Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Ер есімі – ел есінде

15 мая 2021 10:04 • 1 363 просмотров

«Nur Otan» партиясының облыстық филиалында Ауған соғысында қаза тапқан жерлестер туралы естелік кітаптың тұсауы кесілді.

– Бұл – Ауған соғысында қаза тапқан жерлестер туралы естелік кітаптың екінші, толықтырылған нұсқасы. Бірінші кітап сонау 2002 жылы шыққан. Ол кезде түрлі себептермен соғыстан оралмағандар туралы барлық мәліметтер оған енгізілмеген. Сол себепті Ауған соғысы ардагерлері осы істі соңына дейін жеткізуге бел буып, нәтижесінде кітаптың екінші басылымы жарық көріп отыр. Бұған дейін осы жылдың ақпан айында Ауған соғысының ардагері Анатолий Харченконың «Афганистан в моей судьбе» атты кітабының тұсаукесері өткен болатын, – дейді «Nur Otan» партиясының облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Эльдар Күзенбаев.

Жаңа басылымда қаза тапқан 66 боздақ және жоғалып кеткен 4 жауынгер туралы мәліметтер бар. Олардың арасында Мендіқара ауданының тумасы, өмірден озғаннан кейін «Кеңес Одағының Батыры» атағы берілген Ухабов Валерий Иванович бар. 

Сонымен қатар, Меңдіқара өңірінің тумасы, шекарашы, «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталған Мұқанов Қайырбек Ақатұлының да есімі енгізілген. Соғыс құрбандары қатарында азаптау кезінде ерлікпен қаза тапқан Грязнов Виктор Иванович та бар, моджахедтер оны «қызыл қызғалдақ» деп аталатын өлім жазасына кескен. Іс-шара барысында сөз сөйлеген Ұлы Отан соғысының ардагері, Қостанай облысы және қаласының құрметті азаматы Михаил Подоляковтың айтуынша, тұсауы кесіліп отырған кітап келер ұрпаққа үлкен мұра.

– Осындай мәнісі зор кітаптың Жеңіс мерекесі қарсаңында тұсауы кесіліп отырғаны қуантады. Отан үшін, адамзат үшін өмірін қиған әрбір батырды халқымыз ұмытпауы қажет деп ойлаймын. Сондай-ақ, өскелең ұрпаққа олардың ерлігі үлкен тәрбие. Ауған соғысы да бұл ретте ерекше маңызға ие. Қостанай облысына бұл сұрапыл майданға облысымыздан 1864 адам шақырылған. Қазіргі таңда Қостанайда Ауған соғысы ардагерлерінің саны 1000-ға жуық. Олардың әрқайсысының тарихта орны бөлек. Осы кітапта әрбірінің есімі мәңгіге қалады. Сол себепті кітап авторларына ерекше ризашылығымды білдіремін, – деді Михаил Иванович.

Сондай-ақ, Ауғанстандағы соғыс тақырыбына арналған ескерткіш мемориалдар облыстың қалалары мен аудандарында, атап айтар болсақ, Қостанай, Арқалық, Лисаков, Рудный, Жітіқара, Қостанай, Федоров, Сарыкөл және Ұзынкөл аудандарында орнатылды. Мұнымен қоса, Ұзынкөл ауданының Федоров ауылында интернационалист жауынгер Тілегенов Жүніс Қалелұлына ескерткіш тақта қойылып жатыр.