Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева журналистердің біліктілігін арттыру үшін қандай шаралар жасалғанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Жасыратын несі бар, соңғы жылдары тек Қазақстанда ғана емес, көптеген әлем елдерінде кәсіби БАҚ шетте қалып қойды. Сұраныстың жоқтығы көзге ұрып тұрды, мұның себебін журналистердің өзі де жете түсіне алмады. Журналистер мамандығын тастап, басқа салаға кетуге мәжбүр болды – фриланс, пиар, блогер. Мен талай рет айттым және тағы да қайталаймын: кәсіби журналистика – таңдаулылардың, өз ісіне жанашыр, батыл және мықты адамдардың кәсібі. Және біз оған ең құрметті мамандықтардың бірі деген мәртебені қайтаруға міндеттіміз», — дейді Аида Балаева «Sputnik Қазақстан» порталына берген сұхбатында.
Ақпарат министрі бейінді факультет түлектерінің деңгейін көтеру, жұмыс істейтін кадрлардың біліктілігін арттыру және салалық, өңірлік журналистиканы дамыту сынды бірқатар шара жасалғанын атап өтті.
«Қазір пандемиядан туындаған кейбір қиындықтарға қарамастан, біз бейінді жоғары оқу орындарымен етене ынтымақтаса жұмыс істеп жатырмыз: студенттерге елдің үздік редакцияларында практикадан өтуге мүмкіндік береміз, отандық және Түркия, Ұлыбритания, Ресей сияқты шетелдік журналистиканың корифейлерімен семинар өткіземіз. Жыл басынан бері медицина, діни және экология журналистикасы бойынша үш оқыту курсы өткізіліп, елдің барлық өңірінен 4 мыңға жуық адам қамтылды. Бұл – болашақта кеңейтіліп, жетілдіретін ұзақ мерзімді жобалар», — деді ведомство басшысы.
Сонымен бірге, Аида Балаева журналистика факультеті түлектерінің жұмыспен қамтылуы мәселесі қалай шешілетінін айтты.
«Бұл мәселе ЖОО-лардың басшылық құрамымен және отандық БАҚ-пен кездесулерде талай рет көтеріліп, талқыланды. Тәжірибе мен пікір алмасу қорытындысы бойынша студенттерді өндірістік процеске көбірек тартып, практикалық дағдыларын дамыту қажет деген тоқтамға келдік. Медиа саласы мамандарын оқыту жөніндегі арнайы жоспар аясында отандық БАҚ-та тәжірибе мен тағдылымдама ұйымдастыру жоспарланып отыр. Аталған жұмыс мемлекеттік БАҚ және жоғары оқу орындарымен бірлесіп жүргізіледі. Оған қоса, жоғары оқу орындарымен бекітілген меморандум аясында студенттер арасында келешекте жұмысқа орналастыру мақсатында кәсіптік-бағдарлық жұмыс жүргізу қарастырылған. Біз тек осылай ғана түлектердің сұранысы мен ынта-ықыласын арттырамыз», — дейді Аида Балаева.
№2, Рубрика: Форум, Назв: Отанын сүйген өрендер
Қостанайда Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған мерекелік іс-шаралар аясында өткен «Тәуелсіздік тұлғалары» облыстық патриоттар форумының жеңімпаздары марапатталды. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күні ішкі саясат басқармасы ұйымдастырған марапаттау рәсіміне облыс әкімінің орынбасары Бақыт Есімова қатысып, 10 аталым бойынша жеңіске жеткен 15 адамға арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтарды табыс етті.
– Біз облыстың әр өңірінде әр салада еңбек ете жүріп Отанға деген сүйіс-пеншілігімен ерекшеленген, сондай-ақ өз мамандығы бойынша айтулы табысқа қол жеткізген елшіл азаматтарды көпшілікке үлгі ете білуіміз керек. Бүгінгі форумның мақсаты да – осы. Сіздер – өздеріңіздің адал еңбектеріңіз арқылы жоғарғы жетістіктерге
қол жеткізіп, ел тәуелсіздігінің нығаюына тамшыдай болса да үлес қосып жүрген нағыз патриот азаматсыздар, – деді Бақыт Есімова.
Форум жеңімпаздары білім, ғылым, медицина, спорт, азаматтық қорғаныс, мәдениет және өнер саласында еңбек етіп жүрген алдыңғы қатарлы мамандар арасынан таңдалып алынды.
