылы тағы да ұлғая түспек.
– Бүгінгі таңда Қостанай облысы Полиция департаментінде мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту, насихаттау бойынша түрлі конференциялар, дөңгелек үстелдер, семинарлар, концерттік ісшаралар ұйымдастырылады. Жыл сайын өткізілетін «Парасатты полицей» байқауы, Наурыз мейрамы, Қазақстан халқы тілдерінің күніне орай викторина, көркем сөз оқу сияқты іс шаралар өткізіліп, бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен жариялауды жүзеге асырады. Мемлекеттік тілді меңгеру кез келген Қазақстан азаматының парызы мен міндеті саналады. Мемлекеттік тілді білу – әрбір қазақстандықтың бәсекеге қабілеттілігі мен қоғамдық өмірге араласуының белсенділігін айқындайтын ынталандырушы тетік болуға тиіс. Сондай-ақ, полиция қызметкерлеріне мемлекеттік және ағылшын тілдерін оқыту бойынша жұмыстарды, сонымен қатар мемлекеттік тілді насихаттау бойынша іс-шаралар ұйымдастырады,-дейді Қостанай облысы ПД ішкі және сыртқы коммуникациялар бөлімінің жетекші маманы Әсемән Түгелбаева.
Ұлты бөлек болса да ойы қазақ Виктор Холодковтың айтуынша, тілді жетік меңгеру үшін ең алдымен қажеттілік керек. Өйткені, сол тілге күнің қарамаса, оны үйрену де мүмкін емес. Одан соң оны қолданысқа енгізбесеңіз, тілді үйренуге жұмсалған күш пен уақыт құр босқа кетеді. Сонымен қоса, ниеттен бөлек, сол тілде көп кітаптар оқып, аудармалар жасаумен айналысу қажет. Біртіндеп шағын мәтіндер жазудан бастап, маңыздысы сөйлесетін орта табу керек. Өйткені сөйлесетін адам болмаса, әрі қарай даму да мүмкін емес.
– Әлі де қазақ тілін 100% меңгерген жоқпын. Мендегі бұл процесс әлі жүріп жатыр. Осы тілде сөйлеп, жаза алсам да, қазақ тілін жетік меңгеруге тырысып жүрмін, — дейді полиция аға лейтенанты Виктор Холодков.