Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Кемеңгер арманы – кемел ел

2 июля 2021 15:34 • 1 034 просмотров

Адамзат дамуында әр халықтың өз арнасы бар. Бұл арнаның қаншалықты маңызды, бағалы болмағы елдің ұстанар жолын белгілейтін, халықтың көздер бағытын айқындайтын біртуар тұлғаларының ой кеңістігінен өрістеп жатпақ. Бұл орайда қазақ халқының өзгеге кетер есесі жоқ. Өйткені даналық болмысы жағынан әлемдегі ой алыптарының қай-қайсысымен де иық теңестіре, тарих төрінен орын алған данышпан Абайы бар.

Абай ілімі тек кешегі тарих­тың еншісінде қалатын қазақ ойы­­ның өткінші өркендеу кезеңі бо­лып қалуға тиіс емес, бүгіннің ұм­тылар мақсат-межесі, ертең­нің бағындырған биігі болмағы аб­зал. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақ­­стан» атты мақаласында айтылған: «Толық адам» концепциясы, шын­­дап келгенде, өміріміздің кез кел­ген саласының, мемлекетті басқару мен білім жүйесінің, бизнес пен отбасы институттарының негізгі тұғырына айналуы керек», деген ойы бүгінгі елдің Абай армандаған қазақ баласын қалыптастыру жолындағы алға ұстанар бағдарын белгілеп тұр.

Қалың елді өркениет төріне жетелер кемел тұлға – болмысына «ыстық қайрат», «нұрлы ақыл», «жылы жүрек» бекем орныққан толық адам қалыптасу үшін не істемек керек? Хакім Абайға жүгінсек, «Адам ата-анадан туғанда есті болмайды: естіп, көріп, ұстап, татып ескерсе, дүниедегі жақсы-жаманды таниды-дағы, сондайдан білгені, көргені көп болған адам білімді болады. Естілердің айтқан сөздерін ескеріп жүрген кісі өзі де есті болады. Әрбір естілік жеке өзі іске жарамайды. Сол естілерден естіп, білген жақсы нәрселерді ескерсе, жаман дегеннен сақтанса, сонда іске жарайды, сонда адам десе болады». Демек, адам баласының қандай болмағы тәрбиеден екен. Ата-ананың тәрбиесі ғана емес, әр адамның өзін өзі қалай тәрбиелеуінде екен. Бүгінгі уақыт үшін аса қажетті, аса маңызды ой. Ойланып қаласың. «Осы біз өз ұрпағымызды, сонымен бірге өзімізді өзіміз қалай тәрбиелеп жүрміз? Тәрбиелеп жүрміз бе?.. Тәрбие жөнін Абайдан іздесек, қандай жол көрер едік?».

«Адам баласының ең жаманы – талапсыз…» дейді ғұлама. Демек, ең керегі талап екен. Ұр­пағыңды, өзіңді білімді, ойлы, қарекетшіл адамға айналдыруға талаптану, талпыну екен. Ұлы Абайдың бұл ойы – дәл осы күннің өзекті мәселесі. Өйткені жаһанды жайлаған бүгінгі адам баласы заманға лайық білім-ғылымға ұмтылмаса, үйренген ғылымын іске жарату жолын ойланбаса, ойланып тапқан жолын игілікке айналдыру үшін әрекеттенбесе, адамзаттың даму қарқынына ілесе алмай, ескі жұртта аңырып қала бермек. Сіз бен бізге бұл керек пе? Керек болмаса, ұрпағымыздың, өзіміздің бойымызға уақыт үдесінен табылатын білімге, ғылымға, еңбекке талаптану мінезін сіңірмек жөн.

Алайда талаптану көз қызы­ғып, көңіл сүйсінген әр нәрсенің соңынан жүгіре беру болмаса керек. Ондай қылықтың соңы ештеңеге қол жетпей, уақытты зая кетіру болып шығары анық. Уақыттан ұтылып, өкініп отыр­мас үшін әуелі бойдағы қабі­летті танып, соған сәйкес ізде­ну, еңбектену жемісті биікке жет­кізбек. Сан саладан жиылып келіп, бір арнада тоғысқан әр адамның жетістігінен тұтастай қоғамның игілігі құралмақ. Демек, әр адам алға ұмтылып, талаптанған сайын, миллиондарды біріктірген қоғам да ілгерілей бермек.

