Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Ерлікке арналған ескерткіш

4 июня 2021 12:37 • 1 397 просмотров

«Бұл мүсін 1941-1945 жылдарда қаншама адамның өмірі үшін барын салған мейірбикелерге арналғанымен, пандемия кезінде қаһармандық көрсететкен медицина қызметкерлеріне, солардың қазіргі майдандағы ерлігіне құрмет іспеттес қойылған ескерткіш болды». Жеңіс саябағында ескерткіш тұрғызған белгілі меценат, ауыл шаруашылығы саласының ардагері Бек Жүсіпов осылай дейді.

Бек Зейнелұлы Қамысты ауданында тұрғанда көпшілікке жақсылық жасап танылған азамат. Алайда, онысын жыр етіп, мақтанған жан емес. Ол Бестөбе ауылын жиырма жылдай басқарған, сол кезеңде шалғайдағы шаруашылықтың жұмысын қалай дөңгеленткені әлі көптің есінде. 2008 жылы меценат туған жеріне 97 млн теңгеге су жаңа Мәдениет үйін салып берді. Ауыл ішінде Бек ағайдың тапсырысымен жасалған жиырма екі мүсін бар. Сол жұмыстардың бәрін кезінде жарияға жар салған жоқ. «Туған жеріне жаны ашымаса, көмектеспесе, ол адамды азамат деп санамаймын» дейді өзі.

Бек ағамыз 2013 жылы облыс орталығына көшіп келді. Зейнеткер болса да сол баяғы жұртқа жәрдемдессем деген әдеті қалмаған.

Әлдеқашан зейнеткерлікке шықса да Зейнелұлы әлі күнге дейін ескі ғадетінен жаңылмапты. Ана бір жылдары облыс әкімі А.Мұхамбетов «Көркейе бер, Қостанай!» акциясын жариялап, кәсіпкерлерді туған жерін түлетуге үндегенде күнделікті теледидар жаңалықтарын құр жібермейтін Бекең: «Мен де қаланың гүлденуіне өз үлесімді қосуым керек» деп ой түйген. Өзінше жоспар түзді. Түрлі жолдарын іздестірді. Көзтаныстарымен ақылдасты. Бірде құдасы – марқұм Жанділдә Мақановқа әлгі ойын айтып көрген. Қостанайдың қақ ортасынан қазақтың үш батырына ескерткіш қойсам дейді. Майдан даласында мерт болған медбикелердің мүсінін орнатсам деген ішкі ойын да бүгіп қала алмады. Жәкең екінші ұсынысын құп көрді. Расында да, ерлермен бірге иық теңестіріп, соғыс жылдарында ерлік көрсеткен әскери-медициналық қызметкерлерге неге бір ескерткіш орнатпасқа?! Ойлап отырса, Қазақстанда соғыс жылдары қаза тапқан жауынгерлерге көптеген ескерткіш орнатылған. Ал талай жаралы жауынгерді от пен оқтың ішінен аман алып шығып, емдеп жазған медицина мамандарына қойылған бір белгі жоқ.

Бұдан бірер жыл бұрын аймақ басшысы Архимед Мұхамбетов «Көркейе бер, Қостанай!» акциясын бастап, кәсіпкерлерді туған жерін түлетуге шақырған еді. Бек Зейнелұлы соған үлес қоссам деп бекінді. Әуелгі келген ой – Қостанай қаласының орталығында қазақтың үш батырына ескерткіш орнату. Жоспарын құдасы, сол кезде ішкі саясат басқармасының басшысы болған марқұм Жанділдә Мақановқа айтты. Тіпті ескерткіштің сұлбасын сыздырып та қойған еді. Бірақ, құдасымен кездесумен айтылған екінші идеясы жүзеге асты. Іске асқан сол идея – майдан даласында ерлік көрсеткен медбикелерге арналған мүсін.

