Ғалым Кескенбай Жұмақұлов «Ыбырай Алтынсарин және қазақ халқының мәдениетінің дамуы» аталатын зерттеу еңбегінде 1887 жылы қазақ қыздар училищесінің ашылу салтанатында Отыншы ақынның Ыбырайға өлең арнағанын айтып:
Инспектор господин Ибрай,
Каков- то он был?
Ему хотелось бы иметь крылья
И полететь вверх
деген төрт жолын келтіреді.
Өлең тым қарадүрсін аударылған.
Дұрысы:
Ыбырай исі қазақ ұстазы еді,
Ғылымның төртбұрышын ұстап еді.
Тәңірім талабына хоштық берсе,
Ғарышқа қанат байлап ұшпақ еді.
Ақынның бұл шумағын Ғафу Қайырбеков кезінде «Дала қоңырауы» поэмасына эпиграф етіп алған. Қазақстанда тұңғыш әйелдер мектебі 1887 жылы Ақтөбе облысының Ырғыз ауданында (1888 жылдан бастап екі сыныптық училище),1888 жылы Ақтөбе қаласында, 1891 жылы Торғайда, 1893 жылы Қостанайда ашылды.
Диакон Николай Саркин 1904 жылы осы және тағы да басқа мектептердің ашылуына орай Қостанай қаласында өткен жиын туралы «Торғай облысындағы әйелдер мектептерінің ашылу тарихы» деп аталатын кітапша шығарған. Онда ол бас қосудың мән-жайын түсіндіре келіп, Отыншы ақынның сол жиын жайында жазған өлеңін оқушылар назарына ұсынады:
Қазақтың жар шақыртты баласына,
«Жиыл-деп-Қостанайдың қаласына».
«Адамдар инабатты қалмасын»,-деп,
Білдірді әр болыстың қол астына.
Омардың-біздің болыс, кәрі қатты,
Адамды инабатты қалдырмапты;
«Шағатай, Нұрқан келсін»,-демесе де
«Біздағы баралық»,-деп жекті атты.
Біз келдік Қостанайда жатқан көпке,
«Қазақты салады»-деп-қандай кепке?»
Орыстың оған шейін сыры ашылмай,
Қамалып отыр екен бекер- текке.
«Ақылын бұл орыстың байқадық»-деп,-
Қамалып жата бермей, қайталық»,-деп,
Оларға арғын жағы кісі салды,
«Школды алмаймыз деп айталық!»-деп,-бес болыстың бетке ұстар адамдары бас қосып, мәжіліс құрғаны баян етіледі. Арғындардың мектепті қабылдамайық» деген ойын Омар болыс та, Нұрқан да, Асқар да қолдайды. Алайда Қарабалықтықтар мектептің ашылуы керектігін айтады.
Одан әрі ол Кеңарал болысының сұрауымен Кеңаралда мектеп ашылып, оның ашылуына барлық болыстың өкілдері қатысқанын жырға қосып, Ахмет, Мұқан аға сұлтандардың, Қарпық болыстың аты-жөндерін мақтанышпен атайды.
Ұзақ өлеңде:
Тағы да қойды біреу помошник деп,
Нашарды мықтыменен теңесін деп
Талайды старшин шенге қойды қалап,
Қаншама ішті-жеді жұртты талап,-
деп сол кездегі билеушілердің жағымсыз істері мен қоғамдағы келеңсіздіктерді сынайды.
Нәсілі Қара қазақ Қыпшақ еді,
Тұтқасын бір облыстың ұстап еді.
Инспектор Ыбырай төре ол не болды,
Шығары қанат байлап ұшпақ еді,-
деп Ыбырай Алтынсарин есімін елге ерекше екпін бере таныстырады.
Өлең жиырма шумақ–80 жол. Мақаламыздың басында аталған еңбегінде К.Жұмақұловтың «Отыншы ақын Ыбырайға арнап бір-бір шумақтан тұратын 80 өлең жазыпты» деуі сондықтан екен.
Өлеңде аттары аталған Омар- Омар Қошанов, Ыбырайдың туысы. Балғожадан Алтынсары, Қошан, Алтынсарыдан Ыбырай, Қошаннан Оспан, Омар туады. Қазір Қостанайдың- Ыбырай туып-өскен Арақарағай орманының бір шетіндегі құдық-«Омар құдығы» деп аталады.
Шағатай- руы Қырықмылтық, Арғынның беделді, сыйлы адамдарының бірі.
