Башқұртстан астанасы Уфа қаласында өткен «Зов Урала» атты оркестрлер және ұлт аспаптар ансамбльдерінің халықаралық байқау-фестивалінде Қостанай облысы Алтынсарин ауданының «Мұрагер» қазақ ұлт аспаптар ансамблі топ жарды.
Осымен төртінші жыл ұйымдастырылып отырған халықаралық байқау биыл індетке қарсы шектеу талаптарына сәйкес онлайн режімде өтті. Дәстүрлі музыка мерекесіне Ресей, Түркия, Қазақстан, Өзбекстан мемлекеттерінен жалпы саны 80-нен астам кәсіби және көркемөнерпаздар ұжымы, сондай-ақ студенттер, балалар ансамбльдері мен оркестрлері қатысқан.
Айбек Сыздықов жетекшілік ететін Алтынсарин аудандық «Мұрагер» қазақ ұлт аспаптар ансамблі Сүгірдің «Бозінгенін», Нұртуғанның термесі мен Ермұрат Үсеновтің аспапты оркестрге арналған «Қара жорға» туындысын орындап, оны бейнетаспаға түсіріп байқау-фестивальдің сайтына жүктеген. Осылайша, байқау қорытындысы бойынша аудандық ансамбль жүлделі бірінші орынды иеленді.
– Халықаралық байқауға Ресейдің халық әртісі, В.Андреев атындағы Санкт-Петербург мемлекеттік академиялық орыс оркестрінің бас дирижері Дмитрий Хохлов, Қазақстанның халық әртісі, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры Айгүл Үлкенбаева, Башқұртстанның халық әртісі Рамил Ғайзуллин, Өзбекстанның халық әртісі Фарук Садықов сынды оркестр және ансамбль өнерінің көрнекті қайраткерлері қазылық етті. Бүгінде солистер мен камералық ұжымдар арасындағы музыкалық байқаулар жиі ұйымдастырылады. Дегенмен бүгінде Башқұртстандағы халықаралық фестиваль жалпы Ресейдегі бірегей байқау ретінде мойындалып отыр. Өйткені үлкен оркестрлер мен ірі ансамбльдердің шығармашылық сайысы Ресей көлемінде Уфада ғана өтеді. Фестивальге қатысушылардың шеберлігі жылдан жылға шыңдалып келе жатқанын, әсіресе байқаудың географиясы кеңейе түскенін қазылар алқасы да атап өтті, – деді аудандық «Мұрагер» қазақ ұлт аспаптар ансамблінің жетекшісі Айбек Сыздықов.
Аталмыш халықаралық байқау-фестивалінің Гран-при сыйлығына екі бірдей өнер ұжымы – А.Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған музыка мектеп-интернатының Халық оркестрі мен Л.Беззубов атындағы Түмен орыс халық ас-паптар оркестрі лайық деп танылды.