Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Баптай білсең, жер жомарт

20 мая 2021 16:00 • 1 219 просмотров

Қазір дала төсінде жұмыс қызған шақ. Жыл он екі ай дамыл көрмейтін шаруа біткен алқабын өңдеп, дән себуге дайындалып жатыр. Биыл облыс диқандары 5,2 млн гектарға тұқым сеппек. Біздің облыстағы егіс алқабының 75%-і бидайға тиесілі. Әйтеуір, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің сапалы астық өсіруге деген ықыласы алабөтен. Биылғы егіс науқаны – кәнігі диқан, білікті кәсіпкер Ибраш Естаев үшін елеулі кезең. Ол елуінші рет жерге дән сепкелі отыр. Сонау, 1971 жылдың көктемінде «Бестау» кеңшарының Шөптікөл бөлімшесін басқарып тұрғанда, алғаш рет алты мың гектар алқапқа егін еккен. Содан бері не заман?! Ибраш Естайұлының да тәжірибесі толысты, егін егудің қыр-сырын әбден меңгерді. Бүгінде кәнігі кәсіпкер жиырма мың гектардан астам алқапқа жайқалтып бітік егін өсіреді. Оның иелігіндегі жердің құнары жоғары. Бонитеті алпысқа дейін барады. «Егіннің жайын еккен біледі» демекші, одан арғы әңгімені диқанның өз аузынан естиік.  

            Жақсы жерге егін де бітік шығады. Мәселен, кезінде өзім істеген «Бестаудың» балл-бонитеті 15-ке әрең жететін. Ондай жерде өнген егіннің шығымы да шамалы болады. Сосын арамшөпті дер кезінде улап, отап отырмаса, қаулап өсіп, бой бермей кетеді. Көп шаруа осыдан жапа шегеді. Сондықтан, зиянкестерге қарсы гербицидтер, интексидтер қолданбаса құнарлы жердің өзінен мол өнім алу неғайбыл. Салыстырып қарайық, қамыстылық шаруалар бір гектардан жеті-сегіз центнер бидай алса, мен жиырма-жиырма екі центнер өнім жинап аламын, олар кей жылы он центнер алса, мен отыз центнерге дейін аламын. Мұның сыры неде? Әрине, ең бірінші жердің құнарлығында. Екіншіден, тұқым сапалы болуы керек. Үшіншіден, технологияға мән берген дұрыс.

            Кезінде марқұм В.Двуреченский нөлдік технологияны көп насихаттады. Шыны керек, шаруалар соның пайдасын емес, зиянын көрді. Қалай болғанда да жерді жырту керек. Жер жыртылса, ылғал тез сіңеді. Жердің қыртысына ауа барады. Ал қу тақырға қайдан сіңеді? Жалғыз мен емес, көбісі содан жапа шекті. Нөлдік технологияны қолданудың да өз реті бар. Бәрібір жерді жыртпай болмайды. Мен Канада, Германия елдеріне жиі барамын. Олардың егін егу технологиясын зерттеймін. Олар жерді жыртады, оны әдемілеп тұрып баптайды. Ылғалы мол жерге тұқым салғаннан кейін қаулап өседі. Мәселен, Канаданың ауарайы біздің облыстың ауарайымен бірдей. Бірақ, бізде жылына 150 мм жауын-шашын түссе, оларда 350 мм ылғал түседі. Яғни, біздікінен екі-үш есе көп. Жаңбыр жауған жерге егін жақсы шығады. Бидайдың сабағы қылтиып шыққанша, 5-6 процент ылғалды қорек етеді. Ол өсіп, түптене бастағанда бір бидайдан бес-алты түп шығады. Оған әлбетте ылғал керек. Осы түптену кезінде бір түйір жаңбыр жаумаса, бәрі құриды. Жаңағы бес-алты түптен бір немесе екі масақ қана қалады. Қалғаны қурайды. Бір масақта отыз бес-қырыққа дейін дән толысады. Өзіңіз есептей беріңіз. Егіннің молдығы осыдан.    

