Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың еліміздегі парламентаризмді дамыту мен тәуелсіз мемлекетімізді қалыптастырудағы және Отанымыздың халықаралық деңгейде биік беделге ие болуындағы рөлі ерекше.
Парламентаризм биліктегі халықтың барлық тобының өкілдігін қамтамасыз ете отырып, демократияның негізгі элементі ретінде мемлекеттік тұрақтылыққа және азаматтық қоғамның дамуындағы сабақтастыққа ықпал жасауы тиіс. Бұл еліміздің демократиялық дамуындағы маңызды институт болып саналады. Бүгінгі таңда азаматтық қоғам мен әлемдік өркениеттің дамуы парламентаризмнің заманауи тенденцияларымен анықталады. Сондықтан қазақстандық парламентаризмді дамыту мәселелері мен тетіктері өзекті. Қазақстандық парламентаризм институтының қалыптасу кезеңі қателіктер мен қиындықтардан, түзетулер мен табысты алға ұмтылулардан тұратын күрделі жолдардан өтті.
Тарихқа көз жүгіртейік. 1990 жылы наурызда он екінші шақырылымдағы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің сайлауы болды. Бұл сайлау толыққанды саяси партияларсыз өткізілсе де, тоталитарлық жүйенің өзгеру үдерісіне қайтарымсыздық сипат берді. Он екінші шақырылымдағы Жоғарғы Кеңес Қазақстандағы парламентаризмнің қалыптасу тарихында ерекше рөл атқарды. Бұл 90-жылдардағы бірқатар маңызды құқықтық актіні қабылдау мен мемлекеттік саясатты заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету жетістіктерімен айшықталды.
1990 жылдың 24 сәуірінде «Қазақ КСР Президенті лауазымын белгілеу және Қазақ КСР Конституциясына (Негізгі заңына) өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақ КСР заңымен Қазақ КСР Президенті лауазымы бекітіліп, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев еліміздің бірінші Президенті болып сайланды.
1990 жылы 25 қазанда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі «Қазақ КСР-інің мемлекеттік егемендігі туралы» декларация қабылдады.
1991 жылғы тамыз және желтоқсан оқиғалары – Мәскеудегі сәтсіз «бүлік» пен Беловеж келісімдері – КСРО тарихының соңғы нүктесін қойды, ал 1991 жылдың 16 желтоқсанында Қазақстан Жоғарғы Кеңесі Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігін жариялады. Республикадағы осы бір тарихи сәттен бастап ұлттық тәуелсіздікті, азаматтық құқықтар мен бостандықтардың нақты кепілдіктерін қамтамасыз етудің, демократиялық қоғам мен құқықтық мемлекет құрудың сапалық жаңа кезеңіне өту басталды.
1993 жылғы Конституция қазақстандық қоғамның дамуына оң динамика беріп, бірпартиялық саяси басқарудан, монополиялық экономикалық жүйеден және тарихи зорлық-зомбылық идеологиясынан бас тартуды бекітті. Сонымен қатар 1993 жылғы Қазақстан Республикасының Конституциясы Жоғарғы Кеңеске өте ауқымды өкілеттіктер берді. Бұл билікті бөлу ұстанымдарын жүзеге асыруды, тежеу мен теңгермелік жүйесін құруды қиындатты. Реформаларды одан әрі жүзеге асыру жедел өзгеретін оқиғаларға шұғыл жауап бере алмайтын әрі тиімді шешімдер қабылдай алмайтын республикалық органдардың, ең алдымен өкілетті биліктің тиімсіздігі анықталды. Тежеу мен теңгермеліктің жұмыс істемейтін тетіктері Жоғарғы Кеңеске Үкіметтің қызметіне араласуға немесе оны ауыстыруға мүмкіндік беріп, нәтижесінде республиканың өкілді органының қызметін мерзімінен бұрын тоқтатуға және өзін-өзі таратуға әкеп соқты.
1994-1995 жылдар қазақстандық парламентаризмнің қалыптасу тарихында өте маңызды кезең екенін атап өткен жөн. 1994 жылдың сәуірінен 1995 жылдың наурызына дейін жұмыс істеген он үшінші шақырылымдағы Жоғарғы Кеңес депутаттары тұрақты қызмет атқарған Қазақстанның алғашқы кәсіби Парламенті болды.