Ал талаптанудағы мақсат не? Данышпан Абай ол мақсатты да айқын көрсетеді:

Сен де – бір кірпіш дүниеге,

Кетігін тап та, бар, қалан! – дейді.

Демек, Абай үміт еткен әр қа­зақ баласының парызы туған елге адал ниетпен қызмет ету бол­мағы ләзім. Өйткені әр адам­ның мінезінен, ой-ниетінен, іс-әрекетінен, мақсат-мүддесінен қо­ғамның жолы айқындалады. Қо­ғамның жолы дегеніміз – бүгінгі сіз бен біз өмір сүріп жатқан Қазақ елінің жолы. Сондықтан да Қазақ елінің өркендеп, кемелденуін ойлаған әр азамат өзін дамытуға, кемелдендіруге ұмтылғаны абзал. Кемелденудегі мақсат – ұлтқа қызмет ету. Ал кемелденудің бір көрінісі – арлы болу, ел ісіне адал болу, қара бастың қамынан халықтық мақсат-мұратты жоғары қою. Адамзаттық даналық биігін бағындырған қазақ кемеңгерінің:

«Пайда ойлама, ар ойла,

Талап қыл артық білуге!» – деп, білімді ар-ұятпен ұштастыруды ұлағат етуінің сыры осында.

Ұлы тұлғаны өзіне ұстаз тұт­қан Алаш ардақтысы Ахмет Бай­тұрсынұлы: «Абайды қазақ баласы тегіс танып, тегіс білуге тиіс», – дегенде, оның көздегені де ха­кім Абайдың мақсат-мұратын та­ну, Абайдың өнеге еткен өріс­ті жо­лын ұстану болғаны хақ. Ақын­­­ның өзі де «Ғылым таппай мақ­танба» өлеңінде: «Мұны жазған кісінің Атын білме, сөзін біл!» – деп айтып өтетіні бар. Демек, халықтың абыз болмысты перзенті өзінің атын шығаруды емес, ойлы сөзі арқылы қалың елі қазағын өркенді жолға бастау­ды мақсат еткені анық. Ал Абай межелеген мақсатты сіз бен біз ұстана алдық па? Бойымыздағы Абай сынаған кемшіліктерден ары­ла алдық па?

Өз тұсындағы тірлік көрі­ніс­теріне зер сала отырып, көңіліне алаң кіретін ойшыл ақынның:

…Қазақтың өзге жұрттан

сөзі ұзын,

Бірінен бірі шапшаң,

ұқпас сөзін.

Көздің жасы,

жүректің қаныменен

Ерітуге болмайды

іште мұзын.

 …Адасып, алаңдама жол

таба алмай,

Берірек түзу жолға шық,

қамалмай.

Не ғылым жоқ

немесе еңбек те жоқ,

Ең болмаса кеттің ғой

мал баға алмай, –

деп, жұрт тірлігіне реніш білдіруі, қапалана налуы жайдан-жай бол­мағаны және түсінікті.

Кемеңгер ақынның алаңы – елдің жайы, елдің бүгінгі халі, ертеңгі орны. Ақын тамыры ортақ болса да, бір-бірімен ұғыса алмай, сөз қуаласып жүрген жұртының келер күніне алаңдайды. Тұтаса жұмылып, ырзық-берекелі жол­ға түсудің орнына, бірін-бірі түрт­пектеп, етектен тартып, кежегесі кейін кеткен халқының келешегін уайымдайды. Бірақ түпсіз қайғыға бой алдырып, сарыуайымға салынбайды. Елді өркендетер жол ғылым-білім мен еңбек екендігін тағы да ойға салады.

Ұлы ақынды алаңдатқан жағ­дай әлі де маңызды, әлі де өзекті. Демек, біздің ойлануымыз керек-ау, ойланып қана қоймай, Абай үлгі еткен өркендеу жолына тү­суі­міз керек-ау. Бұл жол елдің да­­муына септігі тиетін ғылым жо­­лы, елдің дәулеті артуына үлес қо­­са­тын еңбек жолы екені анық. Ен­деше, не кедергі?

