Былтыр Қостанай облысы 1 млн тонна ұн, 77 мың тонна сүт өндіріп, республикада ауылшаруашылық өнімдерін өңдеу және экспорттау көрсеткіші бойынша көш бастаған еді. Астықты аймақ бір жыл ішінде Қытай мен Ресейге, сондай-ақ Тәжікстан, Ауғанстан, Өзбекстан, Қырғызстан мемлекеттеріне жалпы көлемі 1 млн тонна дәнді дақыл, 800 мың тонна ұн, 10 мың тонна өсімдік майын, 8 мың тоннаға жуық сүт өнімдері мен 168 мың тонна ет экспорттады.
Тобыл өңіріндегі тоғыз ауданға қарасты 60 шақты елді мекендегі қайнаған тіршілік пен жылдан жылға өркендеп келе жатқан ауыл тұрмысы ауыл шаруашылығы кәсіпорындарымен тығыз байланысты.
– Былтыр механизаторлардың жалақысы 30%-ға өсті. Майлы дақылдардың мөлшерін көбейттік. Алқаптағы майлы дақыл көлемі 20%-ға жетті. Алдағы 5 жыл ішінде майлы және дәнді-бұршақты дақылдың үлесін 60%-ға дейін жеткізуді көздеп отырмыз. Басты міндет – табыс мөлшерін көбейтіп, компанияның қуатын арттыру. Біздің басты ұстанымдарымыздың бірі – жерге қаржажатты аямау керек. Жерге құйған ақшаның қайтарымы бар. Жер алдамайды, ешқашан қарыз болып қалмайды. Керісінше, аялап, күткен сайын, қаржыңды еселеп қайтарып беріп отырады. Қазір біздің шаруашылықтарымызда мал басы да көбейіп жатыр. Бүгінде ет бағытындағы мал саны 3 мыңға таяп қалды. Мұның сыртында, сүт бағытындағы ірі қараның сапасын арттырып жатырмыз. Бұған дейін сүт өндіру кешеніндегі бір сауын сиыр жылына 5,7 тонна сүт беретін. Қазір агрохолдингке қарасты «Олжа-Садчиковтағы» немістің голштино-фриз тұқымды сиырының әрқайсы жылына 6,7 тонна сүт береді. Мұны жыл аяғына дейін 7,2 тоннаға дейін жеткізуді көздеп отырмыз. Тәулігіне 25 тонна сүт аламыз. Ал осы сүттен 20-дан астам өнім шығарамыз, – деді «ОлжаАгро» компаниясының басшысы Айдарбек Қожаназаров.
Облыстың ірі сауда орындары мен дүкен сөрелерінен үзілмейтін «Олжа-Садчиковтың» айран, сары май, қаймақ, сүзбе, ірімшік секілді өнімдеріне сұраныс жоғары. Алайда отандық сүт өнімдері қазірше сыртқа саудаланбайды. Өйткені кәсіпорын ешқандай антибиотик, консервант қосылмаған экологиялық таза өнім шығарады. Осыған байланысты тауардың сақталу мерзімі де қысқа. Мысалы, Садчиковтың сүті 3-5 күннен артық сақталмайды, іріп кетеді. Ал экспортқа шығару үшін таза өнімге химия қосуға тура келеді. Осылайша, кәсіпорын химиялық қоспадан әдейі бас тартып отыр.
«Себебі біздің өнімдерімізді көбіне балабақшалар мен мектептер алады. Ешбір қоспасыз таза өнім ішіп-жеп өскен баланың денсаулығы да мықты болады. Жалпы сүт өнімінің сапасы мен тазалығын оның сақталу мерзімі арқылы анықтай аласыз. Сақталу мерзімі қаншалықты қысқа болса, сүт те соншалықты таза болады», дейді агрохолдинг мамандары.
Былтыр бидайдың әр гектарынан орташа есеппен 15 центнерден өнім алған серіктестік биылғы көктемде 460 мың гектар алқапқа дән сіңіруді жоспарлап отыр. Оның ішінде майлы және бұршақты дақыл көлемін ұлғайту маңызды. Мәселен, алдағы егіс науқанында серіктестік 200 мың гектарға жуық алқапқа бидай, 50 мың гектар зығыр, 14 мың гектар күнбағыс, 9 мың гектар жасымық егеді.
