Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Президенттік институт – пәрменді билік

22 мая 2021 21:07 • 264 просмотров

Өткен ғасырдың 80-жылдарының ортасында басталған Кеңес Одағындағы қайта құру саясаты нақты нәтиже бермеді және ол халықтың үмітін ақтай алмады. 

Экономикалық жағдай нашарлап, орталық пен республикалар арасындағы қарама-қайшылықтар бұрынғыдан бетер шиеленісе түсті. Осының барлығы коммунистік партияның идеологиялық дағдарысқа душар болып, Одақ аумағындағы ұлтаралық қатынастар мен әлеуметтік ахуалдың ушығуымен қатар жүрді.

Михаил Горбачевтің Қазақстанда «қайта құруды» жүргізуге Геннадий Колбинді жіберуі жағдайды керісінше қиындатып жіберді. Экономиканы түзеп, әлеуметтік жағдайды оңалтудың орнына Г.Колбин 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінен кейін 30-жылдардағыдай «қазақ ұлтшылдарымен» күресіп, мә­селені шектен тыс саясаттандырып, іштен жау іздеумен болды. КОКП ОК-нің 1987 жылғы шілде айында қазақ халқын жөнсіз айыптаған қаулысы елде қуғын-сүргінді күшейтіп, қоғамдағы моральдық-психологиялық ахуалды одан әрі қиындай түсті. Бұған қосымша кадр саясатындағы бұрмалаушылық жығылғанға жұдырық болды.

1989 жылдың 22 маусымында Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы болып сайланған кезде рес­публика алдында өз шешімін күткен түйткілді мәселелер қордаланып қалған еді. Ол Г.Колбиннің «аузымен орақ ору» саясатының нақты нәтиже бермегенін көрсетеді. Сондықтан алдымен экономикада батыл қимыл жасап, реформаларды жеделдету қажет болды. Ол үшін Орталық пен республикалар арасындағы өкілеттіктерді толыққанды бөліп, әлеу­меттік тұрақтылық пен этносаралық келісімді нығайту керектігі күн тәртібінен түспеді.

Туындаған барлық қиындықтың түп-тамыры Қазақстанның шикізаттық мәртебесіне байланысты болатын. Одақтық органдардың жан-жақты қа­растырылған және ғылыми тұрғыда негізделген әлеуметтік-экономикалық жоспарларының болмауы КСРО бойынша барлық шаруашылық байланыстың үзілуіне және тұрғындардың жаппай кедейленуіне әкеліп соқты. Ал Қазақстан экономикасының жоғарыда айтылған шикізаттық сипатын ескерсек, респуб­ликада қоғамдық өндірістің тиімсіз құрылымы қалыптасты. Мәселен, өнеркәсіптің үлесі Одақтағы орташа көрсеткіштен төмен болды. Халық тұтынатын тауар өндіретін өндірістің орнына ауыр өнеркәсіпке басымдық берілді. Нәтижесінде, Қазақстан халыққа қажет өнімдердің 40-60%-ын сырттан әкелуге мәжбүр болды. Бұл қиғаштықтың түп-тамыры саналы түрде, тіптен әдейі жүргізілген экономикалық саясатта жатыр. Ол бойынша Қазақстанда орылған бидайдың жартысы, еттің 1/3, мұнайдың 90%-дан астамы, көмір мен қара металдың 3/4, түсті металдардың 2/3 төмендетілген бағамен сыртқа жіберіліп отырды. Ал өзіне керекті өнімнің көп­теген басқа түрін Қазақстан Бал­тық жағалауы елдері мен Беларусьтан алды. Бюджеттің теңгерімсіздігі де, міне, осылай пайда болған-ды. Осыдан барып еліміз дотациялық республика болып шыға келді. Қазақстан сонымен бірге экологиялық апатты аймаққа айналды.