С. Әбілғазиннің «Арқада Наушабайдың Нұржаны өткен» кітабында Шағатай есімі жиі аталады, Шағатай Балтабаев, Нұржан- Нұржан Наушабаев. Н. Саркин осы өлеңдегі адам аттарына берген түсіндірмесінде Шағатай мен Нұржанның бір кездері старшина лауазымын алуға бәсекелес болғанын айтады. Нұрқан–Нұрқан Мырзабакин, Меңдіғараның болысы. Ыбырай 1889 жылы 24 шілдеде Ф.Д.Соколовқа жазған хатында «Маужан Байжановтан –қазір барып, Меңдіғараның болысы Нұрхан Мырзабакиннің келген, келмегенін біліп беруін сұраймын.Егер келген болса, оның бүгін біздің үйге келуін өтінемін. Губернаторға жолықпастан онымен бір өте қажет іс жөнінде сөйлесіп алуым керек»,-дейді. Ыбырайдың бұл соңғы жазған екі хатының бірі. Нұрханға не айтпақ болды екен?!
Асқар–Асқар Сасықов, 1896-1899 жылдары Кеңарал болысын басқарған, Көлденең Қыпшақ: Бағашты, 1849 жылы туған.
«Қырап»– Крафт Иван Иванович. Бұрынғы әскери губернатор, алдымен Забайкальск, кейін Торғай облыстық басқармасының аға кеңесшісі қызметін атқарған,қазақ халқының тарихын жақсы білетін, елге танымал адам болған. Орта білімі болмаса да өз жолын тауып, әкімшілік қызмет сатысымен вице-губернатор лауазымына дейін жеткен.
Қарпықов– Бекмұхамбет Қарпықов, Торғай облыстық әскери губернаторының төтенше тапсырмалар жөніндегі кіші көмекшісі болған, Шұбар, Дамбар болыстарын басқарған. Ыбырай 1882 жылғы Торғай облысындағы оқу жұмысының жайы туралы есебінде «…Төрт құрметті қамқоршы: Троицк қазақ мектебінің құрметті қамқоршысы Қарпықов 200 сом, Ақтөбе мектебінің құрметті қамқоршысы Беркінбаев 109 сом, Торғай мектебінің құрметті қамқоршысы Бірімжанов 200 сом және Ырғыз мектебінің құрметті қамқоршысы Құлыбеков100 сом беріп отыр»,- деп жазады. Я.О.Барабаш–генерал-лейтенант, әскери губернатор. Торғай облысында орыс-қазақ гимназиясының ашылуы Я. О. Барабаш пен И.И. Крафт екеуіне тікелей байланысты. Ахмет–Ахмет Жантөрин, Орданың Шығыс бөлігінің бұрынғы билеушісі. Мұқан– Мұқан Жантөрин, қазақтар «Мұқан провитель» деп атап кеткен ол да бұрынғы ел билеушісі. Тілеу– шын аты Тілеумұхамед Сейдалин. Орынбордағы Нелпюев кадет корпусының түлегі. Қостанай уез бастығының көмекшісі болған адам. Ыбырай Алтынсариннің жақын достарының бірі.
Н. Саркин түсініктемесінде көрсеткендей, өлеңдегі лауазымды тұлғалар мен шендер- болус- болыс жанарал–генерал, әкім–бастық, шенеуінік– чиновник, болконлук–полковник, ояз–уез бастығы, халық төрешісі–би. «Бұл шендер мен лауазымдардың атауы орысша, өйткені оның бәрін орыстар ойлап тапқан», -дейді автор.
