Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Өнідірс ауқымы кеңейді

17 июня 2021 14:00 • 867 просмотров

Қостанай облысында 6 мың жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін жалпы құны 1,5 трлн теңге тұратын 42 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Мысалы, былтыр Қарабалық ауданындағы құс фабрикасын қайта жандандыру жұмыстары басталды. Ал облыс орталығындағы машина жасау зауыты өндіріс ауқымын кеңейтіп, биыл ғана іске қосылған жаңа желіден соңғы үлгідегі КIA автокөліктерін құрастыра бастады.


20 мың тонна құс еті өндіріледі

Өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы қатар дамыған Қостанай облысында биыл бірқатар ауқымды жоба қолға алынды. Мәселен, былтыр облыс басшылығы Қарабалық ауданында біраздан бері тұралап тұрған «Комсомол» құс фабрикасын қайта жаңғырту туралы шешім қабылдаған. Осылайша маңызды жобаны жергілікті Poultry-Agro жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүзеге асыра бастаған. Жылына 20 мың тоннаға дейін құс етін өндіретін кәсіпорын іске қосылса, Қарабалықтың маңайындағы елді мекендерде тұрып жатқан 260 адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ.

14 мамырда Қарабалық ауданына жұмыс сапарымен барған аймақ басшысы Архимед Мұхамбетов аудан орталығындағы құс сою пунктіне арнайы ат басын бұрып, мұндағы күрделі жөндеу жұмыстарының барысымен танысты. Қазір ғимаратты жөндеу, қайта жабдықтау жұмыстары қызу жүріп жатыр. Құрылыс басында 82 адам еңбек етуде. Бүгінге дейін құс сою пунктінің шатыры толықтай жаңартылып, ғимараттың сыртқы жөндеу жұмыстары аяқталған. Цех ішіндегі алып тоңазытқыштар қайта жөнделіп, құс соятын және ет бөлшектейтін цехтардағы желдеткіш жүйесінің жұмысы жөнге келтірілген.

Құс фабрикасының бас ғимараты – Қарабалықтың іргесіндегі Гурьянов ауылында. Мұндағы 11 құс қораның шатыры алмастырылып, ғимараттың сыртына жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қоралардың ішіндегі құс ұстайтын орындардың құрылғыларын жөндеп, қалпына келтіру жұмыстары да еңсеріліп қалған.

Poultry-Agro жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Қайрат Маишевтің айтуынша, күрделі жөндеу жұмыстары аяқталған соң, бірден құс фабрикасы да іске қосылады. Биыл 5 мың тонна бройлер етін өндіру көзделіп отыр. Алдағы жылы өндіріс көлемі 12,5 мың тоннаға дейін артады. Ал 2023 жылға қарай кәсіпорын толық өндірістік күшіне енген соң жылына 20 мың тоннадан аса құс етін өндіреді.

Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін әкелетін инвестициялық жобаның жалпы құны 5,6 млрд теңге болады. Қомақты қаржының көлденең көк аттыға жем болмай, тиімді жұмсалуын сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті қамтамасыз етеді. Жемқорлыққа қарсы қызмет пен Poultry-Agro серіктестігі Protecting Business and Investments жобасы аясында өзара ынтымақтастық орнатып, осындай ұйғарымға келіп отыр.

– Өзара әріптестік шеңберінде біз бизнес өкілдеріне түрлі бюрократиялық кедергілердің, мемлекеттік органдар тарапынан жасалуы мүмкін жөнсіз тексерістер мен тосын тосқауылдардың болмауын қадағалаймыз. Ал кәсіпкерге жемқорлық тәуекелдерінің пайда болуына себеп болатын жағдайларды туындатпай, заң шеңберінде ғана жұмыс істеп, өз бизнесін адал жүргізу міндеті жүктеледі. Біздің басты мақсатымыз – бизнеске қолайлы жағдай жасау және қандай да бір сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жол бермеу, – деді сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Қуаныш Бекбасов.