1995 жылы 30 тамызда өткен референдум нәтижесінде Парламент – заң шығару қызметін жүзеге асыратын республиканың жоғары өкілді органы деген ережені бекіткен Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы қабылданды.
Парламент тұрақты негізде жұмыс істейтін екі Палатадан – Сенат және Мәжілістен тұрады. 1995 жылғы Конституция Қазақстанды президенттік республика деп жариялады. Ал «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы», «Қазақстан Республикасының Үкіметі туралы», «Сот жүйесі және судьялар мәртебесі туралы» Конституциялық заңдар биліктің әр тармағының мәртебесі мен функцияларын реттеді.
Бұдан соң ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заң мәртебесіне ие Жарлыққа қол қойып, осыған сай екі палаталы Парламентке депутаттарды сайлау үдерісі 1995 жылдың соңында өтті. Ол еліміздің экономикалық, әлеуметтік және саяси мәселелерін шешуді заңнамалық деңгейде қамтамасыз еткен алғашқы кәсіби қос палаталы Парламент ретінде Қазақстан тарихына енді.
Отыз жылдық әлеуметтік-экономикалық және саяси реформалардың бастауында тұрған басты тұлға – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев болғаны ақиқат.
Мемлекеттік басқару тиімділігінің маңызды құрамдас бір бөлігі көшбасшы рөлі екендігі белгілі. Тұңғыш Президентіміз мемлекеттің қайта құрылуын қамтамасыз ете отырып, еліміздің барлық қоғамдық-саяси өмірін бірнеше жылға алға оздыра анықтаған көшбасшыға айналды. Тәуелсіздік жылдарындағы Қазақстан Республикасындағы негізгі стратегиялық шешімдер, оның ішінде қазақстандық парламентаризмнің қалыптасуы көшбасшының бастамашылығымен жүзеге асырылғанын атап өту маңызды.
Бүгінгі таңда ел Парламенті – жоғары сапалы заң шығарушы орган. Парламентіміз әлемнің 60-тан астам елінің парламентімен байланыс орнатып, оны нәтижелі дамытуда. Қазақстан Парламентінің мүшелері 40 белсенді халықаралық және аймақтық парламенттік ұйымдардың көпшілігімен белсенді ынтымақтастық байланыста.
Алайда парламентаризм тарихының бастауында, шын мәнінде, «күйзелісті тежеу» керек болды. Бір жағынан, елдегі экономикалық тоқырауды, өндірістік құлдырауды, қаржы жүйесінің ең ауыр дағдарысын, гиперинфляцияны, өмір сүру деңгейінің өте төмендігін және халықтың кедейленуін еңсеру қатал күн тәртібіне қойылды. Бұл тұста экономикалық реформалардың құқықтық негіздерін қалыптастыруды жеделдету міндеттері басты орынға шықты. Осыған орай, Елбасы бастамаларды жүзеге асыру пәрменділігін жиі-жиі өз қолына алуға мәжбүр болды.
Екінші жағынан, біз бастапқыда парламентаризмнің әлемдік бай тәжірибесіне сүйене отырып, биліктің заң шығарушы тармағын құра алмадық. Социалистік Кеңестердің ұстанымдары мен рухынан біртіндеп арылу үшін, әрине, уақыт қажет болды. Тұңғыш Президент елдің кәсіби де беделді Парламентін 5 жылға жетер-жетпес мерзімде қалыптастырып үлгерді. Осы уақыт аралығында Елбасы Конституциялық заң күшіне ие ондаған Жарлық шығарды.
2007 және 2017 жылдар аралығында саяси жүйені жаңғырту қадамдары жасалды. Парламенттің мемлекеттік институт ретіндегі рөлі үлкен өзгерістерге ұшырады. Конституциялық реформалар республикамыздың моделін президенттіктен президенттік-парламенттікке қарай өзгертумен жалғастырды. Бұл қайта құрулардың мақсаты саяси тұрақтылықтың жоғары деңгейіне қол жеткізу еді. Осы жылдардағы конституциялық өзгерістер Парламенттің мемлекеттік билік құрылымындағы саяси салмағы мен беделін белгілі дәрежеде арттырды.