Өлең соңында Н. Саркин Ыбырайдың «Шариғат-ул-Ислам» атты еңбек жазғанын, 1889 жылы 17 шілдеде өкпе ауруынан қайтыс болғанын, қазақ арасында алғашқылардың бірі болып, Т.Сейдалин сияқты орысша білім алғанын,Н.И. Ильминскийдің Ыбырай туралы 1891 жылы «Ыбырай Алтынсарин туралы естелік» жазғанын, орыс қоғамының Ыбырайды өте жақсы көріп сыйлағанын, ол дүниеден өткенде қазақтардың орыстарды оның жаназасына қатыстырмағанын жазады. Сондай-ақ автор Кустанайдың қазақша Қостанай деп аталатынын ескертіп, оның Тобыл жағасына орыс-түрік соғысынан кейін салынғанын, егін шаруашылығымен айналысатынын, Қаланы салуға алғаш Ордабай деген жер таңдалғанын, біраз уақыт солай аталып келгенін, кейін 8 шақырым қашықтықтағы «Жалғыз мола» деген жерге көшірілгенін, бұл Қостанай деген қазақ кемпірінің тамы екенін, сондықтан қазақтар «Қостанай», орыстар «Николаевск» деп атағанын айтады. Онда жыл сайын 1 қазаннан 15 қазанға дейін және 29 маусымнан 14 шілдеге дейін Покровской, Петровской деп аталатын үлкен жәрмеңкелер өтіп тұрғанын баян етіп, Ыбырай ашқан мектептерге, онда тұратын орыстар мен қазақтар, қазақтардың ішінде Қыпшақ, Керей, Арғын, Жаппас, Жағалбайлы рулары тұратынын, бұл рулардың қай аудандарды мекен етіп отырғанын тәтпіштей жеткізеді.
Есіме Сыздық Әбілғазиннің «Арқада Наушабайдың Нұржаны өткен» атты кітабы түсті. Өйткені онда бұл «Жалғыз мола» Ыбырайдың ұлы атасы Тастемірдің шешесінің бейіті делінетін. Кітапты қайта парақтадым. Дәл солай. Автор Алтыбас қыпшақтың шежіресін тарата келіп, « …Тіней, одан Жанақ, одан Жаңбыршы, одан Ыбырай Алтынсариннің атасы Балғожа, Қанғожа, Тастемірдің анасы егіздің сыңары болғандықтан, есімін Қостана қойыпты. Қостана ана бұдан 250 жыл бұрын өмір сүргенін байқаймыз. Қолымыздағы шежіре тізбегіне үңіліп есептесек, 1710-1780 жылдар аралығында өмір сүрген сияқты»,-деп, Қостананың ділмәр, елге ұйтқы асыл ана болғанынын айтады.
«Қостана ананың қабірінің күмбезі үстіндегі айын жез қаңылтырмен көмкеріп, алтынмен булағанда алыстан күнге алаулай шағылыста көз қаритындықтан, Қостана– айы атанылып, кейін Қостанай атанып кете берген,- дейді автор айтқанын айқындай түсіп.-Ы.Алтынсарин Николаевск атауын өзгертіп Қостанай атымен қала атын атандыруында үлкен мәні зор тарихи дерек жатыр.
Қалаға қойылған Құттық Нұржан Наушабаевтың бабасы Қостанай ма, әлде Ыбырайдың бабасы Тастемірдің анасы Қостанай ма, осы арасы әлі де зерттей түсуді қажет етеді. Қаланың атына Қостанай атын беруде Ы. Алтынсарин тегіннен қолайламаса керек. Мұнда да ашылмаған тарих бар тәрізді».
Шындығында да бұл әлі зерттей түсуді қажет етеді. Дегенмен, Н. Саркин мен С. Әбілғазиннің айтқан пікірлері бір-бірімен қабысып, бір арнаға тоғысып тұр.
Диякон Николай Яковлевич Саркин Қазан қаласындағы діни академияда оқыған. «Об Исусь Христь и Мухаммед», «О женщинах», «Чудодейственный жизнь моисея по мусульманским сказаням и посох киргизских дервищей», Киргизское стихотворение о Александре Македонском» атты 7,8,9 беттен тұратын кітапшалары Қазан қаласында жарық көрген.
Бір құжатта Кәкімжан Саркин дегеннің Торғай облысындағы Қостанай уезінің Кеңарал болысында 1873 жылы №2 ауылда туғандығы, Қостанайдың орыс-қазақ екі сыныптық училищесінде оқығаны айтылып «Приказом Военного губернатора Тургайской области за №5, согласно приказу и на основании пункта І ст. ІІІ Высочайше утвержденного 13 июня 1886 мнения Госсовета об особых преимвществах гржданской службы в некоторых отдаленных местностях империи, зачислен в штат Костанайского уездного управления канцелярским служителем ІІІ разряда (1896 г. Декабря 11).
Приказом Военного губернатора за № 7, перечислен в штат Тургайского областного правлния (1897 г. Октября 26) » делінеді.