Міне, осы күрделі мәселелерді ше­шудің ауыртпалықтары бірінші хатшы, ал іс жүзінде республиканың басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың иығына түсті. Орталықтың жаппай бақылауы мен үстемдігінің сақталуы жағдайында мұның оңай шаруа болмағаны анық. Оған одақтық бюрократия мен партиялық аппараттың, әскери-өнеркәсіптік ке­шеннің, министрліктер мен ве­дом­с­тволардың белсенді қарсылығына төтеп беруге тура келді. Өйткені ор­талық министрліктерге Қазақстанның өнеркәсіп орындарының 90%-ы тікелей бағынды. Қарасақ, республикаларға еркіндік беру Орталықтың ойына да кірмеген көрінеді. Осыған қарамастан, республикада шаруашылық жүргізудің нарықтық тетіктерін енгізу қолға алынды. Алайда экономиканы басқаруда әміршілдік-әкімшілдік жүйе әлі де болса өз күшін сақтап қалды. Жоспарлар орындалғанымен, экономикадағы жағдай жақсармады. Елде өнім өндірісі артса да, дүкен сөрелері қаңырап бос тұрды.

Дәл осы кезде жаңа Одақтық ке­лісімнің жобасы төңірегіндегі пікір­сайыс та шиеленісіп кетті. Тіпті Нұр­сұлтан Назарбаевтың осы келісімнің қазақстандық нұсқасын ұсынып, өз позициясын қорғауына тура келді. Қазақстан үшін жаңа одақтық келісімге қол қою басты мәселе емес еді, ол, ең алдымен, экономикадағы көптеген про­б­­­леманы шешудің алғышарты ретінде қарастырылды. КОКП ОК ұсынған бұл келісімде республикалардың мүдделері ескерілмегендіктен оның қазақстандық нұсқасында Н.Назарбаев республиканың өзін өзі басқару мен қаржыландыруға көшуіне, жалпы экономикалық дер­бестігіне баса назар аударды. Егер жерге, оның қазба және табиғи байлығына, орманы, жануарлар әлеміне меншігі болмаса, ол республиканың КСРО Конс­титуциясы жариялаған егемендігі де жоқ деген сөз. Сондықтан территория мен табиғи байлық республиканың ерекше меншігінде болуы шарт. Әйтпесе КСРО Жоғарғы Кеңесінде қабылданған заңда жер мен басқа табиғи ресурстар барлық кеңес халқына және бір мезгілде одақтық республикаларда тұратын халықтарға тиесілі болу керек делінген. Онда, мә­селен, Қазақстанның көпэтностылығы ескерілмеген. Олай болса, осы ұстаным арқылы болашақ ұлтаралық дүрдараздық, өзара сенімсіздік пен қақтығысқа алдын ала негіз қаланғаны анық. Тағы бір ескеретін нәрсе – орталық ведомстволар «қоғамдық меншік» деген, бір қарағанда, зиянсыз сияқты көрінетін түсінік енгізу арқылы өздерінің мүдделерін жасыруға тырысып бақты. КСРО Үкіметі мен оның министрліктері билікті қолдарынан шығарғысы келмеді. Атап өту керек, 1922 жылғы КСРО-ны құру туралы Декларацияға сәйкес Қазақстан өз территориясына иелік ету құқығын ешкімге берген емес. Онда республика жекелеген құқығын Орталыққа табыстайды делінген. Сол сияқты жаңа Одақтық келісімді талқылау барысында осы Декларацияны КСРО-ның мемлекеттік құрылысын республикалардың мүд­делерін ескеру тұрғысында қайта қарау ұсынылды.