Сонымен бірге Елбасы биліктің басқа тармақтарын нығайту барысында да өзінің жігерлі бастамаларын тоқтатқан емес. Оның басты мақсаты биліктің үш тармағының тепе-теңдігін қамтамасыз ету және функцияларды нақтылау болды. Атап айтқанда, соңғы бастамаларының бірі – салалық министрлік басшылары лауазымына үміткерлерді келісу, Үкіметтің іс-әрекетіне бақылау жасау секілді Президент өкілеттігінің бір бөлігін Парламентке беруі.
Парламентаризм туралы заңнамаға енгізілген түзетулердің маңыздылығы сонда, осыған сәйкес оппозициялық партияларға Мәжілісте сөз сөйлеу, жиналыстардың күн тәртібіне ұсыныстар енгізу және сан жағынан басымдыққа ие партияның бастамаларына балама заң жобаларын ұсыну құқығы берілді. Осылайша, қазақстандық парламентаризмнің негізін қалаушы – Елбасы екендігіне кәміл сенеміз.
Елбасы елді күрделі күйзелістен алып шығып, көркейген және әлемдік қоғамдастық құрметтейтін биік деңгейге жеткізді, биліктің шынайы қайнар көзі ретінде өз құқықтарын жүзеге асырып, өз еркіндігін демократиялық Парламент арқылы жариялай алатын халықты біріктірді.
Қазақстандық парламентаризм институтын қалыптастыру жұмысы үнемі жалғаса береді, өйткені бұл – тұрақты үдеріс. Қазіргі қазақстандық парламентаризмнің жүріп өткен жолы өркениетті елдердің прогресті талаптарына сай ұстаныммен сипатталатынын атап өтуге болады. Сонымен қатар одан тарихи сәттердің, қоғамдық және мемлекеттік болмыстың, ұлттық дәстүрлердің, құқықтық мәдениеттің ерекшеліктерін көруге болады.
Елбасы бір сөзінде: «Парламент Үкіметті құруда шешуші рөл атқаруы тиіс. Бәріміз бірге заңдар мен бағдарламалар қабылдап, халық алдында жауап беруге тура келеді», деген болатын.
2021 жылдың 10 қаңтарында Қазақстанда жетінші шақырылымдағы Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар депутаттарының сайлауы болды. Мәслихат депутаттарын сайлау жаңа пропорционалды сайлау жүйесі бойынша өтті. Сайлауға бірнеше партия қатысты.
Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «өткен сайлау еліміздің дамуындағы жаңа парақтарды ашқандығын» атап өтті. Шын мәнінде, бұл жолғы сайлау қазақстандық парламентаризм дамуындағы жаңа кезең басталғандығын білдіреді. Осынау саяси оқиға біздің мемлекеттігіміз бен қазақстандық қоғамның тұтастығының мызғымас беріктігін көрсетті.
Бір жағынан, бұл – Президент қолға алған саяси және әлеуметтік-экономикалық реформаларды халықтық қолдаудың айғағы. Екінші жағынан, бұл – Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев алға қойған елдегі демократияны нығайту міндетін шешудегі кезекті маңызды қадам. Бұл – жаңа Қазақстан құрылысының іргетасын берік етіп қалаған мемлекеттік саясаттың сабақтастығының сақталуы.
Өз басым Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқан «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» ұстанымы Қазақстанда толықтай жүзеге асырылатынына сенімдімін.
Тұтастай алғанда, Елбасының мемлекетті дамыту, қалыптастыру, сондай-ақ тәуелсіз Қазақстанды құрудан бастап, оның экономикасы мен сыртқы, ішкі позицияларын нығайтуын қолайлы да тұрақты әлеуметтік-экономикалық саясатты қалыптастыру арқылы жаңа кезеңге жалғастырудағы рөлі баға жетпес құндылық деп есептеймін. Еліміздегі мемлекеттік басқару тиімділігінің маңызды құрамдас бөлігінің бірі – Елбасының ерен еңбегі екендігі даусыз.
