Қазір ауылдық жерлерде кез келген кәсіп түрін дөңгелентуге болады. Ол үшін мемлекет барлық жағдайды жасап отыр. Тек, қолыңнан іс келетінін дәлелдесең болғаны. Жерлестеріңе қамқор қолыңды соз. Сонда ғана алыс-беріс көбейеді, бизнес дамиды.
Осыны жете түсінген меңдіқаралық Агван Огаджанян аудан орталығынан ет сататын дүкен ашқан. Боровской кентінде ет сататын дүкен жоқтың қасы. Сондықтан болар, «Мясной» дүкенінің ашылуына дүйім жұрт жиналыпты. Араларында аудан басшылары да бар. Жұртшылыққа есігін айқара ашқан сауда нүктесінде іздеген жанға еттің түр-түрі табылады. Қой, сиыр, жылқы еті дейсіз бе, сөрелерде самсап тұр. Құс пен балық өнімдері де бар. Жалпы, өнім ассортименті көз қуантады – жұмсақ, сүйегінен сылып алынған ет, жіліктер, майлы сүбе, фарш, жартылай дайын өнімдер және тағы басқа еттен жасалған тағамдар сөре сәнін кіргізіп-ақ тұр.
– Ет бағасы тұрғындар үшін қолжетімді. Сатып алушылардың саны күн сайын артып келеді. Біз алдағы уақытта етті жергілікті тұрғындардан сатып алуды жоспарлап отырмыз. Ол үшін бізде қажетті жабдықтар бар, – дейді дүкен иесі Агван Огаджанян.
Кәсіпкер дүкен ашарда аудан тұрғындарының өтінішіне құлақ асқан. Бұрын-соңды кентте ет және ет өнімдерін сататын сауда орыны жоқ еді дейді ол. Сондықтан, сұраныстың артуы заңды. Тұрғындар енді ет іздеп алысқа сабылмайтын болды. Іздегенін лезде тауып ала қояды. Әсіресе, қонақ келгенде қысылмайды. Бағасы да қаладағыдан әлдеқайда арзан.
– Мен өзім ет дүкенінің ашылуын асыға күттім. Сауда нүктесі ыңғайлы жерде орналасқан. Келімді-кетімді кісінің қарасы көп. Өйткені, өнім сапалы, мен сияқты тұтынушылардың қалтасына жеңіл, – дейді Боровской кентінің тұрғыны Қарлығаш Сүлейменова.
Тұрғындардың бәрі жаңа сойылған малдың етін іздейді. Еттің семізін таңдайды. Дүкен сатушысы Ольга Пасишниченконың өзі келушілерге ет өнімдерін таңдауға кеңесін аямай, бірге зыр қағып жүр. Кәсіпкер Агван Огаджанян дүкенді өз қаражаты есебінен ашқан. Бұрын бос тұрған ғимаратты жөндеп,тоңазытқыш, ет тартқыш тәрізді қажетті құрал-жабдық сатып алу үшін ол 15 миллион теңге жұмсаған. Әзірге, кәсіпкер екі адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Алдағы уақытта кәсібін одан әрі дамытуды жоспарлап отыр.