            «Баптай білсең, жер жомарт». Мұны халқымыз бекер айтпаған, жерді міндетті түрде баптау керек. Жер біздің Анамыз. Оны мәпелеп, күту керек. Қазір көбісі күзде егінін орып алғасын, жермен жұмысы болмайды. Бұл дұрыс емес. Күзде егін орып болғасын алқапқа соқа жібереміз. Тісті соқалар жерді он бес-жиырма сантиметрге дейін қопарады әрі арамшөпті түптамырымен құртып отырады. Жазғытұрым оған қыстай жауған қардың суы, жаңбыр сіңеді. Көктемде міндетті түрде ылғал жабылады. Әйтпесе, жерге сіңген су бу боп ұшып кетеді. Тіпті, бір сағаттың айналасында бәленбай тонна су буға айналады. Ал жерді тырмалап тастасаң, оның бар ылғалы бой-бойына тарап, егін сепкенше әбден былқып жатады. Тұқым себудің өз мерзімі бар. Кәнігі шаруалар мамыр айынының он бесі-он жетісінен бастап дән себе бастайды. Ол маусымның біріне дейін ұласады. Одан әріге асыруға болмайды. Әуелі арпа, сосын бидай себесің. Егер маусым айының бірінен асырып жіберсең, онда ылғал жетпей қалады да бидайдың түптенуіне әсер етеді. Былайғы жұртқа білінбейді ғой, мұны жер емген шаруа адамы ғана түсінеді.

            Кәнігі диқан ала жаздай бір дамыл көрмейді. Неге десеңіз, тұқым себе салумен шаруа бітпейді. Оны үнемі қадағалап отыру керек. Өзі қай жерге де арамшөп шыққыш келеді. Мұның егінге тигізер зардабы мол. Зиянкестерді дер кезінде жойып отырмаса, жаз бойғы еткен еңбегіңнен түк пайда жоқ. Сондықтан, арамшөпке қарсы гербицид, интексицит қолданасың. Улайсың. Қайта мемлекет гербицидке 50 процент субсидия береді. Интексицит деген дәрі бар, оны бидайдың ауруына қолданады. Бидайдың да ауруы болады. Егер ауру әсер етсе, бидай дұрыс өспейді, сапасы жоғалады. Міне, осындай жанкешті еңбектің арқасында егіннің масағы толысып, жайқалып өседі. Кейбір шаруа күзде егінін ерте орып алады. Оны шаруалар «свал» дейді. Яғни, бидайдың «сүті» қатайған кезде, жығасың. Сосын ол жатып, күннің көзіне піседі. Сол кезде жинап алуға болады.    

            Бізге, егіс науқанына үш мың тонна тұқым керек. «Омский-36» тәрізді алты-жеті түрлі элиталық сорт егеміз. Себебі, элиталық сорттар жақсы өнім береді. Оның өзін қайта-қайта себе беруге болмайды. Үнемі жаңартып отыру керек. Жалпы, агрономияда үшінші репродукциядан кейін тұқымды сеппеу керек. Неге? Өйткені, оның күші азаяды. Бір жыл элитаны еккеннен кейін, одан тұқым аламыз. Бірінші репродукция мол өнім береді. Дәнді келеді. Сондықтан, соңыра тағы элиталық сорт алып, жаңалап отырасың.

            Менің шаруашылығымда он екі астық сепкіш кешен бар. Біреуінің жаткасы 15-17 метр. «Бурго», «Бюллер» тәрізді канадалық тракторларым бар. Жиырма шақты «Акрос», Джон-дир» сияқты комбайн бар. Бұлар бұрынғы кеңестік ескі техникаларға қарағанда жұмысты екі-үш есе өнімді істейді. Ескі тракторлардың бәрін құрттым. Бәрін жаңалап алдым. Мұны мен мақтан үшін айтып отырғаным жоқ. Уақыттың өзі осыны талап етіп отыр. Егер ауылшаруашылығын дамытқың келсе, озық технология қолдан, техника-машина паркін жаңарт, кадр мәселесін жолға қой. Онсыз ештеңе де өнбейді. Кейбір шаруалар бар. Жұрттың пайларын алғанмен, пайданы бір өзі көреді. Сөйте тұра ауылды ұстап отырмын деп мақтанады. Мен, мәселен, бәрін қу тақырдан бастадым. 1998 жылы келгенде бұл жақта бәрі талан-таражға түскен. Ескі-құсқы техника, баяғы МТМ-лар қараусыз. Тарихи отандарына көшіп жатқан немістерден басында жиырма-отыз гектардан жер алдым, Келе-келе мың гектарға дейін ала бастадым. Келесі жылы да солай. Үнемі ұлғайтып отырдым. Егістік алқабын құр көбейт-кеннен пайда шамалы, онымен жұмыс істей білмесең. Бұл медальдің бір жағы. Шаруа адамында елге, жерге деген жауапкершілік болуы керек. Қазіргі тілмен айтқанда, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі. Осыны естен шығармаған жөн. Мәселен, менің қарамағымда қазір төрт ауыл бар. Онда төрт мектеп, төрт балабақша, төрт мед.пункт бар. Спорт кешендері жұмыс істейді. Соларға үнемі көмектесіп тұрамын. Қыстың күні ауылдардың жолын тазартамын. Қарияларға жем-шөбін тегін беремін. «Мектепке жол» акциясы да ұмыт қалмайды. Көктемгі су тасқыны ке-зінде де қарап отырмаймын. Техникадай болса да қол ұшымды созамын. Мұның бәрі шаруашылықты одан әрі дамытуға септеседі.  