1878 жылы Қазан университетінде Бұлғар-Хазар, Қазан- Астрахан халықтарының тарихын зерттейтін «Археология, тарих, этнография, қоғамы» құрылды. Бұл қоғамға мүшелікке өту үшін тарихи деректер жинап, ғылыми мақалалар жазу міндет еді. Х. Саркин қазақ халқының, соның ішінде Торғай облысы қазақтарының өмір-тіршілігін көрсететін мақалалар жазып бастырып, осы қоғамның белсенді мүшелерінің бірі болды.
Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтының мұражай меңгерушісі, философия ғылымдарының кандидаты, қоғамдық ғылымдар кафедрасының профессоры Қалқаман Жақып: « Жер туралы алғашқы қақтығыста 1918 жылы қысқа мерзімге Қостанай оязы Селебе губерниясына қараған кезде А. Байтұрсынов осы мәселе бойынша Мәскеуде В.Ленинмен келіссөздер жүргізіп жатқанда, Қостанай оязын қайтару мәселесі бойынша арнайы комиссия құрған да, сол комиссияны басқарған да осы жерлесіміз Сәркенұлы Кәкімжан еді. Осы істе оның серіктері Иманбаев Файзолла, Жансарин Ерғали болатын»,-деп 1919 жылдың 22 желтоқсанында өткен қазақ өлесін басқару жөніндегі әскери революциялық отырыстың кезекті №40 хаттама көшірмесінен үзінділер келтіріп, Хакімжанның халық қамын ойлаған, жат-жұрттықтарға жерімізді бермеуге атсалысқан ірі тұлғалардың бірі болғанын дәлелді жеткізеді.
Н. Саркин осы Кеңарал болысында туып-өскен Отыншы ақын жайында жазып отыр, қазақша жақсы білетіні байқалады, Х. Саркин мен Н. Саркин –бір адам екенін кейін білдік, өйткені ол кезде кейбір қазақтардың аттарын орысша Нығымет болса, Николай, Қарабатыр болса, Кирилл деп атаған, мысалы Қарабатыр Арсыланұлы Сермұхамедов Кирилл Александрович Сермұхамедов 1903 жылы Торғай уезінде мал дәрігері боп қызмет атқарыпты . Сол сияқты Хакімжан – Коля –Николай…
Қазақ Совет энциклопедиясында Хакімжан Сәркеұлының 1870 жылы Қостанай уезінің Үй болысында үшінші ауылда туғаны, 1927 жылы қайтыс болғаны көрсетілген.
Кеңес өкіметін орнатуға белсене қатысқан. 1918 жылдан Коммунистік партия мүшесі. Орынбор рухани семинариясын (1980), Қазан рухани академиясын (1895) бітірген. Қазан төңкерісіне дейін журналистикамен шұғылданып, газеттерде қызмет істеген. 1918 жылы Қазан айында РК (б) П Қостанай укомында Шығыс халықтар секциясының төрағасы, 1919 жылы 19 тамызда Қостанай уезі Колчактардан азат етілгеннен кейін Қостанай уезі бойынша ревкомның соғыс комиссары Әліби Жанкелдиннің орынбасары, революциялық соғыс кеңесінің мүшесі, уездік партия комитетінің соғыс бюросының мүшесі, соңғы жылдары Қостанай губкомында әртүрлі партия, кеңес қызметтерінде болған. Ол– Қазақстан Советтерінің І –Құрылтай съезінің делегаты.
Х. Саркиннің туған жері– қазіргі Федоров ауданының Тайлан ауылы (бұл Жыланды ауылынан 7-8 шақырымдай жер).
Жазушы, Ғалым Ахмедов те «ХІХ- ғасырда оқығандар» деп аталатын мақаласында Хакімжан Саркиннің 1870 жылы туып, 1927 жылы дүниеден өткенін, 1890 жылы Орынбор рухани семинариясын, 1898 жылы (Жоғарыдағы ҚСЭ өмірбаянында) 1895 деп көрсетілген- С.О.) Қазан рухани Академиясын бітіргенін, 1818 жылы коммунистер партиясына мүше болғанын айтады.
Х. Сәркеұлының 1903 жылы «Тургайская газетада» (№ 9) «Жақсылық пен Жамандық» деп аталатын ертегісі басылған. Оның қысқаша мазмұны төмендегідей:
Баяғыда Жақсылық пен Жамандық жолдас болады. Екеуінің де ат-тоны, азығы бар екен. Жамандық өз азығына тимей, Жақсылықтың азығымен күнелтіп жүреді. Бір күні жақсылықтың азығы бітеді. Жамандық: «Жақсылығым, азығың таусылды, енді қайтесің?» дейді.