Елбасы саясатындағы маңызды орынды этносаралық қатынастар мәселесі иеленеді. Қазақстан – көпэтносты мемлекет. Этностық, мәдени және діни әртүрлілікке қарамастан, біз елдегі бейбітшілік пен саяси тұрақтылықты сақтадық. Қазақстан көптеген этнос өкілдері мен 17 конфессияның туған үйіне айналды.
Нұрсұлтан Назарбаев елдің көпэтностылығын республиканың игілігі мен жетістігіне айналдыра білді. Ол өзінің Қазақстан халқына арнаған дәстүрлі Жолдауларында әрдайым қоғамдағы тұрақтылық пен өзара түсіністікті сақтауға шақырды. Елбасы өзінің икемді саясатының арқасында республика өтпелі кезеңнің қиыншылықтарын жеңіп, этносаралық негіздегі ықтимал қақтығыстардың алдын алды.
Республика азаматтарының ұлтына, тіліне, діндік қатынасына, қандай әлеуметтік топқа жататынына қарамастан, құқықтары мен бостандықтарының теңдігін қамтамасыз етуді мақсат тұтқан, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы жанындағы консультативтік-кеңесші орган болып саналатын, бірегей институт – Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды. Сонымен қатар Парламент Мәжілісінің 9 депутаты Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланады.
Халықаралық қатынастарда Елбасы Қарабақ жанжалын шешуге тікелей қатысты, оның Ресей мен Түркия арасындағы, Қырғыз Республикасындағы түйткілді мәселелердің шешімін табудағы ықпалды қызметі де ерекше. Ал Сириядағы қақтығысты реттеудегі қажырлы еңбегінің жөні бөлек. Елбасы жақын көрші мемлекеттермен жоғары деңгейде, тиімділігі ортақ қарым-қатынас орната білді. Қиын геосаяси жағдайда Қазақстан Қытаймен де, Ресеймен де ортақ тіл табысты. Бүгінгі таңда даналықпен жүргізілген сыртқы саясат өз жемісін беруде. Аз ғана уақыт ішінде Қазақстан тарихи тұрғыда әлемге танымал болды.
Экономикалық салада Елбасының күш-жігерінің арқасында Қазақстан ТМД-да бірінші болып жекеменшікке, еркін бәсекелестікке және ашықтық ұстанымдарына негізделген нарықтық экономиканың заманауи моделін қалыптастырды. Бұл модель шетелдік инвестицияларды тартудағы мемлекеттің белсенді рөліне негізделген. Сондай-ақ кәсіпкерлік қызметтің негізгі шарттары мен заманауи салық жүйесі қалыптасты. Басқа да айтулы жетістіктер қатарынан ерекшелеуге болатындары:
— егемен Қазақстанның мемлекеттік шекаралары анықталды;
— нарықтық экономиканың тетіктері қалыптасты;
— тұрақты экономикалық өсу қамтамасыз етілді;
— жаңа астана салынды;
— шетелдердегі қандастарымыз атажұртына оралды.
Еліміздің әлемдегі бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына кіруін қамтамасыз еткен «Қазақстан-2030» стратегиясы мерзімінен бұрын іске асырылды. Еліміз өзінің өміршеңдігін дәлелдей отырып, әлемдік екі экономикалық дағдарыстан сәтті шықты. Қазір ол бүкіл әлемді шарлаған COVID-19 пандемиясымен нәтижелі күресуде.
Әлемдегі ең танымал әрі беделді саясаткерлердің бірі Маргарет Тэтчер Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті туралы: «Бүгінгі таңда әлем бес-алты ықпалды саясаткерді біледі, олардың қатарында Нұрсұлтан Назарбаев та бар», дегені жадымызда.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев – дүние жүзіндегі өркениетті елдердің, Шығыс пен Батыстың, ислам мен христиан діндерінің, өзге де конфессиялардың арасында сындарлы диалог орнатуға ықпал ететін және барша қазақстандық мақтаныш пен өнеге тұтатын Көшбасшы.
Еділ МАМЫТБЕКОВ, Парламент Сенатының депутаты