Қостанайлық оқушылары «Адам-Жер-Ғарыш» атты ХХІ бүкілресейлік оқу және ғылыми-зерттеу жобаларының олимпиадасында топ жарды.
Оқушылар мен жастардың дәстүрлі білім-ғылым додасы («Созвездие» олимпиадасы) биыл бір жыл үзілістен кейін 3-7 мамыры аралығында Королев қаласында (РФ, Мәскеу облысы) өтті.
Жас білгірлер бәсекесіне Ресей Федерациясының 45 өңірінің және Қазақстан Республикасының Қостанай және Алматы облыстарының оқушылары өз жобаларын ұсынды. Біздің облыстың намысын «Озат» мамандандырылған ақпараттық технологиялар мектеп-лицей-интернатының 8-сынып оқушысы Николай Ибрагимов қорғады. Жас дарын республикалық жобалар конкурсының облыстық кезеңінің жүлдегері. Оның осы олимпиадаға қосқан жұмысы – «Флора мен фауна» секциясына қатысты «Аэропоника» жобасы.
«Созвездие» олимпиадасының қазылар алқасы мен ұйымдастыру комитеті мүшелері қазақстандық қатысушылардың жобаларына жоғары баға беріп, сапа жағынан 1-орынға лайық деп тапты. Николай мен оның ғылыми жетекшісі Карина Нұғыманованы халықаралық деңгейде табысты өнер көрсетуімен шын жүректен құттықтаймыз!