Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Екпе жасау пункті ашылды

29 апреля 2021 10:01 • 796 просмотров

Қостанай қаласындағы Kostanay Plaza сауда-ойын-сауық орталығында коронавирусқа қарсы вакцина егетін кабинет жұмыс істей бастады. Бұл – облыстағы ең алғашқы жылжымалы екпе пункті. Кабинетте қаладағы №3 емхананың арнайы даярлықтан өткен дәрігерлері қызмет көрсетеді. Мұнда күніне 300 адамға дейін вакцина қабылдай алады.

Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов «Kostanay Plaza» СОО орналасқан КВИ-ға қарсы жаппай вакцинациялау пунктін қарап шықты. Коронавирустық инфекцияға қарсы вакцинация пункті ағымдағы жылдың 15 сәуірінде ашылды.

Облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасы басшысының м.а. Рүстем Айтбаевтың айтуынша, ашылған күннен бастап мұнда 560 адам вакцинацияланды.

— Пункте Қостанай қаласының №3 емханасының қызметкерлері кезекшілік етеді. Олар күн сайын сағат 10.00-ден 20.00-ге дейін демалыссыз жұмыс істейді. Үлкен кезек жоқ, өйткені бір ауысымда 5 немесе 6 дәрігер шығады. Бір науқасты вакцинациялау үшін 5-7 минут кетеді. Болашақта мұндай пункттер басқа сауда орталықтарында ашылады, — дейді Р.Айтбаев.

Облыста барлығы 30355 адам вакцинацияланды. Тек 2021 жылдың 20 сәуірінде облыста COVID-19 — ға қарсы 804 адам егілді, оның ішінде 1 компонент — 550, 2 компонент-254.

Бүгіндері әр емханада егу кабинеттері бар, сондай-ақ көшпелі бригадалар да жұмыс істейді.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Анжела Бексұлтанованың айтуынша, мұндай кабинеттер ерікті түрде вакцина қабылдағысы келетін тұрғындарға қолайлы жағдай жасау үшін және індеттің таралу қаупін азайту мақсатында ашылып отыр.

– Қала тұрғындары емханаға барып кезек күтпей-ақ, осында келіп вакцина салдырта алады. Қазірше Ресейдің Спутник V вакцинасын егіп жатырмыз. Таяуда Қостанайға вакцинаның бірінші компонентінен 24 мың, екінші компонентінен 12 мың доза жеткізілді. Екпе салдыртқысы келетін тұрғындар ең алдымен тіркеуден өтіп, сауалдама толтырады. Дәрігердің қарауынан өтіп, егуге өзінің жазбаша келісімін бергеннен кейін ғана вакцина егуге жіберіледі. Вакцина егілген соң жарты сағат бойы дәрігердің бақылауында болады. Одан кейін вакцинаның екінші дозасын алу үшін қайда және қай уақытта келу керектігі жазылған жадынама беріледі.

Екпе салдыру үшін электронды үкімет порталы және №3 емхананың ресми сайты арқылы кезекке тұруға болады. Сіздің өтінішіңіз қабылданған соң медицина қызметкерлерінің өздері хабарласып, екпе алуға шақырады, – деді А.Бексұлтанова.

Қостанайдағы ең ірі сауда орталығында орналасқан вакцина кабинеті жыл соңына дейін жұмыс істейтін болады және демалыс пен мереке күндері түскі үзіліссіз таңғы сағат 10.00-ден 20.00-ге дейін ашық тұрады.

А.Бексұлтанованың айтуынша, алдағы уақытта қала орталығындағы облыстық филармония ғимаратында екінші вакцина кабинетін ашу жоспарланып отыр.