Осындай тағдыршешті және күрделі, қиын-қыстау заманда Қазақ КСР-нің шын мәніндегі басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси тәжірибесі мен философиялық көзқарасында да орасан зор эволюциялық өзгерістер бол­ғандығы ақиқат. Тәуелсіздік таңының атуының жақындағанын айқын сезінген ол мемлекеттік құрылыс мәселесінде ұлттық көшбасшыға лайықты саяси-теориялық және практикалық қадамдар жасауға да­йын болып шықты. Оның сол уақыттағы тарихи оқиғаларға терең және жан-жақты талдау жасап, оларды толыққанды сараптаудан өткізу қабілетіне көңіл аударған жөн. Өйткені Елбасының жедел өзгерістерге ұшырап жатқан әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси құбылыстарды бірден түсініп, сезініп, объективті бағалай білетін, әрбір түйткілді сұрақтарға қатысты өз көзқарасы бар әлемдік дең­гейдегі қайраткерлігі сол кездің өзінде көріне бас­тады. Бойына біткен осындай қасиеттер Нұрсұлтан Назарбаевқа Қазақстанды тоталитаризмнің азабынан үлкен қасіретке ұрындырмай, қан төгіссіз алып шығуына мүмкіндік берді. Ол Қазақстан халқы басынан өткеріп жатқан өзін өзі анықтаудың тарихи үдерісін егемендік, демократия және еркін нарық құндылықтары бағытында өрбіте алды. Бұрын-соңды болып көрмеген мүлдем жаңа міндеттерді шешуге қоғамның бетін бері қаратып, оны қазақстандық мемлекеттілік идеясы төңірегінде халықты топтастыруға күш салды. Ол үшін ескі кеңестік жүйеден түбегейлі бас тартып, мемлекеттіліктің жаңа моделін табу керек болды. Қазақстанда этносаралық қатынастардың өткір тақырыпқа айналып отырғандығы дұрыс пайымдалды.

Сондықтан республиканың басшысы ретінде Нұрсұлтан Назарбаев Мәскеудегі КОКП ОК-нен бастап, ор­талық ведомстволардың саясатындағы республикалардың дербестігіне деген ниеттерінің мүлдем болмағандығын, оның Одақтық келісімнің жобасында нақты қарастырылмағанын көре білді. Қазақстанның бірінші басшысы ретінде республиканың мүддесін қорғау мен оның дербестігін нығайту үшін алдын ала бірқатар шараны қолға алуына тура келді. Өйткені басқаруды орталықсыздандыру үдерісі тоқтап қалған болатын. КСРО-да орын ала бастаған Орталықтан теріс айналу үрдісінің күшеюіне байланысты Қазақстан басшылығы билік өкілеттіктерін бір қолға шоғырландырып, оны нығайтуға нақты кірісті. 1990 жылдың 22 ақпанында Нұрсұлтан Назарбаев Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Төрағасы болып сайланды. Айта кету керек, шамамен осы кезде, дәлірегі 14 наурызда Мәскеуде өткен КСРО халық депутаттарының III съезінде КСРО Президенті лауазымын енгізу мәселесі қаралды. Осы оқиға, әрине, Кеңес Одағы шеңберінде бірінші рет көтерілгендіктен, көңіл аударуға тұрарлық болғанымен, алайда біз үшін оның маңыздылығы басқада болатын. Бұл жерде бізді сол кездегі жалпы қалыптасқан ахуал тұрғысында президенттік институтқа деген Н.Назарбаевтың көзқарасы қы­зықтыратыны рас. Ол Қазақстанда алдағы уақытта президенттік биліктің енгізілу мүмкіндігі жағынан да өзекті болатын. Елбасы КСРО халық депутаттарының съезінде сөйлеген сөзінде егер бұл инс­титут тек қана мемлекеттік саясаттағы «жыртықты жамау» үшін ойластырылып жатса, онда оның түкке де тұрмайтынын ашығынан айтты. КСРО жантәсілім алдында тұрған шақта президенттік институт мемлекетті басқару тетігін, билікті уыстан жібермеуге, сыртқы экономикалық байланыстар мен халық­аралық қатынастарды бақылауда ұстауға бағытталған бақталастық күресте жеңіс­ке жету үшін және Орталықтың бұ­рын­ғы үйреншікті үстемдігін сақтап қалудың құралы ретінде қажет болды. Ендеше, Нұрсұлтан Назарбаев КСРО-да президенттік басқаруды енгізудегі нақты жүйенің болмауын терең түсіну негізінде одан Одақтың да болашақ бейнесін көре алмады. Одақтық компартияның саяси бюросының, Жоғарғы Кеңестің, КСРО халық депутаттары съезінің, КСРО Президентінің мемлекеттік басқару жүйесін реттейтін әлеуеті де, қауқары да, ойы да жоқ еді. Өйткені қайта құру саясаты қолға алынған бес жылдың ішінде заң шығарушы және атқарушы билік арасында ақылға қонымды қатынас орнамай-ақ қойды. Яғни түптеп келгенде, президенттік басқару билік тармақтары арасындағы жетіспейтін үйлесімділікті орнықтырып, ең алдымен реттеушілік қызметке басымдылық беруді қарас­тыруы керек еді. Алайда жағдай өмірдің өзі көрсеткендей, Одақтық республикалар күткендей болмай шықты. Себебі республикалар КСРО Президенті лауазымына жергілікті проблемалар мен аймақтардағы қоғамдық-саяси ахуал­дың тезірек тұрақтануы тұрғысында қарады. Рас, Нұрсұлтан Назарбаев Кеңес Одағында дағдарыстың ушығып тұр­ғанында президенттік институттың қажеттілігін де теріске шығарған емес. Бірақ ол, сонымен бірге қилы заман өткен соң, ерте ме кеш пе, міндетті түрде Одақ көлемінде жетіп артылатын мәселелерден басқа да проблемалардың туындайтындығын жақсы түсінді. Олардың қатарына Елбасы бірінші кезекте одақтас республикалардың егемендігі мәселесін жатқызды. Демек, орталық президенттік билікке әрбір республикада дәл сондай президенттік басқарудың болатындығын да міндетті түрде ескеру керектігі айқын бола бастады. Рес­публикаларда президенттік басқаруды енгізу, сонымен қатар президенттік инс­титут пен республикалардың дербестікке ұмтылуына байланысты туындайтын қайшылықтарды бәсеңдетіп, күрт жандануы мүмкін орталықтандыру үдерісі мен республикалардың егемендікке ұмтылысын үйлестірер еді.

