Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Ыбырай өсиеті – ұрпаққа аманат

28 мая 2021 14:11 • 1 664 просмотров

ХХ ғасыр басындағы ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның «Қазаққа қызмет етпей қоймаймын» деген сөзін іске асырып, ұлтқа толық қызмет еткен тұлғаларымыздың қатарында Ыбырай Алтынсариннің есімі ерекше орын алады. ХІХ ғасырдың екінші жартысында ұлы ақынымыз Абай Құнанбайұлы сияқты көппен жалғыз алысқан Ыбырай бабамыз өзі: «Менің жан сала талаптанатын себебім – қайткенмен де пайдалы адам болсам деуші едім», — деп айтқандай, адамгершілік қасиетін, айтқан сөздері мен іс-әрекеттерін, жазған еңбектері мен қалдырған мұраларын тек ұлтының болашығына арнағанын байқауға болады.

Біз Ыбырай Алтынсариннің қазақ үшін қалдырған мұрасынан не ала аламыз? Ол несімен құнды? Рухани құндылықтарды жаңғыртудағы алатын орны мен маңызы қандай?

Біріншіден, ұлттық тарихты ұлттық болмыспен оқыту ғана емес, оны өзіндік жолмен түсіне білу – ұлттың мықты болуының басты жолы. Себебі ұрпақты ұлт тарихымен, ұлттың барлық асыл қасиеттерін бойына жинақтаған, ұлттың ірі тұлғаларының өмірбаяндарын оқыту арқылы тәрбиелеуге болады.

Орыс халқының атақты жазушысы Максим Горький былай деп жазды: «Өзінің кішкентай ұлдарын ұлы етіп көрсете алатын ұлы халықтар бар, өзінің кішкентай халқын ұлы етіп көрсете алатын ұлы тұлғалар бар». Жаны бар сөз. Әсіресе, біздің ұлтымызға байланысты айтылды ма деп ойлайсың.

Ұлы Даланың ұлы есімдерін ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп отыру, мына біздің тікелей міндетіміз екенін ұмытпауымыз керек. Себебі тарихтың доңғалағы сол кездегі қазақ қоғамының барлық ауыр салмағын ұлы тұлғалардың мойнына салып берді. Сондықтан олардың халық жүгін көтеруіне тура келді. Елді басқара алатындай ақылы, болашаққа деген сенімі бар тұлғалар қалың қазақ халқын жанындай жақсы көріп, оны қалайда қараңғы тұңғиықтан алып шығуды мақсат етті, еліне бас болып, жол көрсетушісіне айналды.

«Тұлғатану» мәселесін зерттеп, оны жастар арасында насихаттау жұмыстары «болмаса да ұқсап бағатын» ұлт жанашырларының қалыптасуына мүмкіндік жасайды. Сондықтан Ыбырай Алтынсариннің өнегелі өмірі мен қоғамдық қызметінің біз үшін маңызы мен рөлі осында болмақ.

Екіншіден, Қазіргі уақытқа дейін қазақ халқының, әсіресе, бала тәрбесіндегі, оқу-ағарту саласындағы маңызды мәселелерді қозғаған кезде ұлы ұстаздың еңбектеріне назар аударатынымыз рас. Себебі қай уақытта болмасын бала тәрбиесі мен жас ұрпақты дұрыс жолға салу – күн тәртібінен түспеген үлкен мәселе.

Қазіргі таңдағы білім саласындағы олқылықтар мұғалім мен шәкірт арасындағы түсінбеушіліктен, ал ол түсінбеушілік мұғалім мен оқушының өз арасындағы білімге деген қызығушылықтың, ықыластың болмауынан деп ойлаймыз. Осы тұрғыдан Ыбырай Алтынсариннің:

«Бір құдайға сыйынып,

Кел, балалар, оқылық,

Оқығанды көңілге

Ықыласпен тоқылық», — деп жазуы не нәрсе болсын, оқығаныңның барлығын бір мезгіл ой елегінен өткізе отырып, оған назар аудару, көңілге тоқу – бұл нағыз білімге апаратын жол екендігін көрсетіп тұрғандай. Ұлы ұстаздың аманат ретінде айтып отырған оқуға деген ықылас пен ниеттің болуы – бар білімнің түп қазығы екендігін түсінбейтініміз өкінішті-ақ.

