Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Күн тәртібінде: вакцинация және халық санағы

26 мая 2021 15:30 • 880 просмотров

Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов КВИ таралуына жол бермеу бойынша жедел штабтың кезекті отырысын өткізді. Штаб отырысы барысында Қостанай және Рудный қалаларының әкімдері баяндама жасап, мониторингтік топтардың жұмысы қаралды.

            Мониторингтік топтар 2021 жылғы 1 наурыз бен 22 мамыр аралығында 7 443 рейдтік іс-шара өткізді, онда 531 карантиндік шараларды бұзушылық анықталды. Өкінішке қарай, жұқтырғандар санының өсуі байқалады.

            Мысалы, соңғы аптада КВИ жұқытурдың 256 жағдайы тіркелді, ал өткен аптада 186 жағдай тіркелді, яғни ауру 37% — ға өсті. Салдарынан 18 мамырдан бастап облыс «жасыл аймақтан» «сары аймаққа» ауысты.

            Бүгінгі күні облысқа вакцинаның бірінші компонентінің 101 мың дозасы және екінші компонентінің 70 мың дозасы жеткізілді. 2021 жылдың 22 мамырына арналған статистикаға сүйенсек, барлығы 79 698 адам вакцинацияланды, оның ішінде 29 910-ы екінші компонентті алған.

            Қазіргі таңда «Ashyq» жобасына қатысу үшін облыс бойынша 268 өтінім берілді. Өңір басшысы қала және аудан әкімдеріне осы бағыттағы жұмысты күшейтуді, сонымен қатар ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды.

            Сондай-ақ, селекторлық кеңес барысында 2021 жылғы Қазақстан Республикасындағы Ұлттық халық санағы туралы мәселе қаралды. ҚР Үкіметінің 2020 жылғы 16 қыркүйектегі 587 қаулысына сәйкес ҚР Ұлттық халық санағын өткізу 2021 жылғы 1 қыркүйектен 30 қазанға дейінгі кезеңге жоспарланған.

            Санақтың мақсаты – демографиялық, әлеуметтік және экономикалық мәселелер бойынша аймақтық, ұлттық және халықаралық деңгейлерде статистикалық деректерге пайдаланушылардың ақпараттық қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағытталған сенімді ақпараттың толық кешенін алу болып табылады. Халық санағы 10 жылда 1 рет жүргізіледі.

            Санақты онлайн режимде Интернет желісін пайдалана отырып, өзін-өзі толтыру әдісімен және офлайн режимде планшеттер арқылы сұрау әдісімен жүргізу жоспарлануда. Екі әдіспен де азаматтар өздері үшін және отбасының барлық мүшесі үшін санақ парақтарының сұрақтарына жауап бере алады.

            Интернет-сауалнама мамандандырылған www.sanaq.gov.kz сайтында 1 қыркүйектен 15 қазанға дейін жүргізіледі.

            Ұлттық халық санағын дайындауға және өткізуге байланысты ұйымдастыру мәселелерін шешу үшін облыста, аудандар мен қалаларда ұлттық халық санағын өткізуге жәрдемдесу жөніндегі комиссиялар құрылды. Өңірлік жоспар бекітілді, оған сәйкес алдағы санаққа дайындық жұмыстары жүргізілуде.

            Интервьюер ұлттық санақ жүргізу кезінде өзімен бірге:фотосуреті бар интервьюер куәлігін, арнайы киім-кешек, портфельді, планшетті, санақ логотипі бар көк түсті шарфты, фонарь мен ысқырықты алып жүруге міндетті. Халық арасында сауалнама жүргізу үшін 1303 планшет берілді. Санақ аяқталғаннан кейін планшеттер Білім және ғылым, денсаулық сақтау министрліктеріне және жергілікті атқарушы органдарға қайтарылатын болады.

            Халық санағы кезеңінде тікелей уақытша санақ персоналы тартылады — 1553 адам. Пайдаланушылар үшін халық санағының қысқаша қорытындысы ағымдағы жылғы желтоқсанда дайын болады.

            Кеңес қорытындысы бойынша Архимед Мұхамбетов қала мен аудан әкімдеріне ұлттық халық санағын өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспарының орындалуын бақылауды тапсырды.