Қарап тұрсаңыз, Қазақстанда соғыс жылдары мерт болған жауынгерлерге қойылған ескерткіш көп. Ал жаралы сарбаздарды от пен оқтың ішінен аман алып шыққан медицина мамандары құрметіне орнатылған бір белгі жоқ екен. Бек ағай осы турасында көптен ойлап жүрген. Жұбайы Орындық екеуі бір жылы Есентуки шипажайына барған еді. Сонда Жеңіс саябағынан медбике мүсінін көргені бар.

«Неткен ғажап туынды! Біздің елде де осындай бір ескерткіш тұрса несі айып?!» деп топшылаған сонда.

Бек Зейнелұлы ойын жүзеге асыру үшін Ақтөбе қаласындағы мүсіншілеріне хабарласты. Түрлі жобалар ұсынылды. Соңында қасында иті болғаны да дұрыс деген шешімді құптады. Болашақ ескерткішке қолайлы жер қарастырғанда жергілікті билік Жеңіс саябағынан орын ұсынды.

Былтыр Жеңіс мерекесі қарсаңында ескерткіштің салтанатты ашылуы болды. Әскери медбике мүсінінің жүзіне зер салып қарасаңыз, қазақ қызының кейпін жазбай танисыз. Майдан даласында қаншама аруларымыз ерліктің үлгісін көрсетті. Әйгілі Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова, Хиуаз Доспанова сынды батыр қыздарды бүгінгі ұрпақ жақсы біледі. Есімдері белгісіз қалған қаншама қыздар да болды сол соғыста. Бұл солардың рухына арналған белгі. Жиынтық образ Қазақстанда алғаш рет Қостанайда бой көтерді. Бір жағынан ескерткіш қойылған жерде соғыс жылдары әскери госпиталь болған. Сонда қаншама қыз-келіншектер ажалға ара тұрды. Тіпті, қазір шартарапты шарпыған жұқпалы дертке қарсы күресте білікті мамандармен қатар қарапайым медбикелердің бір сапта, тәулік бойы тікесінен тік тұрып қызмет етуін ерлік демей көріңіз! Олай болса, Бек Зейнелұлының бұл еңбегі қостанайлықтарға ерекше қымбат.

Ескерткішке ілінген тақтайшада «Барша Қазақ халқының атынан және Жүсіповтер мен Мақановтар отбасынан» деген сөздер бедерленген.

– Біз мұнда жиі келеміз. Кейде немерелерімізді ертіп аламыз. Адамның бойында Отанға деген сүйіспеншілік, жақсы көру ұғымы бала жастан қалыптасады. Ата-бабаларымыздың ерлікке толы өнегесі өскелең ұрпақ санасына өршіл мінез, ұлттық рух ұрығын сіңіреді, – дейді Бекең. Біз білетін Бек Зейнелұлы көп сөздің адамы емес. Бірақ, бұл жолы баяғының би-шешендеріндей әр айтқан сөзі кесек шықты. «Ақша – адамның ар-ұжданы емес, Ар-иба – иманнан! Отанға, туған жерге көрсеткен қызметің ғана адам баласының иманын көркем етеді. Кейінгі толқын алдында біз осыған жауаптымыз», – дейді Бекең. Азкем әңгімеден соң біз жөнімізге кеттік. Бек аға мүсінді баласындай мәпелеп қала берді. Иә, сөз бен істің дәнекеріне айналған Бектің белгісі – аз уақыттың ішінде көпшіліктің жиі келетін орынына айналғанына шүбә жоқ», – дейді қостанайлық зейнеткер Бек Жүсіпов.

Еңбектің еленгені абзал. Меценат зейнет жасына дейінгі төккен еңбегі үшін бірқатар орден, төсбелгілерді тағынған. Қалада бірегей ескерткіш орнатқан азаматтың кезекті ісі тағы бір марапатқа сұранып тұрғандай.

Бетті дайындаған Маржан АЛПЫС