Нұрсұлтан Назарбаев мұндай қадам заң шығарушы билікті күшейтуді қажет ететіндігін де дұрыс деп тапты. Өйткені КСРО Жоғарғы Кеңесінің өкілеттіктерінің әжептәуір бөлігін КСРО халық депутаттары съезінің өзіне ала бастағандығы қоғамда сезіле бастады. Мұндай жағдай өз кезегінде Жоғарғы Кеңес депутаттарының жауапкершілігін төмендетіп, маңызды мәселелер бойынша шешім қабылдауға келгенде олар бастарын көп ауыртпас­тан, оны КСРО халық депутаттарының қарауына итере салуға болатындығын білді. Бұл, әрине маңызды заңдардың дер кезінде қабылдануын қиындатып, оларды қолданысқа енгізудің мерзімін тіптен ұзартып жіберді. Осыған байланысты Қазақстан басшысы КСРО Президентінің бірінші кезекте шешетін мәселесіне Одақтық келісімді жаңартуды, республикалардың егемендігін нығайтуды жатқызу керек деп санады.

Сондықтан КСРО Президенті лауазымы енгізілуінен кейін іле-шала, 1990 жылдың 24 сәуірінде Жоғарғы Кеңестің I сессиясында ел тарихында алғаш рет Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының Президенті лауа­зымы енгізіліп, депутаттардың да­уыс беруінің қорытындысы бойынша Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның Тұңғыш Президенті болып сайланды. Бұл – Қазақстан тарихында президенттік институттың іргетасы қаланған айтулы күн болды. Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанның Тұңғыш Президенті болып сайлануы Қазақ елінің шынайы тәуелсіздікке қол жеткізуінің алғы­шартына айналғандығын өмірдің өзі көрсетіп берді. Десек те, бұл қызмет сол кездегі жалпыодақтық құрылымды ессіз қайталау емес еді. Қазақстан жағдайында президенттік институт атқарушы би­ліктің біріктірушілік рөлін арттырып, бүкіл мемлекеттік басқару жүйесінің теңдестірілген және тиімді қызметін қамтамасыз етуге бағдарланғандығын ескерген жөн. Өйткені президенттік басқару жүйесі ұлттық мемлекеттілікті нығайтып, Қазақстанның саяси еге­мендігін тереңдетуді мақсат тұтты. Республиканың мүддесіне қатысты көптеген мәселе Орталық тарапынан ашықтан-ашық еленбей, әртүрлі орталық ведомстволардың мүдделерін қызғыштай қорғап, Қазақстанның әлеуметтік-эко­номикалық дамуына кедергі жасап отырған жағдайда президенттік институт осылардың жолын бөгейтін бірден-бір нақты күшке айналды. Осы тұрғыда 1990 жылы 25 қазанда қабылданған «Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы» Декларацияның символдық орны бөлек. Бұл саяси құжат республика Конституция­сы мен оның заңдарының пәрменділігін мәлімдеп, Қазақстанды халықаралық құқық субъектісі, ал Қазақстан халқын мемлекеттік биліктің бірден-бір қайнар көзі деп жариялады.

