Азаттық – ата-бабаларымыздың ғасырлар бойғы асыл арманы. Сондықтан да бүгінгі ұрпақ үшін тәуелсіздік – ең басты құндылық, ал Тәуелсіздік күні – ең қастерлі күн болуы тиіс.
Елбасының сара жолын жалғастыру – асыл парызымыз
Егемен ел болған 30 жылдай уақыт ішінде тәуелсіз ел ретінде дүние жүзіне танылдық. Оның бір айғағы – 2010 жылы өркениеті биік Батыс елдерінің басын қосқан Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуіміз. Ал 2011 жылы қазақ жерінде VII Қысқы Азия ойындарының туы желбіреді. Төрт жылда бір келетін дүбірлі доданы абыроймен атқарып қана қоймай, еліміздің саңлақ спортшылары намысқа басып, тәуелсіз ел болғалы тұңғыш рет жалпы командалық есепте бірінші орын алды. Ал әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі дүрдараз болып жүрген дінбасылардың бастарын қосып, сындарлы диалогқа жол ашты.
Бұған біздің еліміздің моральдық құқығы һәм өнегесі де бар еді. Өйткені Қазақстандағы конфессиялардың өзара сыйластығы мен тату қарым-қатынасы әмбеге аян. Бейбітшіліктен артық құндылық, тыныштықтан артық рахат болмайтынын әрбір саналы адам бағамдаса керек. Сондықтан да, қазақ елі әлем халықтарының да бейбітшілік пен келісім аясында өмір сүргенін қалайды.
Елорда мен еліміздің барлық өңірі күш жұмылдырғанының арқасында EXPO-2017 көрмесі де ойдағыдай өтті. «Болашақтың энергиясы» аясында озық идеялар мен технологиялардың дамуына түрткі болған және әлемде ғылымның өзара ықпалдастығын нығайтуға септігін тигізген көрменің бірқатар жағымды тұсы бар. Осы жетістіктердің барлығы Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев салған сара жолы екенін барша жұрт біледі.
Елбасы тәуелсіздік таңы атқан алғашқы күннен бастап этносаралық келісімді, ел бірлігін басты қағида ретінде ұстанып келеді. Жүзден астам ұлт пен ұлыстың басын біріктірген Қазақстан халқы Ассамблеясының дүниеге келуі осыған айғақ.
Жалпы, Елбасының әлемдік деңгейдегі парасат-пайымына, саяси аренадағы беделіне, жауапты шешім қабылдаудағы көрегендігіне, ат тепкендей есеңгіреген экономиканы өркендету жолындағы тиімді саясатына, уақыт талабына қарай ойластырылған әдіс-тәсілдеріне, стратегиялық ұстанымдарына қапысыз сенген қазақстандықтар үнемі қолдау білдіріп келді. Көзге көріне бермейтін кедергілерді байсалды саясаттың арқасында жеңіп, еңсере білдік.
Елбасы тәуелсіз ел мүддесі үшін және оның өркенді жолмен дамуына қажетті деген небір өте ауыр реформаларды тиімді жүргізе білді. Тіпті қажет болған жағдайда төтенше шаралар қолдануға да барды. Өзіне сенім артқан, жауапкершіліктің бар жүгін өзіне ғана артқан халқына сенді. Өзі атқарып жатқан қызметінің әділ сыншысы деп тек халқын ғана таныды. Серіктестеріне: «Әркім айтқан сынға мән бермеңіздер! Егер біз табысқа жетер болсақ, халық бізге бағасын береді, сол кезде барлық сын бос сөз болып қалады да, біз үстем болып шығамыз. Табысқа сеніп жұмыс істейік, табыс сонда келеді», деп айтудан танбаған Елбасы нелер қисынсыз сындар мен популистік байбаламдарға елең етпей, елді тірелген тұйықтардан аман-есен алып шығып, алға бастай білді.
Нұрсұлтан Назарбаевтың сонау 1994 жылы астананы Сарыарқа өңіріне көшіру жөніндегі ұсынысы жұртшылық үшін күтпеген жайт болды. Себебі, халқымыз ауыр кезеңді бастан өткеріп жатты. Экономикалық дағдарыс та жан-жақтан қыспаққа алып тұрды. Дәл сол бір қиын-қыстау кезде астананы көшіру жөніндегі Елбасының бұл бастамасын батылдық пен батырлық демеске амалың жоқ. Жаңа әсем астананы тұрғызуы Елбасының жасампаз саясатының басты жетістігінің символына айналып, ерке Есіл бойында бой көтерген кербез қала жаңа дәуір шаһары атанды. Бүгінде еліміздің бас қаласының төрткүл дүниені тамсандырған тарихи құбылысқа айналғаны ақиқат. Арқа төсіндегі сәні мен салтанаты жарасқан елорда бүгінде озық идеяларды, жаңа ғылыми шешімдер мен сәулет өнерінің озық үлгілерін өмірге әкелген жерұйық іспетті.