Үшіншіден, Ыбырай мектептер ашу ісімен ғана шектеліп қалмады. Ол қазіргі уақытта да көкейтесті сұрақтардың бірі болып отырған жан-жақты, білімді, ұстамды, өзіндік пікірі бар мұғалім дайындау сияқты мәселелермен шұғылданды. Мұғалім – мектептің негізгі тұтқасы екенін жақсы түсінген Ыбырай сол мектептердегі тәлім-тәрбие, оқу жұмысына айрықша мән берді. Оқу-тәрбие ісін жаңа бағытта ұйымдастырды. Оның мұғалімдердің бала оқытудағы орнын жоғары бағалай келіп: «Маған жақсы мұғалім бәрінен де қымбат, ол – мектептің жүрегі», — деген сөзі осы күнге дейін құнын жойған жоқ.

Төртіншіден, Ыбырай Алтынсариннің педагогикалық көзқарасынан әлемдік тәлім-тәрбиенің алтын діңгегі гуманистік көзқарас, яғни, шәкіртке жылы жүректі болу, мұғалім мен оқушы арасындағы ынтымақтастық принциптерінің көрініс тапқанын байқаймыз. «Егер балалар бірдемені түсінбейтін болса, онда оқытушы оларды кінәлауға тиіс емес, оларға түсіндіре алмаған өзін кінәлауға тиіс. Ол балалармен сөйлескенде ашуланбай, жұмсақ сөйлесуі, шыдамдылық етуі керек, әрбір нәрсені де ықыласпен, түсінікті етіп түсіндіру керек», — деп жазған еді ол. Соңғы кездері мектеп оқушылар мен мұғалімдері арасындағы келеңсіз түсінбестік жағдайлар, білім мен тәрбиенің алшақ кетуі «Ұлы ұстаз» сөзінің жаны бар екенін дәлелдегендей болып тұр.

Ыбырай Алтынсарин туған халқына жан аямай еңбек етті, ұрпақтарына үлгі-өнеге боларлық, тәлім аларлық, рухани нәр боларлық бай мұра қалдырды.

Оның қазақ балаларын оқу-тәрбиеге жетелеу жолындағы іс-әрекеті далаға кетпей, қазақ халқы соның нәтижесінде надандық құрсауынан өркениетті қоғамға аяқ басты. Ы.Алтынсарин қажырлы қайраттың, талмай ізденістің, өлшеусіз еңбектің арқасында қазақ сияқты тұтастай бір ұлттың рухани мәдениетін сақтап қалды. «Ұлы ұстаздың» азғантай ғана өмірінде жанқиярлықпен жасаған еңбегінің ұлт үшін маңызы да бағасы да осы болса керек!

            Қазіргі таңда қазақ мектептерінің маңдайшасында жазылған «Қош келдіңіздер!» деген сөз орысша «Добро пожаловать!» деген сөздің аудармасы. Мұндай сөздердің мемлекеттік барлық мекемелердің тақтайшасына жазылғанын көріп жүрміз. Ал мектеп – маңызы ерекше, құндылығы жоғары білім ордасы екендігін ескерсек, оның жазуы басқаша болуы керек. Мүмкін орыс тілінде баланы оқуға шақыратын сөз жоқ шығар, білмеймін, бірақ қазақ тілінде Ыбырай атамыздың «Кел, балалар, оқылық!» деген шақыруы мектеп балаларына арналып отырғанында ешкімнің дауы бола қоймас деп ойлаймын.

Сондықтан, облыстық, қалалық, аудандық, ауылдық жерлерде орналасқан барлық мектептердің маңдайшаларына тілдік ерекшеліктеріне қарамастан Ыбырай атамыздың оқу мен білімге шақыратын «Кел, балалар, оқылық!» деген шақыру ұранын жазып қою жұмыстарын қолға алып, оны Ы.Алтынсариннің 180 жылдық тойы қарсаңында барлық жерде іске асырсақ нұр үстіне нұр болар еді.

Облыстық, қалалық әкімдік пен маслихат депутаттары, облыстық, қалалық оқу бөлімдері мен ақсақалдар Кеңесі, «Nur Otan» партиясының өкілдері мен қала тұрғындары мұндай үндеуге қалыс қалмай, пікір білдіреді деген ойдамын.

Мұндай тәрбиелік мәні зор игі жұмыстарды іске асыра алмасақ, онда Ыбырай жерінде отырған біз үшін елдігімізге үлкен сын болмақ.

Роман АЙМАҒАМБЕТҰЛЫ,

Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институтының доценті, «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің директоры