КІА автокөлігіне сұраныс жоғары

Облыста автокөлік құрастыру өндірісінің даму қарқыны ерекше екенін айта кеткен жөн. Мәселен, биыл наурыз айында «Сарыарқаавтопром» серіктестігі өзбекстандық әріптестерімен бірлесе отырып Chevrolet автокөліктерін шығаратын өндіріс орнын ашты. Мұның сыртында «АгромашХолдинг KZ» АҚ-да ауылшаруашылық техникаларының бөлшектерін шығаратын локализациялық орталықтың құрылысы жүріп жатыр. Облыстағы машина құрылысының үлесі бүгінде 50 пайызға жуықтаған. Ал машина құрастыру өндірісі жыл басынан бері бір жарым есеге дейін ұлғайды. Аймақта алдағы жылы КамАЗ жүк көліктеріне арналған жетекші белдемелер шығаратын шойын зауытын ашу жоспарланып отыр. Бұлардың бәрі – экспорт бағытындағы жобалар. Өнімнің 90 пайызы Ресейдің «КамАЗ» зауытына жіберілетін болады.

Сонымен қатар Қостанайдағы индустриялық аймақта құны шамамен 80 млрд теңге болатын жаңа шойын құю зауытының құрылысы жүріп жатыр. Таяуда ғана Қостанайға жұмыс сапарымен келген «КамАЗ» ЖАҚ бас директорының бірінші орынбасары Юрий Герасимов облыс әкімімен кездесті. Одан кейін индустриялық аймаққа барып, бірлескен жобаның жүзеге асырылу барысымен танысты.

– Біз Қостанайдағы KamLitKZ зауыты мен жетекші белдеме зауытының іске қосылуын асыға күтіп отырмыз. Қазір бірлескен жоба кезең-кезеңімен уақтылы жүзеге асырылып жатыр. Ең бастысы, бұл зауыттарда жұмыс істейтін болашақ мамандар даярлау мәселесін қатар қолға алып отырмыз. Машина құрастыру саласының мамандары бізге аса қажет. Біз КамАЗ көліктерін шығаратын болсақ, колледж сол көлікті құрастыратын мамандарды даярлайтын болады. Қазір колледжде 300-ге жуық студент білім алып жатыр. Өз жатақханасы бар. Оның құрылысына 1 млрд 300 млн теңге бағытталып отыр. Яғни жан-жақты қолдау көрсетіліп жатыр. Мен бүгінгі колледж студенттерінің бір-екі жылдан соң жаңа зауытқа жұмысқа орналасып, одан әрі кәсіпорынның білікті маманы болып шығатынына сенім білдіремін, – деді «КамАЗ» ЖАҚ бас директорының орынбасары.

Қостанайда жаңа салынып жатқан KamLitKZ шойын зауыты мен құрылысының бірінші кезеңі биыл қазан айында аяқталады. Зауыт 2023 жылы түбегейлі салынып бітеді деп жоспарланып отыр. Құны 80 млрд теңге болатын ауқымды жоба іске қосылса, мұнда 300-ден астам жаңа жұмыс орны пайда болмақ.

Биыл Қостанайда KIA және Renault автомобильдерін құрастыратын жаңа желі іске қосылып, ұзын саны 18 дилерлік орталық ашылды. Бүгінде Қостанайда, сондай-ақ Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент шаһарларында дилерлік орталықтар жұмыс істеп жатыр. Осылайша Sorento, Sportage, Rio кроссоверлері секілді әлемге әйгілі брендтер Тобыл өңірінде өндіріліп, саудаға шығып үлгерді. Қазірдің өзінде облыс орталығында осында құрастырылған он шақты КІА Sorento маркалы кроссоверлері жүр. Қостанайлық Тельман Исаев соңғы үлгідегі «ақылды» көліктің бірін таяуда ғана сатып алыпты.

– Жаңа көлігімді таяуда ғана сатып алдым. Қостанайда құрастырылған. Мініп жүргеніме екі апта өтті. Көлігімнің жүрісі жеңіл, іші кең, жеті орындығы бар. Бұл көлік нағыз отбасына арналған. Өзімнің екі балам бар, алдағы айда еңбек демалысына шықсам, әйел, бала-шағамды мінгізіп алып, Тарбағатай тауларына барып, тынығып қайтуды жоспарлап отырмын. Әсіресе, темір тұлпарымның дизайны ерекше. Өте «ақылды» машина. Алдыңнан кездескен кедергіні байқамай қалсаң, тежегіш автоматты түрде іске қосылады. Көшедегі қарсы бағыттарды бөліп тұратын ақ жолақты аңдамай басып кетсең, көлік өздігінен бағытын түзеп жолақтың ортасына түседі. Тоқ етерін айтқанда, қолайлы әрі сенімді кроссовер, – деді жаңа көліктің иесі.

Қазақстан АвтоБизнес қауымдастығының мәліметінше, 1 мамырға дейін ішкі нарықта Қостанайда құрастырылған 1 030 КІА көлігі сатылып кеткен.