Кедергі – кезінде ақын Абай­дың жанына тыншу бермеген алауыздық, аяқтан шалған бақталастық, ауызбіршіліктің жоқтығы, күпілдек мақтан­гөй­лік, дақпырт қуған даңғой­лық, парықсыз паңдық, көреалмау­шылық сияқты келеңсіз мінез­дер. Мінездегі мінді бүгін тү­зеп, адасқан ойды бүгін оңға бағыт­тамасақ, жетер жеріміз қайсы? Бұл сұрақтың жауабын да данышпан сөзінен табамыз:

Ел бұзылса, табады шайтан

өрнек,

Періште төменшіктеп,

қайғы жемек.

Өзімнің иттігімнен

болды демей,

Жеңді ғой деп шайтанға

болар көмек.

Сырттансынбақ, қусынбақ,

өршілденбек,

Сыбырменен топ жасап

бөлек-бөлек.

Арамдықпен бар ма екен

жаннан аспақ,

Өзімен өзі бір күн болмай ма

әлек?

Ақын айтар ақыл біреу: топ-топқа бөлініп, ел бұзылмау керек. Ел бұзылса, халық қамын ойлаған жақсының жолы жабылып, бар қайраты әрісі әулетінен аспай жүрген пысықтардың жолы оңғарылмақ. Ондай халге жеткен елде «бас-басына би болған өңкей қиқым» өз дәрібін асырған азғантай ғана тобының қамын күйттеп, ынтымақ-бірлікке шақырған аяулының алдын орап, аяғынан шалып, ақырында тұтас елден береке қашпақ.

Елге берекенің құтаюы әр адам­ның мінез-құлқынан, пиғыл-ниетінен, тірлік-қарекетінен бас­талмақ. Берекесіздіктің бел алуы да солай. Түптеп келгенде, ортақ өмірдің қандай болмағы сол қо­ғамдағы әр адамға қатысты. Әр адам өз қоғамы үшін жауапты. Абай сөзімен айтқанда, «Адам баласын заман өсіреді, кімде-кім жаман болса, замандасының бәрі виноват». Демек, заманның қандай болмағы қоғамына, қоғамның қандай болмағы адамына байланысты екен. Ал ел жүгін иығына артып, ел мерейін биіктетер аза­матқа айналу үшін адам баласы қан­дай болмақ керек? Оның жауабын да Абай ойынан табамыз:

…Осыны оқып, ойлай бер,

болсаң зерек,

Еңбекті сат,

ар сатып неге керек?

Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті:

Ыстық қайрат, нұрлы ақыл,

жылы жүрек.

Хакім айтқан үш қасиеттің си­патына ойлана қарасақ, қай-қай­сысына да сәулелі жылылық тән еке­нін байқаймыз. Бұл жайт адам баласының бір-бірімен қарым-қатынасында адамгершілік, ізгі­лік, таза ниеттілік жатуы қажет­тігін аңғартады. Сананы жетелер ақыл-ой адам баласына деген ізгі ниетке негізделіп, жұмсалар қайрат жақсылық жолына бағыт­талып, жүрек жылуы бір-бірімізді бауыр тартуға арналып жатса, айнала дүние күн шуағына бө­ленгендей өмірге жақындай бере­ріңді ұғасың. Абыз болмысты ақын айтқан қасиеттерге парасат көзімен үңіліп, бойымызға сіңіре білсек, қалың елі, қазағының қа­мын ойлап, ертеңіне алаң болып өткен данышпан Абай арманының орындалуына, тамшыдай болса да, үлес қосқан болар едік. Ол үшін бірінші кезекте керегі – бір атаның баласындай жұмылып, ел мен жерге қызмет ету, ел бірлігін мақсат тұту. Осынау мақсат жолында:

Біріңді, қазақ, бірің дос

Көрмесең, істің бәрі бос,

– деген кемеңгер сөзі елдікті мұ­рат еткен әр азаматтың өмірлік Темір­қазығына айналса, бірлік жолы берекелі биіктерге жеткізері шүбәсіз.

Сөзіне адамзат ұйыған ұлы Абай ұлағатын ұлықтап, Абай жолын бағдар еткен елдің кемелдік биігіне қол жеткізіп, өркениет төрінен орын алары анық.

Аманжол ӘЛТАЙ, Филология ғылымдарының докторы