            Егінді жылда жақсы аламын. Әйтеуір қамбамыз орта түсіп көрген емес. Бұл тағы да сол, жанкешті еңбектің арқасы. Екіншіден, менің алқабымда құрғақшылық болып көрген жоқ. Жері жақсы. Бонитеті жоғары. Майкөлде егінмен айналысатын жиырма жеті шаруа қожалығы бар. Солар кезінде жерді құр тырмалай салып, бидайдың қалдығын себе салатын. Мен оларға: «Жерді құрттыңдар ғой, одан да маған беріңдер немесе менің қарамағыма кел», – деймін. Жоқ, олар бір-екі жылдан кейін біздің істеп жатқанымызды көріп, сондай қарекетке көшті. Қазір бізден кем істемейді. Әнеу-күні республикалық жер комиссиясының отырысында бәзбіреулер «Жерді аздырып алдық» деп соғып отыр. Оның бәрі далбаса! Кері-сінше, қазір жерді дұрыстадық. Өзіңіз ойлап қараңыз, кезінде біздің елде он жылда бір рет миллиард пұт астық жинаса, қазір жылда береді. Оны ешкімнің көмегінсіз өздері орып алады. Бұрын облыс 7 миллион гектарға дән сеуіп, бір млрд пұт астық алса, қазір 4,5 млн гектардан млрд пұт астық алады. Бұл жерді күте білгендіктен. Жер тоқсаныншы жылдары азды. Неге азды? Көбісі жерге қалай болса солай қарады. Егінді орып алады да, тайып тұрады. Шыны керек, сол жерлерді күні бүгінге дейін әлі дұрыстап жүрмін. Мәселен, біреуден жер алсам, оны бірден сүрлеймін. Онсыз сен түк өнім ала алмайсың. Кеңес үкіметі кезінде құнарлы, құнарсыз, құмайт жердің бәрін жыртты. Оған егін өсе ме, өспей ме, қараған жоқ. Қазір қайта бидайдың бағасы жаман емес. Өйткені, қамырлығы күшті, сапасы жоғары. Сондықтан, бидайға деген сұраныс азаймайды. Осыдан бес-алты жыл бұрын бір тоннасы 22 мың теңге еді. Есіл еңбектің еш кеткеніне ішіміз удай ашитын. Қазір бір тоннасы 100 мың теңге. Үшінші класты бидай – 92 мың теңге тұрады. Біз үшінші класпен тапсырамыз. Табиғат жарықтық бәрін өлшеп береді. Кейбір клеткадан 40 центнерге дейін алғанбыз. Бірақ, оның қамырлығы төмен болады. Аз берген жақта бидайдың қамырлығы жоғары. Бидай сапалы болуы үшін күн сәулесі керек. Бидайдың құны көтерілмесе, ешқашан түспейді. Сұраныс бар.  

            Біздің шаруашылықта былайғы күндері алпыстай адам тұрақты еңбек етеді. Науқандық жұмыстар кезінде тоқсан адамға дейін барады. Өйткені, астық өсіру оңай емес. Сегіз сағаттан екі ауысымда жұмыс істейді. Егінжайда заманауи асхана, монша бар. Тамақ мәзірін әлсін-әлсін түрлендіріп отырамыз. «Тамақты Жүніс ішпейді, жұмыс ішеді» деген бар емес пе, құнарлы ас ішпеген соң жұмыс жүре ме? Жалақылары уақытында беріледі. Жұмысшылардың мұңмұқтажын біліп отырамын. Өйткені, олардың артында отбасы, балашағасы бар. Кадр мәселесіне кірпияздықпен қарамасаң болмайды. Сондықтан шығар, менің шаруашылығымда маман тапшылығы деген мәселе болып көрмеген. Әлі күнге солай. Өзім көп жыл кеңшар директоры болдым. Жұмысшылармен қалай істесуді білемін. Балаларымды да жетектеп жүріп, соған үйреттім. Мен қақпайлап жүремін. Бағанның үстінде отырған қарақұс сияқты жан-жағымды барлап, қанатымды бір-екі рет қағып қоямын. Қысқасы, атадан балаға жалғасқан мирас бұл. Қазір өздері айналысады. Тәжірибелері бар. Алмат – агроном, Қайрат – инженер. Менен артық жұмыс істейді. АҚШ, Канада, Германия тәрізді ауылшаруашылығы мығым елдерге жиі барып, көрмеге қатысады. Солардан үйренгендері көп. Ол елдің дамуына, гүлденуіне жұмыс істесе, бұдан асқан бақыт жоқ деп ойлаймын!