Қазақстан тәуелсіздік алмай тұрып-ақ еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев сондай күннің көп ұзамай туатындығын біліп, мықты дербес саясат жүргізу негізінде ұлттық жаңғыруға қол жеткізетіндігімізге кәміл сенді. Ол нарықтық қатынастар қалыптастыру мен демократиялық қоғам және құ­қықтық мемлекет құру стратегиясын толыққанды іске асыруға кедергі жасайтын, алға ұмтылуға тұсау болатын ескі көзқарастардан арылу қажеттігін түсінді. 1991 жылдың 20 тамызындағы КОКП ОК саяси бюросына жолданған мәлімдемесінде Елбасы КСРО-да Тө­тенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комитеттің жаңа Одақтық келісімнің жасалуына қарсылық көрсетіп, мемлекеттік төңкеріс жасамақ болған әрекеті мен қаулыларына қолдау көрсеткен КОКП ОК хатшылығының халықтың мүддесін ескермей, іс жүзінде тоталитаризмді жақ­таған позициясы арқылы өзін то­лықтай әшкерелегендігін атап көрсетіп, антиконституциялық комитеттің іс-әрекетіне наразылық білдірді. Сонымен қатар ол Қазақстан компартиясының КОКП құрамынан шығатындығын да мәлімдеді. Артынша, 28 тамызда, Қазақстан компартиясы ОК-ның кезектен тыс пленумында Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н. Назарбаев бірінші хатшы өкілеттілігінен бас тартты.

Орталық биліктің дәрменсіздігін көрген Елбасы Қазақстанның тағдыры үшін жауапкершілікті біржолата өз мойнына алып, тәуелсіздікке жол бас­тады. Ол бірден бірнеше принципті стратегиялық шешімдер қабылдады. Ең алдымен Семей ядролық полигонын жапты, «Қазақ КСР Қауіпсіздік Кеңесін» құрды, «Одаққа бағынышты мемлекеттік кәсіпорындар мен ұйымдарды Қазақ КСР үкіметінің басқаруына көшіру туралы», «Қазақ КСР-нің алтын қоры мен алмас қорын құру туралы», «Қазақ КСР-нің сыртқы экономикалық қызметінің дербестігін қамтамасыз ету туралы» бірқатар маңызды жарлыққа қол қойды.

1991 жылдың 1 желтоқсанында өткен бүкілхалықтық президенттік сайлауда Қазақстан халқының басым көпшілігінің даусына ие болумен қатар, Елбасы мемлекеттілікті нығайту мен оның тұрақты дамуын қамтамасыз ету жөніндегі барлық жауапкершілікті өз мойнына алған барлық қазақстандықтардың Президенті мәртебесіне ие болды. Сайлау барысындағы жұртшылықпен болған кездесулердің бірінде Нұрсұлтан Назарбаев: «… қазақ халқы, бүкіл қазақ­стандықтар тарихта тұңғыш рет біртұтас ел болып өз президентін сайламақ… Халық сайлаған әр Президенттің жүрегі халық мүддесі мен бақытты болашағы деп соқсын деп тілеймін!», деген еді. Содан бергі кезеңде ол Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті және Елбасы ретінде бабаларымыздың ұлы арманын орындап, халықтың басын қосып, оны елдікке шақырып, Қазақстанның тәуелсіздігін тұғырлы етті.

Жапсарбай ҚУАНЫШЕВ, қоғам қайраткері, саясаттанушы