Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Тәуелсіздікке тарту

23 апреля 2021 11:00 • 958 просмотров

Қостанай облысының Лисаков қаласында жаңа теннис орталығы пай­далануға берілді. Бұл спорт нысанының іргетасы 2020 жылдың басында қаланған. Мердігер компания қысқа мерзім ішінде құрылыс жұмыстарын түбегейлі аяқтап, тұрғындардың игілігіне өткізіп берді. Енді заманауи талапқа сай жабық орталықта балғындар жыл он екі ай бойы теннис спортымен шұғылдану мүмкіндігіне ие болып отыр.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылға қарай өңірлердегі елді мекендерді спорт нысандарымен толықтай қамтамасыз етіп, кемінде халықтың 35%-ы бұқаралық спортпен шұғыл­дана­тындай деңгейге жеткізу міндетін тап­сырған болатын. Спорттық инфра­құ­ры­лымды дамыту мақсатында бой кө­тер­ген жаңа нысанның ашылуы ел тә­уел­­сіздігінің 30 жылдығы мен Лисаков қа­ласының 50 жылдығына орайлас келіп отыр.

Теннис орталығының ашылу рәсіміне қала тұрғындары, спорт ардагерлері, об­лыстық спорт басқармасының өкілдері мен өңірге белгілі жаттықтырушылар, сондай-ақ жас спортшылардың ата-аналары қатысты. Салтанатты жиында сөз алып, тұрғындарды құттықтаған қала әкімі Алмат Исмағұлов жаңа спорт ке­шені жастарды спортқа ынталандыруға, бұқаралық-көпшілік спорттың дамуына, қала тұрғындарының спортқа деген құлшынысын арттыруға, жастардың бос уақыттарын тиімді ұйымдастыруға, түптеп келгенде, саламатты қоғам қалып­тастыруға үлкен серпін беретінін, одан қалды қала жастарын теннис спортына баулып, халықаралық ареналарда ел намысын қорғайтын саңлақ спортшыларды даярлауға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Жаңа нысан кәсіби спортшыларды даярлайтын заманауи орталық қана емес, қала тұрғындары тұрақты жаттығып, денсаулығын шынықтыратын спорт ала­ңына айналмақ. Қала басшысы спорттық инфра­құрылымды дамыту халық тіле­гімен сабақтасып жатқан Президент Жол­дауының басым бағыттарының бірі екеніне тоқталды.

– Биыл бүкіл ел болып Тәуелсіз­дігі­міздің 30 жылдығын атап өткелі отырмыз. Бүгінде бізді бүкіл әлем кемел бо­лашаққа нық қадам басып, қарыштап дамып келе жатқан мықты мемлекет, спорттың сан алуан түрі дамыған қуатты ел деп таниды. Тәуелсіздігіміздің мерейтойы Лисаков қаласының 50 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Жарты ғасырлық бе­лесті бағындырған кеншілер қаласы соңғы ширек ғасыр көлемінде қарқынды дамып келеді. Шаһарымыз күннен күн­ге көркейіп, жаңа нысандар бой кө­теріп жатыр. Бүгін есігін айқара ашқан қа­ламыздағы тұңғыш теннис орталығы осының дәлелі. Лисаковта қазіргі таңда 99 спорт ғимараты бар. Қаланың барлық шағын аудандарында, Октябрь кентінде және Красногор ауылында тартан төселген 14 әмбебап ашық спорт алаңы, шағын футбол, баскетбол, волейбол ойнауға ар­налған жасанды көгалдар бар. Бұл спорт алаңдарына қаланың кез келген тұрғыны еркін кіріп, қалауынша спортпен шұғылдана алады. Жаңа пайдалануға берілген теннис орталығынан зор үміт күтеміз. Бүгін бұл орталықтың табал­ды­рығын алғаш аттаған балғындар ертең берісі облыс, әрісі республикаға, тіп­ті әлемге танымал теннисші болып шық­пасына кім кепіл? Бүгінгі күннен бастап қала тұрғындарына жайлы корттарда теннис ойнап, уақыт өткізуге мүмкіндік бар. Елбасы Жолдауында бұқаралық спортты дамытуға көңіл бөлу керектігі баса айтылған. Бұл нысан сол тапсырманы жүзеге асыру бағытында орындалып жатқан көп жұмыстың бірі ғана, – деді Алмат Ерікұлы.

Биыл сондай-ақ теннис орталығына жапсарлас аумақты абаттандырып, ол жерге мүмкіндігі шектеулілерге арналған дене шынықтыру орталығын салу жос­парда бар екен. Бұл жоба паралимпиадашы Алексей Липутин тарапынан түскен ұсыныстан кейін қолға алына бастапты. Алдағы уақытта бұл аумақта 12 кәсіби тренажер орнатылып, сәкілер, орындықтар қойылады. Сондай-ақ, алаңға жұмсақ тартан жабындысы төселіп, маңайына ағаш көшеттері отырғызылмақ. Жобаны жүзеге асыруға 30,5 млн теңгеге жуық қаражат қарастырылып қойған.

Салтанатты шара барысында теннис жаттықтырушысы Константин Мо­догоров пен Лисаков қалалық балалар және жасөспірімдер мектебінің жат­­тықтырушы-оқытушысы Павел Са­ламаха жаңа нысанның тұсауын кескен соң, көпшіліктің қуанышы көбейсін деген ниетпен шашу шашылды. Одан кейін спорт нысанының ашылу рәсіміне Қостанай қаласынан арнайы келген облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Елена Киреева мен спорт шебері, президенттік көпсайыс және шаңғы жарысынан 2021 жылғы Қазақстан чемпионы Николай Хрипунов құттықтау тілектерін жеткізді.

