Қостанайлық күйші Назымбек Молдахметовпен Құрманғазы атындағы мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрінде қызмет етіп жүрген кезімде таныстым. Оркестрдің кезекті өнер сапары 2004–2005 жылдары Қостанай өңірінде өткен. Бір топ өнерпаз Назекеңмен сағына көрісіп, мәз-мейрам күй кешкен. Кешке қонақасы беріліп, соңы күй кешіне ұласты. Алғаш рет күй шерткенін осы кеште тыңдадым. Бір күйді екіншісіне ұзатпай жалғап, ерекше шабытпен төгілтіп тартты. Күйшінің тегеурінді дыбысы мен адуын екпіні есте қалды.
Араға уақыт салып Қостанайда қазақ халық аспаптары оркестрі ашылды. Назекең дирижерлік қызметке кірісті. Бұл кезде мен де дирижерлік өнерге бет бұрып, студент болдым. Оркестрмен тәжірибе жұмысы екеумізде қатар өрбіді. Ара-тұра Алматыға (Құрманғазы оркестрі, консерватория) біліктілік көтеру жұмысымен келіп тұрды. Бұрыннан таныс болмасақ та, аға мен іні арасындағы ізет-ілтипаттан жаңылмадық. Ағалық қамқорлық пен рухани жақындық сезілетін. Бірде оркестрге қажет музыка құралын іздеп, қаладағы дүкендерді ұзақ аралағанымыз есімде. Одан кейінгі уақытта телефонмен тілдесіп, оркестрге керек ноталарды сұратып жүрді. Жаңа ашылған оркестрдің аспап, концерт киімі, әсіресе, репертуар мәселесінен мұқтаждығы болатыны белгілі. Қолымнан келгенінше көмек етіп, бірнеше партитура көшірмесін (Алматыдағы қарындасы Інжу арқылы) Қостанайға жөнелтіп отырдым.
Келесі әңгімеміз Назекең филармония директоры болғаннан кейін жалғасты. Облыстың мәдени өңіріне жаңа тыныс, тосын жаңалық әкелмек болып, біршама шараларды қолға алды. Соның бірі Қостанайда республикалық дирижерлер форумын өткізуі еді. Алдағы уақытта Е. Өмірзақов атындағы Қостанай облыстық филармониясының қазақ халық аспаптары оркестріне шақырып, концерт сапарымен келуімді жоспарлап отырғанын айтқан. «Бұйырса барармыз, әуелі дирижер ағалардың кезегі» деп, әзілдесіп қоштастық. Мұның бәрі іскер басшы, ұйымдастырушы, өнер жанашыры ретінде еңбек еткеніне айғақ бола алады. Әйтсе де, бүгінгі әңгіме оның дарынды музыкант, дәулескер күйшілігі турасында болмақ. Оған себеп – қолға кештеу түскен Назекең тартқан тоғыз күйдің аудио жазбасы.
Кезінде консерваторияда бірге оқыған, студент дәуреннің қиындығы мен қызығын қатар көрген, Назымбек күйшінің жақын досы Сәрсенғали Жүзбаев –Қазақ радиосында күй туралы бірнеше бағдарламаның автор-жүргізушісі. Тағы бір жолыққанда досының асығыстығына қарамай, Назекеңді радиоға шақырып, арнайы хабар жасаған. Осы сапарда «Алтын қорға» күйшінің тартуында тоғыз күй жазып алады. 2007 жылы 21 желтоқсан күні аталған радио-сұхбат «Тоғыз перне» хабарында эфирге шығады. Хабарда өнерпаздың шығармашылық ғұмырбаяны тарқатылып, күйшінің тартуында бес күй берілген. Олар: Құрманғазының күйі «Қайран, шешем» мен «Байжұма», Динаның күйі «Бұлбұл» мен «Жігер» және Дәулеткерейдің «Қаражан ханым» күйлері. Бұдан өзге жаздырған төрт күй: халық күйі «Ел айырылған», Құрманғазының «Терісқақпай», Қазанғаптың «Жұртта қалған» және Айтқали Жайымовтың «Әзіл күйі». Енді Назымбек күйшінің шеберлігі мен тартқан күйлеріне тоқталайық.