−Жүгері алқаптары жақсы өнім берді, былтыр орташа 22 центнерден өнім алдық. Тіпті, 44-66 центнерден өнім берген алқаптар да кездесті. Биыл жүгері алқабын кеңейтуді жоспарлап отырмыз. Күнбағыс та тиімді дақыл, былтыр әр гектар алқаптан 13 центнерден алдық. Бұл жақсы көрсеткіш. Жылдан-жылға монодақылдан алшақтап барамыз. Алдағы мақсат – майлы дақыл көлемін тиісті деңгейге дейін көбейтіп, көп дақылды алқапқа қол жеткізу. Бұл біріншіден, топырақтың құнарын сақтаса, екіншіден, шаруашылықты нарыққа тәуелділіктен құтқарады. Қазір майлы дақылдың нарықтағы бәсі бидайға қарағанда анағұрлым жоғары. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастыра береміз, – дейді агроном Алексей Ерин.
Агрохолдинг шаруашылықты цифрландыруға жыл сайын қыруар қаржы жұмсайды. Былтыр холдингке қарасты «Олжа Садчиков» кәсіпорнын цифрландыруға 380 млн теңге жұмсалған. Нәтижесінде, алқапты талғап өңдеу, бейнесараптама жасау, жанармай мөлшерін, комбайндар мен дән сепкіш кешендердің жылдамдығын бақылау, агроскаутинг сияқты шаруашылықты басқарудың заманауи жүйелері енгізілді. Мысалы, агроскаутинг арқылы әр алқаптағы өсімдіктің бойын, бойлау жылдамдығын бақылауға болады. Бұған дрондар да пайдаланылады.
– Жалпы, егін шаруашылығын цифрландыру арқылы біз жанармай шығынын 30%-ға дейін азайттық, тұқым шығыны 10%-ға кеміді. Техника жөндеуге кететін шығын 20%-ға азайды. Ал мал шаруашылығына табынды басқаратын Dairi Plan, ірі қараның физиологиялық жағдайын бақылайтын Smax Tec, сондай-ақ мал азығын дайындау-үлестіру жүйесін енгіздік. Мысалы, Smax Tec мониторинг жүйесі сиырдың дене қызуын, белсенділігін, қарнының аш-тоқтығын, қанша су ішкенін бақылап, қатесіз анықтай алады. Осы арқылы сүт өнімін 25%-ға ұлғайттық. Бірақ цифрландырудың жөні осы екен деп, оны барлық жерге тықпалай берудің қажеті жоқ. Ең қажетті салаға ғана енгізу керек. Мәселен, Садчиковта сиырдың ішіне болюс енгіздік. Енді мал дәрігері әр сиырдың соңында жүріп, оның жай-күйін жеке бақылап, ыстығын өлшеп жүрмейді. Бұл ақпараттың барлығын компьютерден қараймыз. Бір адамның күні бойы істейтін жұмысын жалғыз бағдарлама атқарады. Малшы шынымен жұмыс істеп жатыр ма, жоқ әлде бөлмесіне барып ұйықтап жатыр ма, оны қайдан білесіз? Ал болюс мұндай адами факторды жояды. Қазір алқаптарды цифрландыру өз нәтижесін беріп жатыр. Біз әр шаруашылықтағы әрбір клетканы бақылауда ұстаймыз. Мамандар жердің сапасын, қай жерге, қанша мөлшерде тыңайтқыш салу керек, қай жерге салмау керек, дән еккен кезде қай жерге тұқым мөлшерін көбейту, иә азайту керек, соған дейін біліп отырады, – деді агрохолдинг басшысы.
Компания соңғы уақытта ет бағытындағы мал басын көбейтуді көздеп отыр. Осы мақсатта биыл агрохолдинг «1000 отбасылық ферма» жобасын қолға алып көрмек. Яғни агрохолдинг мамандары мал өсіруге бейімі бар отбасылардың әрқайсына 100 бас ірі қара береді. Талапкерлерді іріктеп алып, олармен шарт жасасқаннан кейін холдинг отбасылық шағын фермаларға қора-жай беру, жайлы жайылым беру, ветеринарлық көмек көрсету, қысқы мал азығын даярлау, жалға техника беру, оқыту, үйрету, шаруашылыққа, құқықтық салаға қатысты тұрақты түрде кеңес беру сияқты міндеттерді өз мойнына алады. Сонымен қатар отбасылық ферма өсірген төлді түгелдей өзі сатып алуға кепілдік беріп отыр.