– Біз бүгінгідей Лисаков тұрғындары үшін маңызы зор оқиғаның куәсі болға­нымызға қуаныштымыз. Жаңа спорт ор­та­лығында кәсіби спортшылар ғана жат­­­тығып қоймайды, бұл – қала тұрғын­дары­ның бәріне ортақ бұқаралық кешен. Құтты болсын! – деді Николай Хрипунов.

Қала тұрғындары асыға күткен теннис орталығы ашық деп жарияланған соң шараға қатысушылар естелік суретке түсіп, бір-бірін құттықтап, ізгі тілектерін арнап жатты. Ал облыс орталығынан келген спорт мамандары жабық корттағы жас спортшылардың ойынын сырттай тамашалап көріп, кейін үлкен теннис ойнаудан шеберлік сабақтарын өткізді. Жаттықтырушылар балаларға ракетканы қалай ұстап, қалай сілтеу керектігін, доп­ты ойынға қосу әдістерін, кортта өзін-өзі қалай ұстау керек екендігін түсіндірді.

– Балалар бүгін кортқа алғаш рет шығып, доп ұрып көрді, қуаныштарында шек жоқ. Сөз жоқ, бұл теннис орталығы заманауи үлгіде салынған. Кешен барлық халықаралық стандартқа сай келеді. Мұн­дағы жаттығу сабақтары тегін жүре­тін болады. Орталықтың міндеті – ең бірінші кезекте, балаларды бес жастан бастап оқыту және республикалық турнирлерге қатысатын қала құрамасын қалып­тастыру. Біз республикалық теннис федерациясының басшылығымен сөйлестік. Лисаков – теннис орталығын салған алғашқы моноқала екенін мақтан тұтамыз. Спортқа қызығушы балалар мен олардың ата-аналары дән риза. Біз бұған дейін де осы спорт түрінен оң көрсеткіштер көрсетіп келген едік. Енді одан да жақсы нәтиже көрсетеміз деген үміттеміз, – дейді Лисаков қалалық балалар және жасөспірімдер мектебінің жаттықтырушысы Павел Саламаха.

Жергілікті теннис мектебі тәрбие­ленушілерінің қуанышты екендері айтпаса да түсінікті. Бұған дейін теннис талаптарына сай келе қоймайтын спорт нысандарында жаттығу өткізіп келген балалар мен жасөспірімдер енді үр жаңа жа­бық кешендегі қалыпты температурада, жұмсақ төсеніш үстінде жаттығатын болады.

Аталған спорт кешенінің құрылысына 312 млн теңгенің үстінде қаржы жұмсалды. Теннис орталығы қалалық стадионның жанында орналасқан. Заманауи екі қабатты кешенде екі жабық корт, көрерменге арналған трибуна бар. Жобаның жалпы ауданы – 2 мың 16 шаршы метр болады.

Жаңа спорт кешенінде кәсіби және әуесқой тенниспен айналысу үшін барлық жағдай жасалған: екі алаңы бар, жаттығу залы, күзет және бейнебақылау бөлмесі, медициналық кабинет, жаттықтырушылар бөлмесі, серверлік, жеке жылу пункті бар. Ұлдар мен қыздарға арналған киім ауыс­тыратын жеке бөлмелер мен ондағы санитарлық талаптардың сақталу жайы да қарастырылған. Мұнан бөлек, келушілерге арналған күту залы тағы бар. Өткен жылы теннис орталығына қажетті жиһаз, спорт жабдықтары, еден жуу машинасы сатып алыныпты.

Шағын қалада облыстық, республи­калық жарыстарда жоғары көрсеткіштерге жеткен спортшылар аз емес. Мәселен, А.Исмағұлова былтыр спорт шебері нор­мативін орындап, жасөспірімдер ара­сын­дағы республикалық біріншіліктің күміс жүлдегері атанды. Ал Леонид және Ва­лерий Папертныйлар ересектер арасында облыстық, республикалық жеке және жұптық сайыстарда жүлделі орындардан көрініп жүр. 

Теннис орталығының ашылғанына, әсіресе, бала кезінен үлкен тенниспен ай­на­­лысып келе жатқан 17 жастағы Ли­саков тұрғыны Дәмір Тұрлыбеков ай­рық­ша қуанышты. Бүгінде облыстың бір­неше дүркін жеңімпазы, республика чем­пионы атанып үлгерген жас спортшы енді ха­лықаралық жарыстарда топ жаруды көздейді.

Қазіргі теннис корты ашылып ойнауға өте қолайлы. Себебі бұрынғы ойын-жаттығу залымыз тар болды, стандартқа сай келмейтін әрі едені тақтай еді. Қазіргі теннис корты барлық талаптарға жауап бере алады, жабындысы да кәсіби дең­гейде төселген. Жаңа орталықты бұрынғы залмен салыстыруға болмайды. Арасы жер мен көктей. Барлық жағдай жасалған. Енді осы жерде үнемі дайындалып, өзім­нің шеберлігімді одан әрі де шыңдай түсемін, – деді Д.Тұрлыбеков.

Қаладағы әуесқой спортшылар алдын ала келісілген кесте бойынша теннис орта­лығына тегін кіріп, өздеріне берілген уақыт аралығында жаттығу өткізе алады. Ал үлкен теннис ойнап көргісі келетін ересек тұрғындар өздерімен бірге торлы таяқтары мен доптарын ала келуі керек.