Ілгеріде дәулескер күйші Сағын Жалмышевпен етене араласып, күйді күйтабақтан құймақұлақ дәстүрімен тыңдап тартуды әдет қылған Назымбек консерваторияда оқып жүргенде осы бағыттан әсте айнымаған. Ғалым-ұстаз, профессор Тымат Мерғалиев жазып алған күйшілік өнердің байырғы өкілдерінің аудиожазбасын тыңдап, жадына тоқыған. Т. Мерғалиевтен бөлек Сәдуақас Балмағамбетов, Кенжебек Күмісбеков, Мәлгеждар Әубәкіров, Қаршыға Ахмедияров, Айтқали Жайымов пен басқа да айтулы күйшілерден қосымша сабақ алады. Күйшіні өзгелерден ерекшелейтін басты қасиеті күйді тыңдап үйренуі еді. Әрбір күйдің сарынынан байырғы дәстүрдің тіні, бұрнағы күйшілерге тән
ортақ сипат сезіледі. Шығармашылық қиялына да ерік беріп, кей тұста әуен мен қағысты құбылта тартуды жөн көреді. Өмірде дауыс көтермей биязы сөйлейтін күйшінің ішкі тегеуріні алапат. Қағысы салмақты бола тұра, жылдам ойналатын буында мүдірмей, желдірте тартатын виртуоз күйші. Кей тұста оң қолын еркін тастап, көсіп-көсіп алатын ерекшелігі де күйге сән береді. Қалай десек те, ежелгі күйшілік дәстүрді бойына сіңіріп, оны бүгінге жалғаған аз күйшілердің санатындағы өнерпаз болғанына көз жетті.
Хабар барысында Дина мен Оқап, Қали мен Сағын тартқан күйлер жанына жақын екенін, күйлердің бір парасын күйтабақтан алса, енді бірін консерваторияның фонотекасынан тыңдағанын айтқан. Осы дәстүрді берік ұстанған күйшілердің осалы жоқ. Назымбектің биік деңгейдегі зият күйші екендігі, күй тарту мәнерінің көңілге қонғаны, дәулескер дәстүрді мүлтіксіз сақтағаны ақиқат. Күйдің бірінен соң бірін тыңдап, құмарым қанбады. Содан кейінгі түйген ойым, «әттеген-ай…» дегізген өкінішім болды. Оның оркестр жетекшісі, филармония директоры қызметінің көлеңкесінде қалған күйшілік дарынын уақытында бағалай алмағанымыз, аудиожазбасы 2007 жылы таспаға түссе де, одан кейінгі уақытта жарық көрген «Қазақтың дәстүрлі 1000 күйі» (Алматы, 2009), «Аманат: Қазақ күйлерінің антологиясы» (Нұр-Сұлтан, 2020) жинағына енбей қалғаны қынжылтады. Насихаттауға тұрарлық өнер деп білемін. Назымбек консерваториядан бастап кез келген оқу орнында жас күйшілерге тәлім берсе, түрлі фестиваль мен конкурстың төрінде отырса, сахнада күй тартып, бейнесі телехабарда көрінсе – жарасатын-ақ тұлға!
Өмірден мезгілсіз өтсе де, соңындағы қалған аудиожазба музыка мәдениетіндегі құнды мұра болып қалды. Күйшілік өнерді мұрат тұтқан жас өренге Назымбек Молдахметов тартқан күйлерді жиі тыңдауды ұсынамын. Орындаушылық өнер тарихындағы есімі келешекте ескерусіз қалмаса деген тілегім бар.
Мүсілім ӘМЗЕ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР мемлекеттік академиялық симфония оркестрінің және Н. Тілендиев атындағы мемлекеттік академиялық фольклорлы-этнографиялық «Отырар сазы» оркестрінің дирижері