Жаңа бағыт-бағдарға тыңнан жол салу, алғашқы ұмтылыстар, мемлекеттік шекараны айқындау – қашан да қиын әрі күрделі болатыны ақиқат. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Нұр мен көлеңке» («Свет и тень») кітабында аталған мәселелермен қатар, дипломатиялық қызметтегі тосқауылдарды Қазақстан басшылығының табандылықпен шешуін зор жетістік санайды. Өзі куә болған саяси оқиғаларды әсерлі әңгімелей отырып, кітаптың атауына сәйкес саясатта кездесетін түрлі қарама-қайшылықтың мәнін ашып, ой толғайтын туындысында еліміздің сыртқы саяси бейнесін қалыптастыру мен дамуына Елбасының сіңірген еңбегі жайлы айтылады. Бүгінгі тәуелсіз қазақ мемлекетінің қандай асулардан асып, белестерді бағындырғаны, мақсатқа жету жолында қандай кедергілерді еңсергені хақында сыр шертеді.
Өз тарихын терең ұғынып, ұлттық құндылықтарын шын бағалай білетін халықтың ғана болашағы мәңгі болмақ. Бүгінгі жаһандану дәуірінде кез келген ұлтты сақтап қалатын дүниелер – сол ұлттың төл тарихы, мәдениеті мен тілі екені анық. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалалары, Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының «Қазіргі міндет – халқымыздың жаңа болмысын қалыптастыру, тұтас ұлт сапасын арттыру» тұжырымы, «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» мақаласы осынау аз ғана уақыттың ішінде жоғымызды түгендеп, санғасырлық құндылықтарымызды қайта қалпына келтіруімізге өз септігін тигізу үстінде.
Елбасының сындарлы саясатының арқасында мемлекеттік тілдің дамуына ерекше мән берілді. Біз озық елдердің қатарына мемлекеттік тілімізбен енуіміз керектігі баса айтылды. Осыған байланысты Нұрсұлтан Назарбаев: «Дауға салса, алмастай қиған, ойға салса, қорғасындай балқыған, өмірдің кез келген орайында әрі қару, әрі қалқан болған, әрі байырғы, әрі мәңгі жас, отты да ойнақы ана тілінен артық, қазақ үшін бұл дүниеде қымбат не бар екен!» дей келе, «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» деп ұран тастаған.
Қазақ тілінің жаңа деңгейге, халықаралық дәрежеге шығуына жол ашатын бірден-бір жол – латын әліпбиіне көшу. Себебі, түбі бір түркі халқының ортақ дүниесі бұл. Рухани, ғылыми, мәдени, экономикалық қарым-қатынасты, тығыз байланысты нығайтып, жаңа технологиялар арқылы халықаралық ақпарат кеңістігіне енуге тиімді мүмкіндіктер ашылады. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» іргелі мақаласында жарияланған бұл мәселе басты жобалардың біріне айналып отыр.
Бұдан бір жарым ғасыр бұрын Шоқан Уәлиханов: «Халықтың кемеліне келіп, өркендеуі үшін, ең алдымен, азаттық пен білім керек» деген екен. Азаттыққа қолымыз жетті. Енді тәуелсіздік туын биік тұғырға асқақтатқан еліміздің бүгіні мен ертеңі, тынысы мен тіршілігі оның ең басты қазынасы – Қазақстан Республикасы азаматының біліміне, біліктілігіне тікелей байланысты болып отыр.
Халқымыз адалдық пен әділдікті көрсеткен мерейі үстем, ұрпағы ұлағатты жұрт болатыны сөзсіз. Тәуелсіз елдің ұланы әрі құрдасы ретінде мен де Қазақстанымның озық дамыған отыз елдің қатарына қосылуы үшін өз үлесімді қосуға күш салып келемін. Біз осынау сын кезеңде «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарған» ынтымақ-бірлігімізбен жұдырықтай жұмыла білсек, бүгінгі таңдағы бүкіл адамзаттың басты жауы – пандемияны да жеңетін боламыз.
Дидархан ҚҰРМАНҒАЗЫҰЛЫ