Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Санаққа сақадай сай

11 июня 2021 10:19 • 911 просмотров

Биыл елімізде ұлттық халық санағы өтеді. Бұл жолғы санақ екі кезеңнен тұрады. Алғашқысы дайындық есебінде жүргізілмек. Одан кейін негізгі санақ басталады. 1-30 маусым аралығында интервьюерлер ауыл шаруашылығы және халық саны туралы ақпаратты нақтылау үшін әрбір елді мекенді аралайды.

Бұл туралы өңірлік коммуникация қызметінің брифингінде Қостанай облысы бойынша Ұлттық статистика бюросы департаментінің басшысы Айбек Ғалымжанов жанжақты айтып берді.

– Интервьюерлер әр көшені, үй-үйді аралайтын болады. Олар үйдегі адамдардың санын, тұрып жатқан үйі бұзуға жата ма, жоқ па және т.б. мәселелерді сұрап біледі. Яғни, алғашқыда мекенжай, тұрғындар саны және үйдің жағдайы анықталады. Осылайша, қалалық және ауылдық елді мекендердің аумақтарын нұсқаушы есеп учаскелеріне бөле отырып, екінші кезең үшін база құрылады. 1 қыркүйектен 30 қазанға дейін негізгі ұлттық халық санағы өткізіледі, – деді Айбек Ғалымжанов. – Оны онлайн режимде Интернет желісін пайдалана отырып, өзін-өзі толтыру әдісімен және офлайн режимде планшеттер арқылы сұрау әдісімен жүргізу жоспарланып жатыр. Екі жағдайда да азаматтар өздері үшін және үй шаруашылығының барлық мүшелері үшін санақ парақтарының сұрақтарына жауап бере алады.

Интернет-сауалнама мамандандырылған сайтта 1 қыркүйектен 15 қазанға дейін жүргізіледі. Санақ парағының сұрақтарын толтыру бойынша кеңестер қарастырылған. Онлайн-режимде санақтан өту үшін ЖСН, жеке куәлік нөмірін, телефон нөмірін және

электрондық пошта мекенжайын көрсете отырып, сайтта тіркелу қажет. Белсендіру коды осы мекен-жайға жіберіледі.

– Облыстың барлық тұрғыны өздерінің жас шектеулеріне байланысты онлайн-сауалнамадан өте алмайтыны түсінікті. Егер адам онлайн-сауалнамадан өтпеген болса, кез келген жағдайда біз оған кіріп, санақ парақтарын толтырамыз. Егер адам онлайн режимінде тестілеуден өтсе, ол туралы келген сұхбат берушіге айту керек. Сондай-ақ, барлық тұрғындар (тұрақты немесе уақытша, сондай-ақ ҚР басқа азаматтары) сауалнамадан өтті ме деген сияқты тексеру және нақтылау жүргізіледі, – дейді спикер.

Санақ парақтарында 87 сұрақ – тұрғын үй жағдайлары бойынша 67 негізгі және 20 нақтылау сұрақтары бар. Деректер ұялы байланыс операторының қорғалған желісі арқылы планшеттен орталық серверге жіберіледі. Ұялы байланыс желісі нашар шалғай аудандарда мемлекеттік органдардың бірыңғай көлік жүйесі – ауылдық округтердің әкімдіктері арқылы берілетін болады. Интервьюердің санақ жүргізу кезінде өзімен бірге арнайы куәлігі, ұлттық халық санағының логотипі бар көк түсті арнайы портфелі және планшеті болуға тиіс. Ол сондай-ақ климаттық жағдайларға негізделген арнайы шарф тағуы тиіс.

– Халыққа сауалнама жүргізу үшін 1 303 планшет бөлінеді, олар санақ жүргізілгеннен кейін мектептерге, ауруханаларға және жергілікті атқарушы органдарға беріледі, – деп хабарлады департамент директоры. – Санақ кезеңінде уақытша санақ қызметкерлері тартылады.

Яғни, 18 жастан асқан, бастамашыл, жауапты және коммуникабельді, ДК жұмыс істеу дағдысы бар ҚР азаматтары қабылданады. Жоғары білім мен жұмыс тәжірибесінің болуы міндетті емес. Бірінші кезеңде интервьюердің орташа жалақысы 84 000 теңге. Жүктеме – 1 200 нысан. Екінші кезеңде бір интервьюер 104 000 теңге көлемінде жалақы алу үшін 833 объектіге баруы керек. Үшінші ұлттық халық санағы «әрбірі маңызды!» ұраны аясында өтпек. Бұған дейін ҚР-да халық санағы 1999 және 2009 жылдары жүргізілген болатын.