Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Дөңгелек үстел өтті

7 мая 2021 10:01 • 635 просмотров

Қостанайда мемлекеттік органдардың, саяси партиялардың облыстық филиалдары басшыларымен дәстүрлі кездесуі өтті. Облыс әкімінің орынбасары Бахыт Есімованың төрағалығымен өткен дөңгелек үстел барысында қатысушылар Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» бағдарламалық мақаласы аясында мемлекеттік органдар мен саяси партиялардың өзара іс-қимыл динамикасын талқылады.

Кездесу барысында әр партия басшысына сөз беріліп, олар сайлауалды бағдарламалардың облыс аумағында жүзеге асырылуы, мемлекеттік органдармен өзара байланыс орнату мәселелеріне тоқталды. «Nur Otan» партиясының облыстық филиалы басшысының бірінші орынбасары Э.Күзенбаев бүгінгі таңдағы партияның басты мақсаты – сайлауалды бағдарламада белгіленген барлық міндеттерді орындау екенін, облыстық және аумақтық филиалдарда «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасының нақты бағыттарының іске асырылуын бақылау бойынша 178 Қоғамдық кеңес жұмыс атқарып жатқандығын атап өтті.

Ал, Қазақстанның Халық Партиясы облыстық филиалының бірінші хатшысы А.Коваль әлеуметтік мәселелерді шешу бойынша диалог алаңдарын ұйымдастыруда мемлекеттік орган басшылары үнемі тыс қалатындығын, «Ауыл» партиясының облыстық филиалының үйлестірушісі А.Күйшінова ауылдың инфраструктурасын дамытуға әлі де болса баса назар аудару керектігіне тоқталып өтті.

 «Ақ жол» ҚДП облыстық филиалының төрағасы М.Жұтаев мемлекет тарапынан бизнес құрылымдарына, кәсіпкерлерге көрсетіліп жатқан көмектің Қостанай облысында қалыпты деңгейде екендігін, сондай-ақ, «Ақжол» партиясы мониторингтік топтардың, қоғамдық бақылаудың бастамашысы және қатысушысы ретінде қоғамды алаңдатқан мәселелерді шешуге белсене ат салысып жатқандығын атап өтті.

«Адал» партиясының облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары А.Салауатов қазіргі таңда қайта жандандырылған партия жұмысын ауылдық жерлерге баса назар аударудан бастап жатқандығын және алда күтіліп отырған ауыл әкімдерінің сайлауына белсене қатысатындығын және оған дайындықтың басталып кеткендігін атап өтті.  

Жиынды қорытындылай келе, облыс әкімінің орынбасары Бақыт Амангелдіқызы:

«Біздің алдымызда жаңа міндеттер тұр. Азаматтардың проблемаларын жай ғана есту және көру жеткіліксіз, бастысы – оларға дұрыс және объективті жауап беру. Биліктің, қоғамның және саяси партиялардың ведомствоаралық өзара іс-қимылы – «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асырудың бірден-бір жолы. Сондықтан мемлекеттік орган басшыларына саяси партиялармен тұрақты және жүйелі диалог орнатуды тапсырамын», — деді.

Кездесу соңында саяси партиялардың өкілдері Қостанай облысының тұрғындарын алдағы мамыр мерекелерімен ұжымдық құттықтауға қол қойды.