Қостанай облысының экспорт көлемі былтыр 1,3 млрд долларды құрап, тауарлар мен қызметтер 20-дан астам мемлекетке шығарылды. Бұл туралы Сауда және интеграция министрлігі хабарлады.
Министрліктің ақпаратына сәйкес, экспорттың негізгі көлемі Ресей, Өзбекстан және Ауғанстан сияқты елдерге тиесілі. Өңірдің екі компаниясы («Промбаза 7» ЖШС және «Баян Сұлу» АҚ) Alibaba платформасында ұсынылып, олар халықаралық маркетплейстер арқылы қазақстандық экспортты ілгерілету бағдарламасы аясында «Алтын аккаунтты» иеленді. Былтыр Қостанай облысынан экспорттық акселерация бағдарламасына 8 кәсіпорын («Баян Сұлу» АҚ, «ДЕП» ЖШС, «Лидер 2010» ЖШС, «Бест Қостанай» ЖШС, «Аруана-2010» ЖШС, «ТД Аманат» ЖШС, «Молпродукт» ЖШС, «Компания Саламат» ЖШС) қатысты.
2020 жылы өңірдегі 24 компания экспорттық шығындардың бір бөлігін 909 млн теңгеге өтеу түрінде мемлекеттік қолдау алды.
QazTrade сауда саясатын дамыту орталығының мәліметіне сүйенсек, экспорттаушылар шығындардың бір бөлігін өтеумен қаржылық емес қолдау тетігімен қамтылған. Атап айтқанда, бұған компанияның диагностикасы мен оның экспорттық мүмкіндіктерін бағалаудан бастап сапалы талдау мен консалтингтік қызметтерді ұсынуға дейін кіреді. Мысалы, «Экспорттық акселерация» бағдарламасы арқылы азық-түлік өнеркәсібінің 35 компаниясы Қытай нарығына шығуға мүмкіндік алса керек. QazTrade қызметкерлері халықаралық сарапшылармен бірге бизнес өкілдерін Қытай нарығымен жұмыс істеудің «қыр-сырына» үйретіп, ҚХР-да отандық өнімді ілгерілетуге септесті.
Биыл Qaztrade «Самұрық-Қазына Инвест» ЖШС және «Қазақинвест» АҚ секілді ұлттық компаниялармен бірлесіп, экспортқа бағдарланған жобаларға инвестициялар тартуға жәрдем көрсетуге дайын екендерін білдірді.
«Енді кәсіпкерлерге мемлекеттік органдарға барудың қажеті жоқ, тек бірыңғай export.gov.kz портал-терезені пайдалану жеткілікті. Егер сізде жедел сұрақтар туындаса-@exportgov телеграм-арнасы және @qaztradebot телеграм-бот сізге қызмет көрсетеді. Бот сізге мынадай тақырыптар бойынша ақпаратты тез табады: «Экспорттық акселерация» бағдарламасына қалай кіруге болады, шығындардың өтемін немесе басқа да қаржы қолдау шараларын алу туралы, басқа елдердің маркетплейстеріне немесе мемлекеттік сатып алуларына қалай шығуға болады. Осы жерде өтінішіңізді қалдыра аласыз немесе сұрақ қоя аласыз», деді QazTrade АҚ жобаларды дамыту департаментінің директоры Айбек Сағынаев.