Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Ұлт ұстазына тағзым

24 апреля 2021 15:13 • 1 296 просмотров

Қостанайдағы Ыбырай Алтынсарин мемориалдық му­зейінде Алаштың рухани көсемі Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған «Ұлы даланың ұлы тұлғалары» атты көшпелі көрме жұмысын бас­тады. Аталған көрмеге Алма­тыдағы Ахмет музей-үйі мен А.Байтұрсынұлы атын­дағы Қостанай өңірлік универ­си­тетіндегі Ахаң музейінде тұрған құнды жәдігерлер қойылған.

Алтынсарин музейінің қызметкер­лері таяуда Алматыдағы Ахмет му­зей-үйіне барып келген. Сапар ба­рысында қостанайлықтар ахметта­нушы ғалымдармен тағылымды кез­­десу өткізіп, қос музей рухани байланыс­ты нығайту және ғы­лы­ми ізденіс жұмыстарын жандандыру, өзара тәжірибе алмасу ту­ралы меморандумға отырған. Осы құжат негізінде Ахмет музей-үйі­нен Алаш қайраткерінің өмірі мен шығармашылығына қатысты бір­сыпыра құнды құжаттардың көшір­мелері Тобыл өңіріне әкелінді. Мұның ішінде тергеу кезінде түсірілген Ахаң­ның фотосуреті мен саусақ таң­баларының дактилоскопиялық кө­шірмесі бар. Олардың бәрі аталған көрме арқылы көпшілік назарына ұсы­нылып отыр.

– Сонымен қатар көшпелі көр­­меге облыстық ғылыми-өлкетану му­зейінде тұрған Байтұрсынұлының ағасы Ақтас Шошақұлының кісені қойылды. Ахаңның атасы Шошақтың Ақтас, Байтұрсын, Сабалақ атты үш ұлы ояз Яковлевтің басын жарып, Сібірге айдалғанын білесіздер. Ақтас айдаудан қашып келгенде, осы кісенді елге алып келген екен. Кейін ұрпақтарына қалдырған. 1957 жылы Ақтастың ұрпақтары кісенді өлкетану музейіне табыс еткен. Ал Ахмет Байтұрсынұлының өзі ұстаған таяғын Бәйсейіт Сейдахметұлы деген кісінің ұрпақтары әкеп берген. Сондай-ақ Ахаң университетінен алынған «Маса» жинағының түпнұсқасы, Ахмет музей-үйінен алынған Ахмет Байтұрсынұлының қайтыс болғанын растайтын куәлік көрмеге қойылып отыр, – деді Ыбырай Алтынсарин мемориалдық музейі директорының орынбасары Салтанат Өтелбаева.

Қостанайда ашылған көрменің ашылу рәсіміне Алматыдағы Ахмет музей-үйінің директоры Райхан Имаханбет арнайы келіп қатысты.

– Алдағы жылы Ахмет Байтұр­сынұлының 150 жылдығын ЮНЕСКО көлемінде атап өтеміз деген үміт бар. Осы орайда, мына мәселені айта кеткім келеді, Қостанайда университет жанындағы музейден бөлек, Аха­ңа жеке музей ашылуы керек. Ке­зінде осы Қостанайдың өзінде Ахмет Байтұрсынұлының өзі тұрған үй бар деп естіген едік. Келешекте сол үйдің өзін үлкен бір рухани ордаға айналдырып жіберуге әбден болады. Университет жанындағы музей деп жүргеніміз жай зертхана ғана, ол музей қызметін атқара алмайды. Сондықтан Ахмет Байтұрсынұлына Қостанай төрінен бір музей ашылса, әбден жарасымды. Одан бөлек, Алматы қаласында әлі күнге дейін мемлекеттік мәртебе ала алмай жүрген Ахаңның өзі тұрған үй, одан кейін кемеңгер қайраткердің туған жері Ақкөлдегі үйін де киелі нысандар тізіміне қостырып, оны да мемлекет есебінен қаржыландыру мәселесін бәріңіз жабылып көтере берулеріңіз керек. Ахмет Байтұрсынұлы «Қазақ жоғын іздеп жүрген жоқтаушы» дейді, жоқтаушы қазақтың әлі де түгендейтін дүниесі көп. Менің Ахмет музей-үйіне баруыма себепші болған Шолпан Ахметқызы ғой. Содан бері Шолпан апайдың аманатын арқалап келемін. Былтыр 29 қарашада Ахмет Байтұрсынұлы атындағы «Тіл-құрал» деп аталатын әдістемелік орталық аштық. Бұл орталық «Алаш» ғылыми-зерттеу институтымен бірлесе отырып, Ахаңның 12 томдығын шығаруды қолға алып отыр. Бәлкім, «бұрын шығып еді ғой, неге қайта-қайта шығарып отырсыздар?» деген сауал туындауы мүмкін. Мұнда үлкен мән жатыр. Бұған дейінгі көптомдықты құрастырушылар тақырып жағынан топтастырып, Ахмет Байтұрсынұлының өзі ұстанған құрылымды бұзып жіберді. Біздің мақсатымыз – Ахаң көзі тірісінде не жасады, соны сол қалпында жинаққа енгізу. Алдағы уақытта бұл 12 том­дықтың тұсаукесерін Қостанайда өткі­зе­міз деп жоспарлап қойдық, – деді Райхан Имаханбет.

Көрменің ашылу рәсімінен кейін музейге жиналған көпшілік 1937 жылы Ахмет Байтұрсынұлын тергеген Хамза Нұржанұлы деген кісінің Ахаңды қалай тергегені жөнінде 1991 жылы сексен жастағы тергеушінің өз аузынан диктофонға жазылып алынған әңгімеден үзінді тыңдалды. Көлемі 20-25 минут болатын аудиожазбаны Алтынсарин музейіне тергеушінің немересі Саян Нұржанов әкеліп тапсырыпты.

– Мен атамды көрген жоқпын, әкемнің айтуынша, атам кезінде тер­геуші болып қызмет атқарыпты, Ахмет Байтұрсынұлынан жауап алған. Атам бұл туралы 90-жылдары айтып кетіпті. Үйде жатқан аудиожазбаның жас зерттеушілерге, ғалымдарға көмегі тиіп қалар деп осы музейге әкеп тапсырдым. Атам Амангелді ауданына қарасты Байғабыл ауылында туған. Амангелді Имановты, Кейкі батырды, Әбдіғапарды көрген. Бұл жайында жазылған естеліктері де бар, – деді тергеушінің немересі.

Аудиожазбаның сапасы нашар ма, әлде құрылғы сапасыз ба, әйтеуір Хамза Нұржанұлының даусы жаң­­­ғырып дұрыс естілмеді. Бір аң­ғар­ғанымыз, тергеуші түрмеде жатқан Алаш арысының алдына бармас бұрын мұқият дайындалып, Ахаңның 5-6 өлеңін жаттап алған екен.