Жақсылық «Жамандығым, өзің біл»,-дейді.Жақсылықтың атын сойып, бөліп жейді. Сөйтіп Жақсылықтың бір құлағын, ол біткесін,екінші құлағын, ол біткесін, екінші құлағын, ол таусылған соң бір көзін азық етеді. Жамандық өз азығын Жақсылықпен бөліспейді. «Атыңды сойып жедік. Екі көзіңді ойып, құлағыңды кесіп төрт күн азық бердім. Жақсылығым, енді не істейсің? Енді құлағың жоқ, көзің жоқ, сені тастап кетемін»,-дейді. Жақсылық «тастап кетсең бір қалың тоғайдың ішіне таста»,-дейді. Жамандық бір қалың қара тоғайға апарып тастап кетеді.
Тоғайдың ішінде жолбарыс, түлкі, қасқыр кеңесіп отыр екен. Жолбарыс тоғайда екі бәйтерек барын, ол көзі жоққа көз, құлағы жоққа құлақ беретінін, қасқыр мың қойлы байдың қара төбеті барын, оның сүйегі өлген кісіге жан бітіретінін, түлкі қара обаның түбінде ат басындай алтын барын айтады.
Жақсылық екі бәйтерекке қолын тигізіп, үйкейді, көзі қайтадан бітеді, құлағын үйкейді, құлағы орнына келеді. Тоғайдан шығып қара обаның түбіндегі ат басындай алтынды алады. Мың қойлы байдікіне келіп, ат басындай алтынға қара төбетін сатып алып өлтіріп, өртеп сүйегін жинап қалтасына салып, ханға барады.
-Неғып жүрген адамсың?–дейді. Жақсылық:
-Ұлсызға ұл болайын деп жүрмін,-дейді.
Ханның ханшасы «Ұлсызға ұл болсаң маған ұл бол, менің ұлым жоқ, хан ауырып жатыр»,– дейді.
Ханшаға ұл болып жылқысын бағуға кетеді. Жақсылық кешке жылқыдан келсе хан қайтыс болып кетіпті. Ханша жылап отыр. Жақсылық «Жылама, тірілер!»,- деп қара төбеттің ұнтақталған сүйегін ханның аузына сал деп береді. Ханша ұнтақты ханның аузына салған ыңғайда ол «қатты ұйықтап кетіппін» деп басын көтереді. Жақсылық ханшаға «Хан ел-жұртын жиып алып маған жақсылық қылған кісі бар ма?»- деп сұраса, мені айтпа деп тапсырып, өзі жылқыға кетеді.Ертеңіне ел жұртына хан «Маған жақсылық қылған кісі бар ма?»-деп сұрайды. Ел-жұрты «Ешкім жақсылық қылмағанын айтады. Ел-жұрты тарқап кеткен соң хан енді кім қалды?» деп төңірегіне қараса, ханша « Сен ауырып жатқанда мен бір жігітті бала қылып алып едім, жылқыда бір сол-ақ қалды, соны шақыр»,-дейді.
Хан Жақсылықты шақыртып алып, оның дәрі бергенін, содан қайта тірілгенін біліп, алтын тағынан түсіп, Жақсылыққа береді. Ай десе аузы, күн десе көзі бар сұлу қызын қосады.
Жақсылық жылқы бағып жүріп баяғы Жамандыққа кездеседі. Жамандық «Сен қалай адам болдың?» деп таң қалады. Жақсылық бар шынын айтады.
Жамандық «Жақсылығым, мені қалың қара тоғайдың ішіне апарып тасташы, мен де сендей адам болар ма екенмін»,-дейді. Жақсылық айтқанын екі етпейді. Барлық байлықтарынан айрылып, әбден ашуланған түлкі, қасқыр, жолбарыс Жамандықты жеп қояды. Ертегі: «Жақсылыққа жақсылық, жамандыққа жамандық деген осы екен» деп түйінделеді.
Бұл ертегі қазір қымбат, асыл әдеби мұрамызға айналған. Оны «Қазақ ертегілері» кітабының І томының 235-239 беттерінен, сондай-ақ «Казахские сказки» кітабының 3 томының 23 бетінен, «Қазақ халық әдебиеті» сериясымен жарық көрген «Ертегілер» жинағынан үшінші томынан оқи аласыздар.
Серікбай Оспанұлы, А. Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетінің профессоры