Білім және ғылым саласындағы жетістіктері үшін құрметке бөленіп, мерейі үстем болған Қанат Есенғұлов Қостанай қаласындағы №19, №23 мектептерде математика пәнінен сабақ береді. Былтыр пандемияның пәрменімен балалар қашықтан оқуға көшкенде, жаңа жағдайға бейімделген оқу бағдарламасы бойынша мемлекеттік тележобаға қатысып, «Еларна» республикалық телеарнасы үшін 7 ай ішінде 37 бейнесабақ дайындаған.
Салтанатты жиында белгілі қостанайлық гроссмейстер, балалар және жасөс-пірімдер шахматынан ел құрамасының бас бапкері Петр Костенко «Спорт саласындағы жетістігі үшін» аталымы бойынша марапатталды. Шаршы тақта шебері биыл Ташкентте ерлер арасында өткен ФИДЕ чемпионатының қола жүлдесіне ие болған.
– Патриотизм деген ұғым – ең алдымен, әр адамның өз туған жеріне деген сүйіспеншілігі деп ойлаймын. Жұмыс бабымен көбіне сыртта жүрсем де, Қостанайды үнемі сағынып тұрамын. Еліміздің астанасы Нұр-Сұлтан да мен үшін ерекше ыстық қала. Менің спорт саласындағы ең басты жетістігім әлі алда деп ойлаймын. Өзім жаттықтырып жүрген жас шахматшылардың ішінде болашағынан үлкен үміт күттіретін дарынды балалар көп. Басты міндет – шәкірттерімнің шеберлігін шыңдап, халықаралық жарыстарға дайындау. Келешекте олардың арасынан әлемдік турнирлерде жеңіс тұғырынан көрініп жүрген Жансая Әбдімәлік сияқты шебер шахматшылар шығатынына сенемін, – деді Петр Костенко.
«Денсаулық сақтау саласындағы жетістіктері үшін» аталымы бойынша үздік атанған Қайрат Бегенов Қостанай облыстық ауруханасының жүрек-қан тамырлары бөлімінде кардиохирург болып жұмыс істейді.
– 2008 жылы елордамыздағы медицина академиясын тәмамдап, үш жылдай Көкшетауда, одан кейін Нұр-Сұлтан қаласында бес жылдай жұмыс істедім. 2016 жылдан бері Қостанайға келіп, жүрек ауруы бар науқастарға ота жасап, олардың өмірін ұзартуға септігімді тигізіп келемін. Мысалы, бізде жүрегі ауыратын науқастарға жасалатын аортокоронарлық ұштастыру деген операция бар. Әдетте қалыпты жағдайда ота жасағанда біз төсті кесеміз. Төсті кескен соң, науқастың отадан кейін қалпына келуі, оңалу мерзімі ұзағырақ болады. Кем дегенде үш ай кетеді. Ал енді ота жасаудың біз енгізген жаңа әдісі бойынша, төсті кеспей, қабырға аралығынан өтіп, жүрек тамырларын тігіп жатырмыз. Мұны енді науқастардың бәріне бірдей жасай береміз деп айтуға болмайды. Өйткені мұндай ота түрін көтере алмайтын науқастар бар. Қостанайда төсті тілмей жүрекке ота жасауды енгізгенімізге біраз уақыт болып қалды. Білуімше, мұндай күрделі отаны еліміз бойынша әрі кетсе 4-5 клиникада ғана жасайды, – деді Қайрат Бегенов.
Марапаттау рәсімінде Бақыт Есімова мәдениет және өнер саласында жетістікке жеткен Руслан Бушинскийге, «Еңбектегі жетістігі үшін» аталымы бойынша Күлай Мұха-меджанова мен Владимир Бондаренкоға, «Тарихи-мәдени мұраны сақтауға қосқан үлесі үшін» аталымының жеңімпазы Батырлан Сағынтаевқа, «Туған жерге көмек көрсеткені үшін» аталымы бойынша Гүлсара Жаманқұлова сынды үздіктерге арнайы сый-сияпат тарту етті.
Іс-шараны ұйымдастырушылардың айтуынша, биыл санитарлық талапқа байланысты марапаттау рәсіміне жеңімпаздардың біразы шақырылмай қалыпты. Шалғай аудандарда тұратын таңдаулыларды жергілікті аудан әкімдері марапаттайтын болады.