Батыс Қазақстан облысы аумағында 82 этнос өкілдері тату-тәтті тұрып жатыр. Өзімен өзі болып, томаға-тұйық жүрген ешқайсысы жоқ. Кейінгі жылдары облыста этносаралық негіздегі кикілжің де тіркелмеген.
Облыстағы этностық топ өкілдері, негізінен, Орал қаласы аумағында және аудандарда қазақтармен аралас мекен етеді. 2021 жылғы 1 қаңтардағы статистикалық мәліметке қарасақ, өңірімізде 656 300 адам тұрады екен. Оның 76,3%-ы – қазақтар, 19,3%-ы – орыстар, 1,4%-ы – украиндар, 1,3%-ы – татарлар, қалған 1,7 пайызы – өзге этнос өкілдері.
Өңірдегі этномәдени бірлестіктер қоғамдық келісімді сақтауда белсенді қызмет етіп, жүйелі жұмыс істеп отыр. Мысалы, олардың бастамасымен Орал қаласында «Достық» саябағы абаттандырылып, жыл сайын «Этнос апталығы» әлеуметтік жобасы іске асырылып келеді. Одан бөлек, атаулы даталарға байланысты кездесулер, белгілі адамдардың шығармашылық кештері, отбасылық құндылықтарды дәріптеу сияқты іс-шаралар үнемі өтеді.
Бүгінгі таңда Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы жанынан барлық деңгейде ақсақалдардың 169 кеңесі, аналардың 157 кеңесі, 239 Қоғамдық келісім кеңесі, 14 «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысы, 3 Достық үйі, 7 «Татуласу орталығы», 72 медиация кабинеті, Ғылыми-сараптама тобы, Кәсіпкерлер қауымдастығы, «Тіл мұра» қоғамдық қозғалысы, Журналистер клубы, Еріктілер орталығы, жексенбілік сыныптар мен халық ансамбльдері жұмыс істейді. Бұл ұйымдар 20 мыңнан астам адамды қамтып отыр. Өткен жылы облыс бойынша қоғамдық келісім мен этносаралық тұрақтылықты сақтау және насихаттау жөнінде 327 іс-шара өтсе, осы жылдың
І тоқсанында 78 іс-шара өткізілді.
Осы орайда өңір басшысы, облыстық ассамблея төрағасы Ғали Есқалиев бекіткен жұмыс жоспарына сәйкес, биылғы жылдың бірінші тоқсанында қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті қамтамасыз ету мақсатында этномәдени бірлестіктердің, қоғамдық келісім, ақсақалдар және аналар кеңестерінің отырыстары, шекаралас өңірлер арасында қарым-қатынас орнатуға бағытталған кәсіпкерлер қауымдастығының кездесулері, жүйелі түрде өткізілетін ғылыми-талдау, қайырымдылық және медиация жұмыстары, сонымен қатар «Қазақстанның 100 жаңа есімі», «Жаңғыру жолы» жастар мен еріктілер қозғалыстары және оқу орындарындағы «Достық» клубтарының іс-шаралары ұйымдастырылған болатын.
Соның ішінде, 28 қаңтарда облыстық ассамблея жанындағы Қазақ-Вайнах жастары «Достық» клубының өкілдері Маңғыстау кентінде бір құдықты тазалап, екінші құдықты қазып, мектепке ауыз су тартып берді. Осы жастар 21 ақпанда өңір ауылдарында тұратын аз қамтылған отбасылардың 85 баласы үшін «Светлячок» туристік базасында қайырымдылық акциясын өткізді.
Былтыр да, биыл да облыстық ассамблея мүшелері пандемия қыспағындағы халыққа барынша қол ұшын созды. 14 ақпанда «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысы мүшелері қиын жағдайда қалған 30 отбасын азық-түлікпен қамтамасыз етіп, бірлескен акция өткізді.
Облыс аумағында мемлекеттік тілді жетік меңгерген өзге этнос өкілдерінің қатарын көбейту, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, жас этнос өкілдері арасында қазақ тілін үйрену мақсатында «Тілге құрмет – елге құрмет» атты челлендж ұйымдастырылып, әлеуметтік желілерде жарияланды. Бұл іс-шара 22 ақпаннан 22 наурызға дейін созылды.
Ақ Жайық өңірінде 1 наурыз – Алғыс айту күні ерекше өтті. Орал қаласындағы «Қазақ халқына мың алғыс!» монументіне этномәдени бірлестіктердің өкілдері гүл шоқтарын қойды. Іс-шара шеңберінде пандемия кезінде белсенділік танытып, мұқтаж жандарға қайырымдылық көмек көрсеткен облыстық ассамблея мүшелеріне облыс әкімі атынан алғыс хаттар тапсырылды. Осы күні Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «30 игі іс» республикалық марафоны аясында «Қайырымдылық керуені» акциясы ұйымдастырылып, 150 әлеуметтік пакет қаланың аз қамтылған отбасыларына таратылды.
17 наурызда «Игі істер марафоны» жобасы аясында «Жаңғыру жолы» мүшелері тыл еңбеккерлеріне, облыстың Құрметті азаматтарына, мүгедек баласы бар, жалғызбасты аналарға барып, қолдау көрсетті.
«Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасына биыл Батыс Қазақстан облысынан 57 адам қатысты. Олар – тәуелсіздік жылдарында әр салада табысқа жеткен тілі басқа болса да тілегі бір этностар өкілдері.
Алда 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні. Осыған орай «Татумыз біз бір шаңырақ астында» тақырыбында ғылыми-
тәжірибелік конференция, «Бірлігі жарасқан Мәңгілік ел» жастар флешмобы, «Біз – Қазақстанның біртұтас халқымыз» волонтерлар қозғалысы, «30 игі іс» акциясы, этномәдени бірлестіктердің «Қайырымдылық керуені» өткелі отыр.
Өңіріміздің саяси жүйесінде маңызды тұтқа болып табылатын облыстық ассамблея бүгінгі таңда барлық этностың мүддесін ортақ мүддеге айналдырып, ұлттық ерекшелігіне қарамастан, барлық азаматтың құқығы мен еркіндігін қамтамасыз ететін қоғамдық институт ретінде қалыптасты деуге толық негіз бар.
Медхат ҚАМБЕТОВ,
Батыс Қазақстан облысы Қоғамдық келісім мекемесінің басшысы